Сәуле Рахметуллина: Біз салалық институттан халықаралық зерттеу университетіне айналдық

Бүгін, 14:40 / Túrkіstan IPW

Қазақстанның шығысында орналасқан, индустриялық әлеуеті жоғары өңірдің ғылыми-инженерлік тірегіне айналған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – алпыс жылдан астам тарихы бар беделді білім ордасы. 1958 жылы өндірісі қарқынды дамып келе жатқан Өскеменде іргетасы қаланған оқу орны бүгінде аймақтық институт деңгейінен халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграцияланған заманауи зерттеу университетіне айналды.

Университет индустрия сұранысына жауап беретін инженер кадрларын даяр­лаудан бастап, цифрландыру, жасанды интел­лект, жасыл технологиялар және тұрақты даму бағытындағы зерттеулерге дейінгі ауқымды эволюциялық жолдан өтті. Бүгінде ол – білім, ғылым және өндіріс тоғыс­қан, трансшекаралық әріптестік пен инновациялық бастамаларға ашық страте­гиялық орталық.
Осы орайда біз университеттің қалып­тасу кезеңдері, қазіргі стратегиялық басым­дықтары, халықаралық серіктестігі мен ғылыми жобалары, сондай-ақ болашаққа арналған жоспарлары туралы білу үшін оқу орнының ректорымен сұхбат құрдық.

– Сәуле Жәдігерқызы, алдымен әң­гіме­мізді Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың қалыптасу кезеңі туралы бастасақ. Университеттің іргетасы қаланған сәт­тен бүгінге дейінгі негізгі тарихи белес­терді қалай бағалар едіңіз?

– Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық университеті өз тарихын 1958 жылдан бастайды, сол кезде өнеркәсібі дамып келе жатқан Өскемен қаласында аймақты инженерлік кадрлармен қамтама­сыз ету үшін Құрылыс және жол институты құрылды. Университет Шығыс Қазақ­стандағы металлургиялық кәсіпорындар, энергетика, құрылыс және машина жасау салалары үшін мамандар даярлау ісін қолға алып, оны ойдағыдай орындады. 1970-1980 жылдарға қарай университет аймақ өнер­кәсібі үшін ғылыми және техникалық сараптама орталығына айналды.
Тәуелсіздік жылдары университет институционалдық трансформациядан өтіп, техникалық университет мәртебесін алды, халықаралық стандарттарға бейімделген білім беру жүйесіне көшті. Соңғы кезеңде стратегиялық жаңғыру – цифрландыру, ғылыми инфрақұрылымды жаңарту, халық­аралық серіктестікті кеңейту арқылы жүзеге асуда.
Тарихи белестерді үш кезеңге бөлуге болады: қалыптасу және индустриялық кадрлар даярлау кезеңі, бұл 1958-1990 жылдар аралығында, ұлттық жоғары білім жүйесіне интеграция және академиялық автономияны күшейту кезеңі 1991-2015 жылға дейін көрініс тапты, үшінші зерттеу университетіне көшу және халықаралық позицияны нығайту кезеңі, бұл 2016 жылдан бүгінге дейінгі кезеңді қамтиды.
Егер бұрын біздің миссиямыз зауыттарға кадрлар даярлаудан тұрса, бүгінде ол цифрлық экономика, 4.0 индустриясы және тұрақты даму үшін инженерлерді даярлау ісін қолға алып отырмыз.
Біз салалық институттан халықаралық білім беру және ғылыми қауымдастыққа интеграцияланған заманауи техникалық университетке айналдық.

– Қазір университет қандай страте­гиялық бағыттарды басымдыққа алып отыр?  Ресей, Қытай және Моңғолия шек­араларының түйіскен жерінде орна­ласқан аймақтық техникалық жоғары оқу орнынан ұлттық немесе халықара­лық деңгейдегі ғылыми орталыққа айналу жоспары бар ма?

