Қазақстанда жасалмаған

Бүгін, 15:45 / Ділда УӘЛИБЕК

Шетел тауарына «Қазақстанда жасалған» деп белгі қойып, отандық өнім өндіруші атанып келгендер бұдан былай жұмыс істей алмайды. 

Яғни, қағаз жүзінде ғана «отандық өнім» болу енді жеткіліксіз. Егер өндіріс базасы, технологиялық операциялар, өңдеу деңгейі расталмаса, компания мемлекеттің қолдауына ие бола алмайды. Мұның барлығы биыл 1 қаңтарда іске қосылған отандық тауар өндірушілер реестрі арқылы реттелмек. 

Жалған өнімді жарылқау жоқ

Жыл басында Қазақстанда тауар өндіретін кәсіпкерлердің реестр платформасы жұмысын бастады. Нақтырақ айтқанда, бұл реестр – шын өнім өндіріп жүргендер мен «отандық өнім» деген белгіні тек миллиардтар айналып жататын мемлекеттік сатып алуға жолдама ретінде пайдаланып келгендердің аражігін ажыра­тып беретін сүзгі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жолдаған сұрағымызға берген жауабында реестр отандық бизнес рет­телетін сатып алуға қатысу мен мемлекет қолдауын алу үшін қажет міндетті цифр­лық платформаға айналатынын, бұған бизнес орта отандық өндірісті қолдаудың жаңа кезеңі деп баға бергенін айтты.

– Іске қосылған қазақстандық тауар өндірушілердің реестрі бизнес ортада қызу талқыланып жатыр. Бір тарап оны мемле­кеттік сатып алуларды «тазалау» құралы десе, енді бірі өндірісті жүйелі қолдаудың жаңа кезеңі деп бағалайды.  Бұл – отандық бизнестің реттелетін сатып алуларға және мемлекет қолдауына қол жеткізуі үшін міндетті құралға айналатын цифрлық платформа, – деп мәлімдеді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Яғни, егер компания Қазақстанда шын өнім өндіретінін дәлелдей алмаса, реестрге енгізілмейді. Бұл – ең бірінші және басты талап. Алайда мәселе тек тізімге кірмеумен ғана шектелмейді, сонымен қатар реестрге кірмеген компания реттелетін сатып алуларда отандық өндіруші деп таныл­майды; отандық өнімге берілетін басым­дықтарды пайдалана алмайды; белгілі бір жағдайларда өндірісті қолдау шараларын ала алмайды, ұзақ мерзімде келісімшарт жасаса алмайды.

– Яғни, қағаз жүзінде ғана «отандық» болып саналудың өзі енді жеткіліксіз. Егер өндірістік база, технологиялық опера­ция­лар, өңдеу деңгейі расталмаса, ком­пания мемлекеттік қолдау саясатының бенефи­циары бола алмайды. Бұл қадам отандық өндірісті қолдау саясатының сапасын тү­бег­ейлі өзгертеді. Бұрын кей жағдайда құжат жүзінде ғана өндіруші болып кө­рінген субъектілер де қолдау алып кел­ген. Енді қолдау нақты өндіріс жүргізетін кәсіпорындарға бағытталады, – деп түсін­дірді министрлік.

Реестрге кіргің келсе, раста

Сонымен, басты талап – өнімнің Қазақстан аумағында нақты өндірілгенін дәлелдеу. Тексеру барысында компаниялар өндіріс қуатын, құрал-жабдықтарын, технологиялық операцияларын,  локализа­ция деңгейін, цифрлық верификация нәтижелерін растайтын деректер беруі қажет.

– Негізгі өлшем – өнімнің қасиетін өзгертетін нақты өндірістік процесс бар ма, жоқ па анықтау. Бұл шикізатты өңдеу, бөлшектерді дайындау, дәнекерлеу, ме-
х­аникалық немесе химиялық өңдеу сияқты операциялар болуға тиіс. Егер кәсіпорын тек дайын өнімді қаптаумен немесе им­порт­талған жиынтықтарды формалды жинақтаумен айналысса, мұндай қызмет отандық өндіріс деп танылмайды, – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.

