Өскемендегі №19 жалпы білім беретін мектепте елдік пен ерліктің мәнін ұқтырған тағылымды кездесу өтті. Шығыс өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Таулы Қарабақ қақтығысының ардагері, отставкадағы полковник Айдар Оразбаев оқушыларға ерлік сабағын өткізіп, өмірлік тәжірибесін бөлісті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуге, сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, интернационалист жауынгер Александр Долгов қатысты. Мектеп оқушылары дайындаған әсерлі концерттік бағдарлама кештің мазмұнын аша түсті. Ән мен жырдан өрілген қойылымдарда елге деген сүйіспеншілік, бейбіт өмірдің қадірі айқын сезілді.
Жиын барысында ұстаздар ауған соғысы жылдарындағы елеусіз қалған ерліктер туралы баяндап, батырлықтың кейде үнсіз жасалатынын, бірақ оның ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.
Айдар Оразбаев өз сөзінде әскери қызметтің тек қару ұстау емес, ең алдымен тәртіп пен табандылық мектебі екенін жеткізді. Оның әңгімесінен Отан алдындағы адалдық, сертке беріктік, жауынгерлік достықтың қадірі айқын аңғарылды.
– Жас ұрпақ – елдің ертеңі. Олардың жүрегіне отансүйгіштік дәнін себу – біздің парызымыз. Тәуелсіздіктің тұғырын берік ұстайтын да – осы бүгінгі мектеп оқушылары, – деді ардагер тебіреніспен.
Александр Долгов та ауған даласында шыңдалған жауынгерлік рух, достық пен бауырмалдық жайында айтып, бейбіт өмірдің бағасын білудің маңызын атап өтті.
Кездесу соңында жасөспірімдер ардагерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, естелік суретке түсті. Әсіресе, болашақта әскери жолды таңдауды мақсат еткен бозбалалар үшін бұл жүздесу жігер мен сенім сыйлағаны анық.
Айта кетейік, 1987 жылы іргесі қаланған білім ордасында әскери-патриоттық тәрбие жүйелі түрде жүргізіледі. Бүгінде 130-дан астам оқушы «Алаш» әскери-патриоттық бірлестігінде шынығып, ел қорғау идеясын жүрегіне сіңіріп келеді.
Мұндай ерлік сабақтары – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Өйткені тарих тағылымы мен аға буын аманаты жас жүректерде жаңғырып тұрғанда, елдің еңсесі биік, рухы асқақ болмақ.