Бұл күн қиын-қыстау кезеңдегі қазақ халқының кең пейілін еске салады – Шерзод Пулатов

Бүгін, 10:30 / Інжу Әлихан

Бүгін 1 наурыз – Алғыс айту күнінде қазақстандықтар бір-біріне алғысын қарша боратып, жылы лебізін білдіріп жатыр. Әсіресе, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері бұл ерекше күнде қиын-қыстау кезеңде жанашырлық танытып, достық пен бауырмалдықтың үлгісін көрсеткен қазақ халқына ризашылығын білдіріп, тілек жолдауда. Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов та Алғыс айту күнінде қазақ халқына айрықша ризашылығын жеткізді. 

Шерзодтың айуынша, Алғыс айту күні – тек мереке емес, ол қазақ халқының адамгершілік дәстүрі, өзара сыйластық пен ризашылық мәдениетінің айқын көрінісі.

«Қазақстандағы Алғыс айту күні бірқатар тарихи оқиғаларға және ата-бабаларымыздың терең даналығына негізделеді. Қазақ халқында өте дәл әрі дана нақыл сөз бар: «Адамға алғыс айтпаған, Құдайға шүкіршілік етпейді». Яғни, адам адамға алғыс айта білмесе, Жаратушыға шынайы шүкір ете алмайды. Абай Құнанбайұлы да өзінің «Қара сөздерінде» мейірім, алғыс айту және адамдарға жақсылық жасау адамгершіліктің негізі екенін атап өткен. Бұл сөздерде үлкен өнегелік мән жатыр: бір-бірімізге бейбітшілік пен жақсылық үшін алғыс айту, өзара құрмет пен қолдау көрсету – үйлесімді қоғамның іргетасы.

Қазақстандағы Алғыс айту күні – жай ғана күнтізбедегі дата емес, тарихи жады мен өзара құрметтің маңызды қоғамдық символы. Ол бізге әр жылдары елімізден пана тауып, шаңырақ құрған миллиондаған адамның тағдырын және қиын кезеңдерде кең пейіл танытқан қазақ халқының адамгершілігін еске салады.

Қазақстандағы Алғыс айту күні дәл осы құндылықтар туралы: ризашылық мәдениеті, өзара сыйластық пен адам қадірі. Біз бір-бірімізге бейбіт өмір үшін, мейірім үшін, түсіністік пен қолдау үшін алғыс айтамыз. Еліміздегі барлық этностың татулықта өмір сүріп, бірлікті қадірлеп, Қазақстанның болашағын бірге құрып жатқаны үшін ризашылығымызды білдіреміз», – дейді ол.

Оның айтуынша, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – басты құндылық.

«Қазақстандағы қоғамдық келісімнің үлгісі – тек мемлекеттік саясат емес, бұл күнделікті адамдардың, ақсақалдар кеңестерінің, аналар кеңестерінің, медиация саласындағы мамандардың, сондай-ақ жастар мен этномәдени бірлестіктердің бірлескен еңбегі. Алғыс айту осы жұмыстың адамгершілік іргетасына айналып, көптүрліліктегі бірлік рухын қалыптастырады.

Осы күні ерекше алғыс сөздерімізді еңбек адамдарына арнағымыз келеді. Жұмысшылар, мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар, диқандар, көлік жүргізушілер, коммуналдық қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер – адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген барлық жан құрмет пен ризашылыққа лайық. Олардың күнделікті еңбегі қоғамның игілігін нығайтып, Қазақстанның болашағын бекемдейді.

Сөзімнің соңында барша қазақстандықты, Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Жүрегімізде әрдайым шынайы «рахмет» айтуға орын болсын! Елімізде бейбітшілік пен келісім басты құндылық болып қала берсін! Өзара құрмет бізді одан әрі нығайтсын! Баршаңызға зор денсаулық, амандық және ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуін тілеймін», – дейді Ш. Пулатов.