Бірінші нәтижелерге қарасақ, тетік расымен де темірдей тәртіппен жұмыс істейтін сияқты: 5,5 мыңнан астам өтініш кері қайтарылған, тек 978 субъект өнім өндіретінін дәлелдей алған. 

– Бүгінде реестр аясында 6 787 компания тіркеліп, 978 субъект тексерістен өтіп, өздерінің қазақстандық тауар өндіруші екенін растады.  Ал 5,5 мыңнан астам өтінім өтінімдерді қарау барысында кері қайтарылған. Бұл шамамен 670 ком­пания өндірістің бар екенін растай алма­ған. Негізгі себептер – өндірістік қуаттың болмауы, технологиялық опера­циялардың расталмауы, локализация бойынша сенімді деректердің жоқ екені, цифрлық тексе­рістің нәтижесі төмен болуы, – дейді министрлік.

Айта кететін бір жайт – министрлік реестрге кіре алмағандар нақты сол олқылықтарын түзесе, қайтадан өтінім жібере алатынын айтады. Сондай-ақ бұл бастама ішкі өндірісті дамытуға сеп болып, әділ бәсекеге жол ашып, қосылған құн салығы ел ішінде қалыптасуына мүмкіндік береді деп түсіндірді.

«Мемлекеттік сатып алуларда нақты өндірісі бар компаниялар ғана префе­ренция алады. Бұл бюджет қаражатының импорттық өнімді жанама қолдауға емес, ішкі өндірісті дамытуға жұмсалуын қам­тамасыз етеді. Компаниялар мемлекеттік және реттелетін сатып алуларға қатысу үшін нақты өндірістік база құруға мүдделі болады. Бұл жаңа жабдық алуға, технология енгізуге, локализация деңгейін арттыруға итермелейді. Бұрын формалды «өндіру­шілер» шынайы өндіріс жүргізетін кәсіп­орындармен бірдей жағдайда бәсекеге түсе алатын. Енді талаптар барлығына бірдей, бірақ өлшем нақты: өндіріс фактісі. Бұл шағын және орта бизнес үшін де маңызды, себебі оларды әділетсіз демпингтен қор­ғайды. Өңдеуші өнеркәсіп, машина жасау, металл өңдеу, химия және құрылыс матер­иалдары өндірісі сияқты салаларда нақты технологиялық операциялар орындал­ғанда, қосылған құн Қазақстанда қалып­тасады. Бұл жұмыс орындарын сақтауға, салық түсімдерінің өсуіне, өң­деуші сектордың үлесін арттыруға ықпал етеді».

