Серік Тұрғынбекұлы: Мен туралы алғашқы пікірді Мұқағали жазып еді...

Бүгін, 15:15 / Túrkіstan IPW

Көктемнің алғашқы күні – 1 наурызда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы сексеннің сеңгіріне шығады. Бұл – әдебиетіміз бен руханиятымыз үшін де айтулы белес.
Серік Тұрғынбекұлы – қазақ поэзиясы мен драматургиясына сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгер. Ұлттық рух, тарихи жады, елдік мұрат тақырыптарын терең толғаған ақын.

Мерейтой қарсаңында Серік ағаның шаңырағында болып, сұхбаттасып қайтқан едік. 

– Аға, Сіздің жас кезіңізде Алма­тыда әдеби орта қыз-қыз қайнап жатты. Қалыптасқан ақын ретінде де сол Алатау бөктерінде жүріп танылдыңыз. Олай болса, әңгімені жастық шағыңыз өткен Алматы кезеңінен бастауға қалай қарайсыз?

– Ол да бір дәурен екен ғой. Өзің білесің, Кеңшілік екеуіміз бір ауылдың тумасымыз. Бала күнімізден тай-құлын­дай тебісіп өстік. Бір мектепте, бір клас­та оқыдық. Сол Кеңшілік досым Алматыға менен екі жыл бұрын жетіп алды. Мен мек­теп бітірген соң бір жағы анама қарай­лап, әрі «жұмыс істеп, ақша тапсам» деген оймен ауылда қалып қойдым. 
Кеңшілік маған Алматыда атақты ақын-жазушылармен бірге жүргенін айтып жиі хат жазатын. Әбіш, Мұқағали, Өтежандар туралы жазғанда, тіпті, қызық­тырып қояды. Содан менің де арманым Алматыға жету болды. Аудан­дық «Жаңа өмір» газетінде жұмыс істеп, жазу-сызуға төселіп қалған кезім. Бірақ уақыт өтіп болар емес. 
Ол кезде газет-журнал әр ауылға жетеді. Ақын-жазушылардың кітаптары да қолжетімді. Жаңағы Кеңшілік айтқан Әбіш, Мұқағали, Өтежандармен сол арқылы таныспыз. Әсіресе, Өтежан ақынның «Менің махаббатым» деген кітабымен дүрілдеп тұрған кезі. 
Өтекеңнің: 
«Дертіне дауа болмай сол ғашықтың,
Пойызбен жалғыз өзім жолға 
шықтым.
Түсімде суға барған сені көріп, 
Бір жағын шелегіңнің қолдасыппын», – деп басталатын өлеңдерін жатқа айтып, арқырап жүрген шағым. 
Кеңшілік әр хат сайын Алматыға ша­қыра­ды. Алматыға, Алматының ақын­дарына одан сайын ынтыға түсе­мін. Бүгінде ол хаттардың бәрі менде сақтаулы. Биыл досымның да сексен жылдығы ғой, жарияласам деген жоспа­рым бар.
Сөйтіп жүргенде бүгінгі Астана, сол кездегі Целиноград қаласында өлке ақын-жазушыларының жиыны өтетін болды. Оған Торғай өңірінен Сейіт Кенжеахметов, Таңатқан Сәтбаев үшеуі­міз қатыстық. Алматыдан Ғабит Мүсі-репов бастаған, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Зейнолла Қабдолов, Әнуар Әлімжанов қостаған мықтылар келді.
Ғабең «Есіл» қонақүйіне тоқтаған екен. Үшеуіміз сәлем бере бардық. Бір көргеннен байқағанымыз, Ғабит ағаның болмысынан Сәкен Сейфуллинге еліктеу аңғарылады. Үнемі таза киінеді, шашын майлап қояды. Бетін әрлеп, иіссуды молынан себеді екен. Бипаз, биязы, сал-серілік пен тектілікті бойына сіңірген жан.
Әдеттегідей, жиынымыз секцияларға бөлініп жұмыс істеді. Мен Ғали Орманов басқарған поэзия секциясына қосыл­дым. Зейнолла ағай әр секцияға арнайы кіріп: «Қандай талантты жастар бар екен?» деп сұрастырып жүреді. Біз сол жерде бұрқыратып өлең оқимыз. Ғали Орманов мені көрсетіп: «Мынау нағыз жүйрік болайын деп тұрған жігіт екен», – деп мақтады. Зекең: «Сенің Алматыға барып, сырттай бөлімде болса да білім алғаның дұрыс» деген кеңес берді. Бірақ сол жолы Алматыға баруға мүмкіндік бола қойған жоқ. 
«Сабақты ине сәтімен» деген рас екен. Менің бала күннен бірге өскен тағы бір кластас досым Кәдір Жүнісов деген аза­мат Алматыда Ауыл шаруашылығы институтында оқитын. Ол да ауылға әр келген сайын: «Серік, сенің орның – Алматы. Бір күні билет алып, өзім ертіп кетемін» дейтін. Көп ұзамай соның сәті келіп, екеуіміз Аманқарағай арқылы Алматыға аттандық. 
Бізді екінші Алматы вокзалынан Кеңшілік бастаған бірнеше жігіт күтіп алды. Кілең жерлестер. Анау да «менімен жүр», мынау да «менімен жүр» деп жатыр. Кеңшілік: «Серік менімен бірге кетеді. Бәрін реттеп қойғанмын», – деп кесіп айтты. Алматының думанды орта­сына осылай қосылдық қой.

