Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың штабында жеке жаттықтырушысы Алексей Урманов пен ұлттық құрама бапкері Әсем Қасановадан бөлек, тағы бір білікті маман жұмыс істейді. Былтырдан бері массаж жасаушы маман Жанарай Таужанованы Михаил қатысқан әр жарыста мұз айдынының қасында бақылап тұратынын жиі байқап жүрміз. Миланда өткен Олимпиадада да Михаил өнер көрсетіп болған соң көз жасына ерік беріп, атой салған видеосы желіде кеңінен таралды. Осы ретте Миланнан енді оралған Жанарай апаймен аз-кем сөйлесіп, әңгімеге тартқан едік.
– Жанарай апай, сіз Михаил Шайдоровпен қай уақыттан бері жұмыс істейсіз? Сіздің міндетіңізге нақты не кіреді?
– Мен Михаил Шайдоровпен былтыр Италияның Турин қаласында өткен Универсиада кезінде таныстым. Сол кезде ел атынан сынға түскен барлық мәнерлеп сырғанаушыға мені массаж жасаушы маман ретінде бекіткен еді. Сол кезде Миша және тағы басқа спортшылармен таныстым. Содан соң Мишада маусым басталған кезде мені оның жеке массаж жасаушысы етіп тағайындайды. Осылайша, мен мамыр айынан бері онымен етене жұмыс істеп келемін. Күні-түні деп айтсам да болады, себебі әр жаттығу кезінде, әр жарысында қасында боламын. Менің негізгі міндетім – қиын да күрделі жаттығу жұмысынан соң спортшыны қалпына келтіру, сылап, сипап, дене қалыбын бір қалыпта ұстау. Жаттығу кезінде жарақат алу қаупі жоғары ғой. Сондықтан оның әр жаттығуына қатысамын. Әлбетте, жарақат алудың бетін әрі қылсын. Мен мұның алдын алу үшін жаттығу кезінде мұз айдынының қасында тұрамын.
– Біз Михаилды сыртынан салмақты, байсалды әрі ақкөңіл спортшы ретінде танимыз. Ал өмірде ол қандай адам?
– Өмірде де өте ақкөңіл, өте мейірімді бала. Мен Мишаны Димаш Құдайбергенге ұқсатамын. Ол да Димаш секілді кішіпейіл, кез келген адамға іші тартып, жылы шырай танытып тұрады. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Сондай керемет жан. Әзілқойлығы және бар. Мишаның «Димаштың мына әнін 4-5 жыл бұрын естіген кезде, Олимпиадаға барсам, осы әнмен өнер көрсетемін» деп ниет қылдым» дегенін естігенде бөркімді аспанға лақтырып, оны қатты құшақтап алғаным бар. Мишаны жақсы танитын көп адам оны мен секілді Димашқа ұқсатады. Расында, екеуінің ұқсастығы өте көп деп ойлаймын. Екеуінің адамгершілік қасиеттері бір төбе, еліміздің нағыз патриоты екенін бәрі айтпаса да біледі. Кейде қарасаң, қазіргі жастар үлкен-кішілерге қатты сөз айтып, оларды ренжітіп жатады ғой. Көңіліне қарамай сөйлейді. Миша тіпті де ондай емес. Ерекше айта кетерлігі, Миша – өте еңбекқор. Күні-түні дамыл таппай, еңбектенеді. Жастар бүгінде жеке өміріне көңіл бөліп, соны паш етіп жүреді ғой. Ал Мишада жеке өмірге де уақыт жоқ. Кейде аналық мейіріммег қарап отырып, оған жаным да ашып кетеді. Оның тынымсыз жаттығып, шаршағанын көрген кезде, «Бала бір демалса екен» деген ой келеді. Әрине, оны ешкімге айтпайсың ғой. Ол әр жаттығуын беріліп істейді, айрықша көңіл бөледі. Бәзбіреулер кейде жаттығудың ортасынан кетіп қалып жатады ғой. Ал Миша жаттығудан бірде-бір рет қалған емес. Жаттығу десе, ішер асын жерге қояды. Сондай кезде «Жас қой! Уақыт тауып, жеке өміріне де көңіл бөлсе екен» деп ойлап қоямын. Мишаның қандай еңбекқор екенін сипаттауға сөз жетпейді. Сол еңбекқорлығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Қазақстанда 32 жыл болмаған алтын жүлдені иеленді. Құдайға шүкір, қасында жүргендіктен, мен мұны мақтанышпен айта аламын.
