Ұлытау облысының прокуратурасы мемлекет кірісіне қаражат өндіруге қатысты атқарушылық құжаттардың орындалу барысын талдау жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талдау барысында сот орындаушыларының өндірісінде мемлекет пайдасына өндіруге жататын жалпы сомасы 2,1 млрд теңгені құрайтын 3 678 атқарушылық құжаттың бар екені анықталды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкерлердің мүлкіне, оның ішінде ақша қаражаттарына, бағалы қағаздарына тыйым салу, сондай-ақ мәжбүрлеп орындатудың өзге де шараларын қолдану көзделген.
Алайда бірқатар жағдайларда аталған қамтамасыз ету шаралары толық көлемде қабылданбағаны анықталды, бұл сот актілерінің уақтылы орындалуына кері әсерін тигізген.
Прокурорлық қадағалау шеңберінде мемлекет кірісіне едәуір сомаларды өндіруге қатысты атқарушылық іс жүргізулер анықталып, борышкерлердің атына тіркелген мүлікке қатысты шектеу шараларының уақытылы қолданылмағаны белгілі болды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша борышкерлерге тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүлікке заңда көзделген шектеу шаралары, оның ішінде автокөлік құралдарын пайдалануға шектеулер енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 150 млн теңге өндіріліп, облыс бюджетіне түсуі қамтамасыз етілді.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.