Тетік тежегішке айналмасын

16 қаңтарда Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттар мен Үкімет өкілдері арасында осы реестрге қатысты өткір пікірталас өрбіді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ресми есептерде цифрландыру мен «тазарту» науқаны ретінде сипатталатын бастама іс жүзінде өндіріс орындары үшін жаңа тосқауылға айналғанын айтты. Үкімет отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізімін жалған компанияларды нарықтан ығыстырып, мемлекеттік сатып алуда әділдік орнататын құрал ретінде ұсынғанымен, өңірлерден оралған депутаттардың айтуынша, шы-
н­айы ахуал әлдеқайда күрделі.
«Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашевтің мәлімдеуінше, аймақ­тардағы кәсіпорындар жаппай тіркеуден өте алмай отыр. Қаңтардың ортасына дейін өзі аралаған зауыттардың ішінен тек біреуі ғана жаңа жүйеге енген. Бұл дерек жүйенің техникалық дайындық деңгейі мен әкім­шілік рәсімдерінің шынайылығына күмән тудырады. Ол өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековке тікелей сауал қойды. Депутаттың сөзінше, отандық кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларға және қолдау шараларына жол ашуға тиіс реестрге тіркеле алмай отыр­ғанын айтып жаппай шағым түсірген.
Ескертуге сүйенсек, мәселе тек бағдар­ламадағы ақауларда емес. Цифрлық қосым­шадағы кідірістер, кері байланыстың болмауы, бұрыннан өндірісін растайтын сертификаты бар компаниялардың да жаңа сүзгіден өте алмауы сияқты мәселелер бар. Вице-министр бұған жүйе ойдағыдай жұмыс істеп тұр деп жауап берді. Ал депутат өңір аралап енді ғана келгенін, барлық кәсіпорында шағым көп екенін қайталап айтты.
Техникалық мәселелерден бөлек, депутат бағалау әдіснамасына да күмән кел­тірді. Оның айтуынша, экспортқа шығар­ылатын тауарлардағы жергілікті үлесті бағалау тәсілі түсініксіз. Егер есептеу формуласына адвалорлық үлес, яғни импорттық құрамдас бөліктер мен шикі­заттың құны кірмей, тек технологиялық операциялар тізбесіне қарай анықталса, бұл экономикалық мәнді бұрмалауы мүмкін.

– Егер адвалорлық үлесті алып таста­саңыздар, тек техникалық операциялар арқылы қалай бағалайсыздар? Бұл – екі түрлі ұғым. Әр құралдың өз мақсаты бар, – деді депутат.

Вице-министр Олжас Сапарбеков есептеу тәртібі өзгермегенін, барлық талаптар қолданыстағы нормаларға сәйкес сақталып отырғанын мәлімдеді. Кейбір сұрақтардың барын мойындағанымен, жергілікті қамту үлесін айқындау ережелері бұрынғыдай екенін айтты.
Яғни, отандық өнімді қолдау үшін енгізіліп жатқан мұндай цифрлық тетіктер дұрыс жұмыс істемесе, өндіріс орындары үшін бюрократиялық бөгетке айналуы мүмкін. Жүйе толық жетілмей тұрып, шынайы өндірушілер мәртебесін дәлелдей алмай, келісімшарттардан қағылып, тен­дерлерде ұтылып, мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін.

Кім кімді алдап жүр?

Шетелдің дайын өнімін отандық өнім деп көрсетіп, мемлекеттен қолдау алып келгендер бізде аз болмаған. Бұл – эконо­микамыздағы елеулі мәселенің бірі. Құры­лыс материалдарынан бастап фарма­цевтикаға дейінгі қаншама саланы осындай жалған өнім өндіретіндер жайлап алған. Ашық дереккөздерде тек 2023 жылғы ресми мәліметтер бар, сол жылы Бас про­куратура 206 рет тауардың шыққан жерін өзгерту фактісін анықтаған, осы бойынша 40-тан астам әкімшілік іс қозғалған екен. Көбіне жалған «өндірушілердің» ғимараты да, қызметкерлері де болмайды. Мысалы, Атырауда «өндіріс мекенжайы» Исатай мен Махамбет ескерткішінің жанында тіркелсе, Талдықорғанда кәдімгі монша көрсетілген. Ал Абай облысында СТ-KZ сертификаты бойынша құжаттарда өрескел сәйкессіздік анықталып, сертификаттың күші жой­ылып, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы жауапкершілікке тартылған. «Самұрық-Қазына» тобының сатып алуларын тексеру кезінде де көптеген тауардың СТ-KZ серти­фикаттары жоқ екені немесе олардың нақты өнімге сәйкес келмейтіні, ал техни­калық сипаттамаларда шетелдік өндіру­шілер тікелей көрсетілгені анықтал-
ған.
Депутаттар да мемлекеттік сатып алуларға жаппай дайын импорттық тауар­лар «жергілікті өнім» ретінде түсетінін айтып, мәселе көтеріп жатады. Олар мұн­дай «өнім өндіретіндер» Қазақстанда өнімін тек қаптап немесе қайта таңбалап, он және одан да көп жылға келісімшарттар жасасып, салық жеңілдіктеріне, «СҚ-Фар­мация» арқылы кепілдендірілген сатып алулар сияқты артықшылықтарға ие болатынын айтқан еді. Жоғары аудиторлық палата да мұны растаған, ал мұндай келісім­­шарттардың біразы әлі де күшін жоймаған. 
Мәселен, депутат Мұрат Әбенов кей кәсіпкерлер Қытайдан дайын өнім әкеліп, үстіне Made in Kazakhstan жапсырмасын жабыстырып, қымбат бағамен сататынын айтқан еді. 
Тағы бір мысал – OrdaMed ісі. Жақында Ұлттық қауіпсіздік қызметі медициналық жабдықты отандық өнім ретінде тір­кеген­дердің схемасын әшкереледі. Компания басшылығы 28 түрлі меди­циналық тех­никаны шетелден дайын күйінде әкеліп, жалған құжат жасап, ауруханаларға жеткіз­ген. Бюджетке келтірілген шығын – 4,5 млрд теңге. Үш топ-менеджер қамауға алынып, мүлік пен компания акциялары тәркіленген.