– Сіз Михаилмен ғана жұмыс істейсіз бе? Әлде Софья Самоделкинаға да көмектесесіз бе?
– Жоқ, тек Мишамен жұмыс істеймін. Бірақ осы Олимпиадада Михаилға да, Софьяға көмектестім. Ал былайынша тек Мишаға ғана көмектесемін.
– Бір видеода Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен сөйлесіп тұрған сәтіңізде «Рахмет, алты-
ным. Өзім бармын ба, жоқпын ба, біліп тұрған жоқпын» деп ағынан жарылып, тарихи жетістіктің тіркелгеніне сенбей тұрғаныңызды естідік. Осы орайда Михаилдың айтулы жеңісінен кейінгі эмоцияңызды тағы бір рет сипаттап берсеңіз.
– Қазір өткендегідей емес, эмоциям сәл басылды. Десе де, әлеуметтік желіден қазақстандықтардың Миша туралы ақжарма тілек, жылы лебіз жазып жатқандарын оқысам болғаны, көзіме бірден жас келеді. Миша жайында жыламай айта алмаймын (көңілі босап). Қазір де көңілім босап отыр. Қуанышымды әлі де жасыра алмаймын. Көкірегіме ерекше бір мақтаныш сезімі ұялап, көз жасымды тия алмай қаламын. Алтын бала алтын медаль алып келді. Осы ретте, Мишаның ата-анасы туралы да айта кетейін. Әкесі Станислав – өте қарапайым адам. Анасы Лариса да – сондай керемет жан. Жақсы танимын, етене араласамыз. Екеуі де аңқылдақ әрі ақкөңіл. Балаларына жақсы тәрбие беріп, бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сынды адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіртіп, өсірген. Мишаның еңбекқорлығы мен талапшылдығы, содан соң ата-анасының зор қолдауы оны Олимпиаданың алтын жүлдесіне жетелеп алып келді.
– Сөз соңында өзіңіз туралы айта аз-кем отырсаңыз. Алматыда тұрасыз ба? Бұл салада қанша жыл жұмыс істейсіз?
– Иә, Алматыда тұрамын. Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығында жұмыс істеймін. Сол орталықта, жалпы осы салада жұмыс істеп жүргеніме 16 жыл болды. Біздің жұмысымыз көбіне көрінбей қалады. Десе де, орталығымыздың әлемдік аренада ел намысын қорғап жүрген спортшыларды баптауда үлкен үлес қосып жүр деп мақтанышпен айта аламын. Біздің мамандар атлеттерге, соның ішінде Мишаға көп қолдау көрсетті. Менің әріптесім Амангүл Абылайқызы – Мишаның денсаулығын кішкентай күнінен қадағалап, ақыл-кеңесін аямай беріп жүрген білікті маман. Біздің орталықта жұмыс істейтін тағы бір мықты маман Ирина Мюллер Мишаның жеке дәрігері болып тағайындалды. Ол да Мишаның денсаулығын күтіп ұстауына баса назар аударып, дәрі-дәрмектерін беріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Сондықтан орталық басшысы мен мамандарының Мишаның дайындық жұмысына өзіндік үлесін қосты деп айта аламын.
Біздің мамандар Мишаға спорттық тағамдар мен дәрі-дәрмектер уақытылы беріп отырды. Медициналық тексеруден де уақытылы өтіп жүрді. Осы ретте, орталығымыздағы білігі мен білімі мол мамандарға да алғысымды айтқым келеді. Сонымен қатар сөз соңында біздің Үкіметке де ризашылығымды білдірсем деймін. Миша жаттығуларын еш кедергісіз жасады. Жарыстарға бардық. Үкіметтің қолдауының арқасында бізге «Халық аренада» жаттығуға мүмкіндік берілді. Мишаның қасында бір жыл жүргендіктен бәрін біліп, көріп отырдық. Сол үшін Мишаға айрықша қолдау көрсеткен Үкіметке, содан соң жарыс аяқталғанына екі апта өтсе де, әлі күнге дейін ақжарма тілегін қарша боратып жатқан қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