– Университетіміздің негізгі страте­гиялық басымдығы – ғылыми-зерттеу әлеуе­тін күшейту және білім мен ғылымның интеграциясын жаңа деңгейге шығару. Осы бағытта біз зерттеу университеті мәртебесін алу процесін белсенді түрде жүргізіп жатыр­мыз. Бұл мақсат кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі соңғы жылдары университетте ғылым қарқынды дамып келеді. Бүгінде университет бюджетінің шамамен 43 пайызы ғылыми жобалар мен бағдарламалар арқылы тартыл­ған қаражаттан қалыптасып отыр, оның ішінде халықаралық гранттар мен серіктес­тік бағдарламалардың үлесі де айтарлықтай.
Біздің географиялық орналасуымыз – Ресей, Қытай және Моңғолия шекаралары түйіскен стратегиялық аймақта болуы – уни­верситеттің халықаралық ғылыми орталық­қа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Сон­дықтан біз аймақтық техникалық жоғары оқу орны деңгейінен шығып, ұлттық және халықаралық деңгейдегі зерттеу хабына айналуды көздейміз. Бұл үшін басым бағыттар ретінде материалтану, сирек және сирекжер металдар технологиялары, цифр­лық инженерия, жасыл технологиялар және тұрақты даму салалары таңдалған.
Алдағы кезеңде университет тек білім беретін мекеме ғана емес, өңірлік техно­логиялық даму драйвері, индустрия мен ғылымды байланыстыратын платформа және халықаралық ғылыми кооперация орта­лығы ретінде қалыптасады деп сенеміз.

– Шетелдік университеттермен әріп­тестік байланыстар қандай деңгейде? Қос дипломды бағдарламалар мен ака­демиялық ұтқырлық мүмкіндіктері жайлы не айтасыз?

– Шетелдік университеттермен әріп­тестік байланыстар ШҚТУ-да өте белсенді және жүйелі түрде дамып келеді. Университет 12 қос дипломды және бірлескен бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын жүзеге асырады, олардың серіктестері Азия мен Еуропаның жетекші оқу орындары – Tianjin University, НИЯУ МИФИ, Ruhr University Bochum, Clausthal University of Technology, TU Bergakademie Freiberg және AGH University of Science and Technology. Қос дипломды бағдарламалар ғылыми басымдықтарды, академиялық стандарттарды және халық­аралық индустриялық және зерттеу жоба­ларына кадрлар даярлауды синхрондаудың тиімді құралы болып отыр.
Лу Бань шеберханасы – университеттің негізгі халықаралық білім беру және ғылыми-технологиялық кооперациясының элементі. Бұл платформа қытайлық серік-тестермен бірге жұмыс істеп, жаңа буын инженерлерін даярлауға, жоба­лық және практикалық бағыттағы оқытуды дамытуға және бірлескен білім беру мен ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыруға бағыт-талған. Сонымен қатар университет құра-мындағы Қазақстан-Неміс ғылым және технология институты неміс университеттері мен ғылыми орталықтарымен бірлесіп дуалды және тәжірбиеге бағытталған оқыту бағдарламаларын жүргізеді, бұл ШҚТУ-дың академиялық мобильдігін және халықаралық зерттеу кадрларын даярлау мүмкіндіктерін арттырады.
Академиялық ұтқырлық Erasmus+ K1, DAAD, Болашақ бағдарламалары және басқа халықаралық жобалар аясында жүзеге асырылады. Мысалы, 2026 жылдың басында үш студент Erasmus+ халықаралық алмасу бағдарламасының стипендиаттары атанып, Бранденбург техникалық университеті Котбус-Зенфтенбергте білім алатын болады. Соңғы үш жылда 40-тан астам студент шетелде білім алып, 50-ден астам докторант жетекші ғылыми орталықтарда ғылыми тағылымдамадан өтті.
Осы механизмдер университеттің интернационализациясын институцио­налды түрде бекітіп, білім сапасын, ғылыми нәтижелілікті және академиялық беделді арттыруға мүмкіндік береді.

– Университеттің білім беру сапасы мен халықаралық рейтингтердегі орны туралы айтып өтсеңіз. Қай көрсеткіштер бойынша жетістіктерге көңіліңіз толады?