– Жазушылар одағына алғаш барған кезіңіз есіңізде ме?

– Ой, ол кезде іздеген адамыңды одақ­тан табасың. Бұған дейін есіміне сыр­ты­нан таныс талай қаламгерді сол жерден көрдім. Кеңшілік бәрін таниды. Алған әсерім керемет! Жазушылар одағына алғаш барып тұрсам да, өзімді туған үйімде жүргендей еркін сезіндім. Алдымен Тұманбай Молдағалиевті іздедім. Ол жұмыс істейтін баспа одақ­тың ішінде екен. Табу қиын болған жоқ. Кабинетіне барып, сәлем бердік. Кеңші­лік мені «Мынау Серік деген ақын» деп таныстырды. Тұмағаң: «Ақын болса, өлең оқысын» деп жатыр. Қазір есімде жоқ, өлең оқыдым. Риза болды. 
Уақыт түске таяп қалған кез еді. Тұмағаң: «Түскі асты біздікінен ішейік» деп үйіне ертіп барды. Жазушылар ода­ғы­на жақын, кезінде Бейімбет Майлин тұрған үй екен. Осылай Тұмағаң алғаш­қы күннен туған ағамыздай болып кетті. 
Кейін басқа да ақын ағаларыммен танысып, жақсы араласып жүрдік. Мұқа­ғалиды күнде көреміз. Төлеген Айбер­генов те бауырмал жан еді. Бір кездес­кенімізде «Жұлдызға» шыққан бір-екі өлеңімді жатқа оқып, марқайтып таста­ғаны бар.

– Өзіңіз айтқандай, құрдасыңыз Кеңшілік Мырзабековтің де биыл сексен жылдығы. Досыңыз туралы айтарыңыз бар ма?

– Кеңшiлiк екеуімiздің өле-өлгенше жұбымыз жазылған жоқ. Мен Кеңшілік­пен тірісінде де таласқан адам емеспін. Ол әдебиетке келгеннен өз жолын тапқан ақын. Біздің алдымызда талай мықты ақындар болды ғой. Кейiнгi толқыннан да небір мықтылар шықты. Өз басым Кеңшiлiктi бәрiнен биiк қоя­мын. Жасындай жарқылдаған жырлары өлмес мұра. Сонысымен Кеңшілік – ғасырдан-ғасырға жалғасатын ақын. Оның өлеңдерiнiң құпия сырлары уақыт өткен сайын жаңа қырынан ашыла бередi. 
Ол барлық жанрда қаламды еркін сілтеді. Журналистикадағы еңбегі бір төбе. Аудармада да өзіндік қолтаң­басымен дараланды. Орыстың Евгений Евтушенкосын қазақша сөйлетті. Кең­шілік қай жанрға барса да, қай салаға қалам тартса да, замандастарынан оқ бойы озық тұрды.

– Аға, осы жерде замандас ақын­дар жайлы да айта кетсеңіз.