Мақсат Халық,    
экономист:

Экономикалық қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек

– Негізі, бұл реестр өте маңызды, өте қажет құрал. Ол бұрыннан керек еді. Бастама тек былтыр ғана көтерілді. Әрине, ештен кеш жақсы, бірақ менің ойымша, мұндай реестр әлдеқашан, кем дегенде он жыл бұрын жасалуға тиіс еді. Тәуелсіздік алғанымызға қанша жыл өтті. Осы уақыт аралығында біз қаншама өндірістен айырылдық, қанша отандық компания жабылды.
Ал мұндай реестр нақты қандай көмек береді? Егер біз өзімізде нақты не өндірілетінін, қандай қабілетіміз бен мүмкіндігіміз бар екенін, қандай тауар шығарып отырғанымызды толық білсек, тіпті түпкі өнім болмаса да, аралық өнімдердің ішінде нені өндіретінімізді анық түсінсек, онда сол өнімдердің импорт арқылы келуін шектеуге мүмкіндік болар еді. Оларға қатысты тарифтерді көтеріп, протекционистік саясат жүргізе алар едік.
Қазір әлем елдері дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Әлем баяғыда протекционистік саясатқа көшті. Мысалы, Дональд Трамп өзінің алдыңғы президенттік кезеңінде осындай саясат ұстанып, Қытаймен сауда соғысын бастады. Бүгінде де соған ұқсас саясат жүргізіп отыр.
Ресейге келсек, біз Еуразиялық экономикалық одақта болғанымызбен, олар бізге көптеген тауарын өткізеді, ал біздің тауарлардың өз нарығына кіруіне түрлі сылтаулармен шектеу қояды.
Сондықтан біз де ұлттық экономикалық қауіпсіздігімізді ойлауымыз керек. Отандық тауарларды қорғауға және олардың қорғалуына жағдай жасау қажет. Себебі осы арқылы біз инфляцияны ауыздықтай аламыз, экономиканы дамыта аламыз, теңгені нығайта аламыз. Негізгі жолдардың бірі – осы.
Сондықтан бұл бастаманың іске асқанына қуану керек, дегенмен экономист ретінде айтарым – мұндай қадам кемінде он жыл бұрын жасалуға тиіс еді.

Қорыта айтқанда, нарықтың көптен күткені де, нарыққа нағыз керегі де осы еді. Сарапшылар тіпті біраз уақытқа кеш бастап жатқанымызды айтады. Яғни, теориялық тұрғыдан, қажет бастама. Алайда кәсіпорындар жүйедегі техникалық қателіктерге шағымданған. Жауапты министрлік платформа қазір де қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, ақаулар болса, реттелетінін айтады.

Тэгтер:

отандық өнім реестр