– Халықаралық рейтингтердегі пози­цияларымыз да жүйелі дамудың нәтижесін айқын көрсетеді. Мысалы, Times Higher Education ұйымының Times Higher Education Interdisciplinary Science Rankings (THE ISR) 2026 рейтингі нәтижесі бойынша универ­ситет Қазақстан жоғары оқу орындары арасында 2-орын алып, әлемнің үздік уни­вер­ситеттері қатарындағы ТОП-601–800 тобына енді. Сонымен қатар QS World University Rankings рейтингі бойынша универ­ситет 1018-орынға ие болды, ал QS Stars Univer­sity Ratings халықаралық бағалау жүйе­сінде 4 жұлдыз алды. Бұл – университет­тің білім беру сапасы, ғылыми қызмет, халықаралық ынтымақтастық және инфра­құрылым бағыттары бойынша жоғары деңгейін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар жаһандық «жасыл» рейтинг – UI GreenMetric World University Rankings 2025 нәтижелері бойынша универ­ситет 1 745 жоғары оқу орнының ішінде 139-орынға ие болып, Қазақстан мен Орта­лық Азия университеттері арасында 1-орын алды. Бұл – тұрақты даму, экологиялық жауапкершілік және «жасыл кампус» саясаты бағытындағы жұмыстарымыздың халықара­лық деңгейде мойындалуы.
Ал UniRank агенттігінің бағалауы бойын­ша 2025 жылы университет Қазақстандағы 102 жоғары оқу орнының ішінде 1-орынды иеленіп, әлемдік рейтингте 1 633-орынға орналасты.
Университеттің білім беру сапасының ең маңызды көрсеткіші – түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы мен жұмыспен қамтылу деңгейі. Бұл тұрғыда нәтижелеріміз көңіл қуантады. 2021-2025 жылдар аралы­ғында түлектердің орташа жұмыспен қам­тылу деңгейі тұрақты түрде 95-96 пайызды құрады, ал докторантура түлектері бойынша бұл көрсеткіш 100 пайызға жетті. Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы мәліметтері бойынша, 2025 жылы университеттің рейтингтік білім беру бағдарламалары бойынша жұмыспен қам­тылу деңгейі 95,2 пайызды құрап, жоғары оқу орнымызды өңірдегі мемлекеттік уни­верситеттер арасында екінші орынға шығарды. Бұл – білім беру бағдарлама­ларының сапасы мен олардың еңбек нарығы талаптарына сәйкестігін көрсететін нақты нәтиже.
Жалпы алғанда, бұл көрсеткіштердің барлығы білім беру сапасын арттыру, ғылым мен инновацияны дамыту және универ­ситеттің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады.

– Шығыс Қазақстан өңірінің ин­дустриялық және экономикалық дамуы­на университет қандай нақты кадр­лық және ғылыми үлес қосып отыр?

– Шығыс Қазақстан өңірінің индустрия­лық және экономикалық дамуына универ­ситеттің үлесі ең алдымен кадр даярлау мен қолданбалы ғылымды дамыту арқылы көрінеді. ШҚТУ өңірдің негізгі салалары – тау-кен-металлургия кешені, энергетика, машина жасау, құрылыс және цифрлық өндіріс үшін жоғары білікті инженерлік кадрлар даярлап келеді. Біздің түлектердің басым бөлігі өңір кәсіпорындарында жұмысқа орналасып, өндірістің техноло­гиялық жаңаруына тікелей қатысады.
Тәжірибеге бағытталған білім беру моделі дуалды оқыту, кәсіпорындар база­сындағы кафедра филиалдары және өндіріс­тік алаңдарда іске асырылатын білім беру бағдарламалары арқылы жүзеге асыр­ылуда. 2024 жылы дуалды оқыту 5 кәсіпорынның қатысуымен 8 білім беру бағдарламасына енгізілді. Алдағы кезеңде индустриялық серіктестер желісін кеңейту жоспарланған, олардың қатарында Plasma Science, Қазақ­телеком, Ядролық физика институты, «Астана Моторс», Allur және басқа ұйымдар бар. Сонымен қатар өңірдің жетекші кәсіп­орындары базасында кафедра филиал­дары жұмыс істейді, соның ішінде «Үлбі металлур­гиялық зауыты» АҚ, «Казцинк» ЖШС, Өскемен ГЭС сияқты өндіріс орын­дары бар. Бұл студенттердің дипломдық жұмыстарын кәсіпорындарда орындауына, ерте кәсіби бейімделуіне және түлектердің тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

– Бүгінгі цифрлық дәуірде универ­ситет толыққанды smart-campus форма­тына көшті деп айта аламыз ба? Студент пен оқытушы үшін қандай цифрлық шешімдер енгізілді?