 – Біздің замандастарымыздың біреуі де осал емес, шетінен шымыр шыққан ақындар болды. Кеңшілік, Тынышбай, Жарасқан, Жұматай, Шөмішбай, Бақыт­керей – қай-қайсысының да қазақ әдебиетінен алар өз орны бар.
Кейде мінезіміз қабыспай, кереғар кетіп жататын кездеріміз де аз болған жоқ. Пенделік тіршілікте бірде табысып, бірде тіресіп, кейде, тіпті, тақасып та жүрдік. Әсіресе, Жарасқанмен жиі шекі­сіп қалатынбыз.
Бір жолы Жарасқанның «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабы Жазушылар одағында талқыланғанда, шүйліккендер көп болыпты. Сонда Кеңшілік арнайы келіп, Жарасқан поэзиясы туралы салмақты ой, жылы пікір айтыпты. Сол тұста екеуі бір-біріне қоңырайып жүрген көрінеді. Міне, көрдің бе, өлеңге келгенде біздің мүддеміз ортақ, мұратымыз бір болатын.
Тек, соңғы кездері Тынышбай мен Бақыткерейдің есімдері сирек аталып, ескерусіз қалып бара жатқандай көрі­неді. Соған алаңдаймын.

– Алғашқы кітабыңызға Мұқаға­ли пікір жазған екен. Енді сол жай­лы таратып айтып берсеңіз. 

– Алматыға келген соң өлеңдерім газет-журналдарда жиі-жиі жарық көре бастады. Әбділда Тәжiбаевтан бастап көп­теген ақын жақсы лебiздерiн бiлдiрдi. Бiр күнi Мұқағали: «Әй бала, сен Алматы­ға кел­гелi бiраз уақыт өтті. Кiтабың шық­­ты ма?», – деп сұрады. «Кiтабым бас­п­ада жа-т­ыр. Қадыр Мырзалиев: «Менің тұңғыш кіта­бымның аты – «Дом­быра». Халық жақ­сы қабылдады. Саған да жұғысты болсын, аты «Қобыз» болсын» деп жоспарға кiргiзіп қойған», – деп жауап бердім.
Мұқағали ертеңінде Қадырға барып, «Серіктің кітабына мен пiкiр жазам. Одан кейін шығармай көр, Мырзалиев» деп қолжазбаны алып кетіпті. Екеуі әзіл-қалжыңы жарасқан құрдас жандар еді.
Кейiн Мұқаңның кітапқа жазған пікірін көрдiм. Кейбір түрткен жерлері де бар. «Серiк ақындық тұсауын кесуге тұратын жігіт. Мұның жырлары алып-жұлып тұрмайды, тоқырап та жатқан жоқ, бойында қаны бар, бабымен жазыл­ған байсалды дүниелер» деп жазған екен. Жарықтық менен үлкен үмiт күттi. «Әй, қызталақ, сен түбiнде бәрін басасың!», – деуші еді.
Алғашқы кiтабым осылай жарық көрдi. Аты «Қобыз» болғанымен кiтапқа қобыз туралы өлеңім кірмей қалды.
«Құлаққа естiледi сенiң үнiң,
Қаңқылдап бара жатқан қаз даусын­дай», – деген жолдар бар еді. Цензура «ескiлiктің сарыны бар» деп алып тастапты.

– Сіздің сөзіңізге жазылған әндер де елге көп тараған. Бас-аяғы қанша әнге сөз жаздыңыз?

– Оны нақты білмеймін. Шамамен екі жүздің үстінде болу керек. Әйгілі композитор Әсет Бейсеуовтің жетпістей әніне сөз жазыппын. Одан бөлек Кеңес Дүйсекеев, Еркеғали Рахмадиев, Сей­долла Бәйтереков, Қалибек Деріпсалдин, Марат Омаров, Марат Ілиясов секілді бірнеше белгілі композитордың әндеріне сөз жаздым. Әсіресе, Әсет Бейсеуов маған кез келген уақытта хабарласып, «Серік, осындай ән туды, соған лайық сөз керек» деп қолқа салатын.

 – Аға, Сіздің сөзіңізге жазылған «Ақкөл­ден ұшқан аққулар», «Торғай қызы» әндері бүгінде аңызға айнал­ды десе болады. Оқырмандардың да осы әндердің дүниеге келу тарихын білгісі келеді.

