Ғалымдар қатерлі ісікті ішінен жеп жоятын бактерияларды сынақтан өткізіп жатыр

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: Wikimedia

University of Waterloo зерттеушілері қатерлі ісікке қарсы тың тәсіл ұсынды. Арнайы өзгертілген бактерияларды пайдалану. Ғылыми топ ісіктің ішіне еніп, оны ішінен бұза алатын микроағзаларды жетілдірген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әдістің негізінде оттегісіз ортада тіршілік ететін бактериялардың табиғи қасиеті жатыр. Қатты ісіктердің ортасында оттегі жетіспейді, сондықтан мұндай орта кейбір микробтарға қолайлы.

Зерттеуде топырақта кездесетін Clostridium sporogenes бактериясы қолданылған. Ол тек толық оттегісіз жағдайда өмір сүре алады. Ісіктің ішкі бөлігінде оттегі болмағандықтан, бактерия сол жерде көбейіп, қатерлі жасушаларды жоя бастайды.

Алайда мәселе туындаған: бактерия ісіктің шетіне жеткенде, аз мөлшердегі оттегінің өзі оны өлтіреді. Соның салдарынан ісікті толық жою мүмкін болмай қалған. Мұны шешу үшін ғалымдар бактерияға оттегіне төзімді туыстас микробтың генін енгізген. Нәтижесінде өзгертілген штамм ісіктің шекарасында да ұзақ өмір сүре алады.

Бірақ тағы бір қауіп бар: егер бұл төзімділік тым ерте іске қосылса, бактерия қан ағымында көбейіп кетуі мүмкін. Мұны болдырмау үшін зерттеушілер кворум-сенсинг деп аталатын табиғи бактериалды «байланыс» жүйесін қолданған. Бұл жүйе химиялық сигналдарға негізделген: бактериялар ісік ішінде жеткілікті мөлшерде жиналған кезде ғана төзімділік гені іске қосылады. Яғни қорғаныс механизмі тек қажетті сәтте белсенді болады.

Бұған дейінгі тәжірибелерде ғалымдар жүйенің дұрыс жұмыс істейтінін дәлелдеу үшін бактерияларды жасыл флуоресцентті ақуыз өндіруге «бағдарламалаған». Белгі беретін жүйе қажетті концентрацияға жеткенде ғана іске қосылған.

Зерттеу авторларының бірі, қолданбалы математика профессоры Брайан Ингаллстың айтуынша, синтетикалық биологияның көмегімен ДНҚ фрагменттерінен «электр тізбегіне» ұқсас басқарылатын жүйе жасалған.

Келесі кезең – оттегіге төзімділік гені мен кворум-сенсинг жүйесін бір бактерияда біріктіріп, оны ісікке қарсы доклиникалық сынақтарда тексеру.

Ғалымдар бұл әдіс болашақта ісікті дәстүрлі химиотерапиямен қатар немесе оған балама ретінде қолданылуы мүмкін екенін айтады. Алайда зерттеу әзірге зертханалық деңгейде, сондықтан клиникалық қолдануға дейін әлі уақыт қажет.

Тэгтер:

қатерлі ісік бактерия