 – Сырағаң алпыс жасқа толғанда Торғайға барып қайтты. Сол сапарында Ақкөлге соғып, көл бетін аққуға тол­тырған ғажайып көрініске ерекше сүйсініп оралды. «Ақкөлдің аққулары туралы бір өлең жазсам», – деп жиі айтатын. Алайда жол апатына ұшырап, сол арманы орындалмай қалды. Бірде маған: «Соны сен жаз», – деп аманат­тағаны бар.
Көп ұзамай жаныма Әсет Бейсеуовті ертіп, Торғайға тарттық. Ақкөлдің мөлдір суына шомылып, тұзына түстік. Ақкөл совхозында директор болып істейтін Кәдір досыма арнайы соқтық. Өлең де сол азаматқа арналды. Әуелі сөзі туды, артын­ша әні де көп күттірмей дүниеге келді.
Бұл әнді алғаш рет Нұрғали Нүсіп­жанов орындады. Торғайлық әншілердің де репертуарынан түскен емес. Қарагөз Тергеубекова деген әнші қыз да орындап жүр. 
Кәдір досым дүниеден өтер алдында, сырқаттанып жатқан шағында осы әнді жиі тыңдап, көзіне жас алады екен. Мұны жұбайы Қаншайым айтқан еді. Қаншайым да бірге оқыған кластасымыз болатын. Бүгінде ол да өмірден өтті.
Ал «Торғай қызы», шынын айту керек, Үкімет пен партияның тапсырмасынан туған өлең еді. Ол бір үгіт-насихаттың дүрілдеп тұрған кезі. Марқұм Болат Хамзин «бір ән жазып, үн қосайық» деп өтініш айтты. Торғай қызына қой бақтырып қоятыным сол. Бұл әннің нақты бір кейіпкері жоқ. Әйтесе де, ән мен мәтіні үйлесім тауып, халықтың көңілінен шыққан шығарма болды. Сах­наға алғаш алып шыққан Ғазиза Жұме­кенова еді. Әлі күнге әншілердің репертуарынан түсе қойған жоқ. 

– Сіз елордаға қоныс аударғалы бірнеше поэма жаздыңыз. Арқаға келіп, екінші тынысыңыз ашылған сияқты.

 – Өзің білесің, біздің туған жеріміз – Торғайда үлкен ақындық мектеп қалыптасқан. Ахмет ұшқан алтын ұяда небір дүлдүлдер өткен. Бүгінде Нұрхан Ахметбеков деген ақынды білмейтін адам жоқ. Оның «Ұры Қарға», «Есiм серi», «Жасауыл қырғыны», «Жұпар ханым» секiлдi дастандары бiрiнен-бiрi өтедi. Біз осы жырларды тыңдап өстік. Нұрхан рухымен ауыздандық. Тіпті, Нұрханның дастандарын әлі күнге жатқа білемін. Атақты «Жасауыл қырғыны»:
Сазды Әйет, Сарыарқада 
Түйемойнақ,
Сарыжайлау, сабатына бие байлап,
Отырып уық тастам көшпелі елдер
Ететін ала шаңдақ үнемі ойнақ.
Тірілген шыбын-шіркей шілде шалып,
Көк майса құлпырған кез жер 
жасарып.
Өткен күз ел көшкеннен бермен 
қарай
Қонбаған жалғыз ауыл ірге салып, – деп басталады.
Сағи, Тұманбай ағаларым да «Шіркін, Нұрханның дастандарын айтсай!» деп таңғалып отыратын еді. Сағи ақынның Нұрханның «Ұры Қарғасын»:
Айбастың бір атасы Сіргелі еді, 
Қашаннан қара тамыр іргелі еді, 
Қан тамып қылышынан 
қылшылдаған 
Қарғаның қағындырған күндері еді, – деп жатқа соғатынына талай куә бол-
дым.
Біз үшін Нұрханнан кейін де көр­кемдік әлем болды. Ол – Сырбай мен Ғафудың поэзиясы. Екеуі бірінен-бірі асып түседі. Нағыз кәсіби, заманауи поэзияның озық үлгілері болатын.
Ғафаң да – дастаншыл ақын. Онысын «Нұрханнан алған әсерiм» деп отыратын. Өзі де Нұрханның эпикалық дастан­дарын жатқа соғады.
Ауылдағы бар бала-шаға осы екі ақын­ның қолымызға түскен өлеңдерін жарыса жатқа айтып өстік. Кейін олар елге келгенде, өз көзімізбен көріп, жүздесу бақытына ие болдық. Менің «Сырбайдың дауысы» дейтін балла­дамның жазылуына да сол кездесулер әсер еткен-ді.
Рас, Астанаға қоныс аударған соң шығармашылығымда жаңа бір серпіліс пайда болды. Бұрын көкейде тұншығып жүрген ойларым кеңістік тапқандай әсер алдым. Оның үстіне белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев: «Серік, баяғы қалыппен шектеліп қалма. Сен тынысы кең эпик ақынсың. Ірі тұлғалар жайында көлемді поэмалар жаз», – деп ақыл берді. Әбекең­нің бұл сөзі мені кәдімгідей қамшылап, «Кейкі батыр», «Махамбет» поэмаларын жаздым. Уақыт өте келе бұл туындылар сахнаға жол тартты. «Кейкі батыр» да, «Махамбет» те драмалық шығармаға айна­лып, театр сахналарында қойылды.

– Театр сахнасы демекші, қазақта драматург ақындар аз емес. Сізді пьеса жазуға не итермеледі? 

– Мен Алматыда бірнеше жыл Мә­дениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасын басқарып, театр сахнасына ұсынылатын спектакльдерді сараптап, іріктеуге жауапты болдым.
Осында жүріп қалай драматург болғанымды өзім де аңғармай қалдым. Абайдың 150 жылдығы тұсында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының желісімен «Абай-Біржан» драмасын жаз­дым. Драматургия саласындағы алғашқы еңбегім – осы. Кейін Нұрхан Ахмет­бековтің өмір жолына арналған «Нұрхан» пьесасы дүниеге келді. Ол бірнеше жыл Арқалық театрында сахналанды.
Астанаға келген соң белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынды. Кейін Әзекең: «Серік, алдымен Мұқағали Мақатаев туралы жаз. Одан соң Шәмші Қалдаяқов жайында, кейін мен туралы жазарсың. Желтоқсан көтерілісі кезінде бастан өткергенім аз емес, бәрін саған айтып беремін», – деп еді.
Осылайша, бірнеше пьеса дүниеге келді. Мұқағали мен Шәмші туралы қойылымдарды көрермен жылы қа­былдады. Бүгінде сол спектакльдердің бірқатары Қостанай мен Жезқазған теа­тр­ларының сахнасында әлі де сахна­ланып келеді.

– Кеңес дәуірінде қаламгерлер «ең дәулетті адамдардың қатарында болды, қомақты қаламақы алды» деген сөз бар. Сол кезеңде алған ең үлкен қаламақыңыз есіңізде ме?

– Нақты сомасы жадымда сақтал­мапты. Бірақ ол уақытта қаламақы шыны­мен де мол төленетін. Тіпті, бір кітаптың қаламақысына «Волга» мінуге мүмкіндік болды. Оның да өзіндік себебі бар. Үкіметті мақтау керек. Билік басын­дағыларды дәріптеу міндет саналды. Сол үшін билік ақын-жазушыларды қар­жылай қолдаудан тартынған жоқ.
Өкінішке қарай, сол дерт бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Қазір де билікті мадақтасаң – атақ та, марапат та табылады. Кезінде маған да сондай ұсыныстар болған. Алайда мен бірінші басшыны дәріптеп жазудан да, ондай сый-құрметтен де саналы түрде бас тарттым. Ар-ожданым оған жол бермеді.

– Оқырманыңыз үшін осындай таза қалпыңызбен, отты өлеңде­ріңізбен барлық сыйлықтан биіксіз, аға! 

– Рахмет, айналайын!

 – Сізге де көп рахмет! Құдай қуат беріп, жазарыңыз таусылмасын!

Әңгімелескен –
Мұхарбек Жәкейұлы

Тэгтер:

әдебиет поэзия Серік Тұрғынбекұлы