– Біз бүгін университет толыққанды цифрлық университет моделіне көшіп жатыр деп нақты айта аламыз. ШҚТУ-дағы цифрландыру – бұл жекелеген ІТ-жобалар емес, университеттің басқару тиімділігін, ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жүйелі трансфор­мация. Біз цифрлық өзгерістерді басқару, ғылым және инфрақұрылым модельдерін кешенді жаңғырту ретінде қарастырамыз.
Цифрлық архитектураның өзегінде Data & AI Core – бірыңғай деректер қоймасы, нақты уақыттағы аналитика және жасанды интеллект орналасқан. Осы платформа арқылы университеттің негізгі көрсеткіштері мониторингтен өтеді, ал AI-аналитика басқарушылық шешімдерді жедел қабыл­дауға мүмкіндік береді. Мысалы, интел­лектуалды талдау жүйелері университет қызметінің KPI көрсеткіштерін визуа­лизациялап, басшылыққа нақты деректерге негізделген шешім қабылдауға жағдай жасайды. Сонымен қатар интеллектуалды жоспарлау құралдары ресурстарды тиімді бөлуге көмектеседі, ал цифрлық ассистенттер қызмет көрсету процестерін автомат­тандырады.
Келесі деңгей – толық автомат­тан­дырылған цифрлық басқару процестері. Университетте электрондық құжат айналымы, мониторинг жүйелері, HR және қаржылық басқару платформалары енгізіл­ген. Бұл шешімдер барлық қызмет­керлер үшін ашықтықты, бақылауды және операциялық тиімділікті қамтамасыз етеді.
Пайдаланушылар деңгейінде Smart LMS S-Portal, мобильді қосымша, жатақханаға онлайн орналастыру, кампус инфра­құрылымын брондау сияқты цифрлық сервистер жұмыс істейді. Яғни, студент пен оқытушы университет қызметтерінің басым бөлігін онлайн форматта ала алады.
Технологиялық негіз ретінде универ­ситеттің жеке деректер өңдеу орталығы, AI және Big Data технологиялары, бұлтты сервистер, API интеграциялары, киберқауіп­сіздік шешімдері және «ақылды кампус» элементтері қолданылып отыр.
Осының барлығы біріге отырып, ШҚТУ-да деректерге негізделген басқару мәдениетін қалыптастырып, университетті заманауи smart-campus экожүйесіне кезең-кезеңімен көшіруге мүмкіндік беріп отыр.

– Университет қабырғасында студенттік стартаптар мен техноло­гиялық кәсіпкерлік қаншалықты дамыған? Жас өнертапқыштарға қандай қолдау көрсетіледі?

– ШҚТУ-да студенттік стартаптар мен технологиялық кәсіпкерлік CDIO халық­аралық білім беру моделі негізінде қарқынды дамып келеді. Бұл тәсіл студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты технологиялық өнімдер, прототиптер және инновациялық шешімдер жасауға қабілетті инженерлерді даярлауға бағытталған. CDIO аясында оқу үдерісі жобалық қызметке негізделген: студенттер өздерінің инже­нерлік жобаларын әзірлейді, өндірістің нақты міндеттерімен жұмыс істейді және идеядан бастап өндіруге дейінгі толық циклден өтеді. Бұл олардың кәсіпкерлік ойлауын қалыптастырып, стартап құруға және әзірлемелерді коммерцияландыруға қажетті практикалық дағдыларын дамы­тады.
Жас өнертапқыштарды қолдау үшін университетте акселерациялық бағдарла­малар, менторлық сүйемелдеу, зертханалық инфрақұрылым және индустриялық серіктестермен бірлескен жобалар ұсын­ылады. Сонымен қатар университет AI-Sana ұлттық бастамасы аясында AI-Sana: EKTU Demo Day форумын өткізді. Бұл алаңда студенттер өз стартап жобаларын ұсынып, сарапшылардан кері байланыс алып, үздік командалар қаржылай қолдау мен дамыту мүмкіндіктеріне ие болды. Мұндай форматтар университетте технологиялық кәсіпкерлік мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Енді университет қабырғасында білім алып жатқан студенттердің жағ­дайына оралсақ. Студенттердің жатақ­хана, шәкіртақы, әлеуметтік қолдау мәселелері қалай шешіліп келеді? Университет жастары үшін жайлы орта қалыптастыру бағытында қандай бас­тамалар бар?

– Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және жастар үшін қолайлы орта қалыптастыру – біздің басым бағыт­тарымыздың бірі. Университетімізде білім алушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек түрі көп. Айталық, көпбалалы отбасылардан шыққан студентке жатақханада тұру ақы­сына 50 пайыз жеңілдік беріледі; ата-анасыз  және мүмкіндігі шектеулі студентерге (өтініштері негізінде) университет жатақ­ханаларында тегін тұру мүмкіндігі қарасты­рылған, ондай студенттерге арнайы шәкірт­ақы беріледі, өте жақсы нәтижемен оқыса жоғары (көтеріңкі) шәкіртақы тағайын­далады және тамақтануға ақшалай көмек көрсетіледі. Ата-анасынан ерте айырылған  студентке киім-кешек алуға 241 700 теңге мөлшерінде біржолғы ақшалай жәрдемақы және оқуға түсу кезінде екі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді. 
Университетіміз студенттерді жатақха­намен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Университеттің 1 385 орынға шақталған үш жатақханасы бар. Студенттер заманауи талаптарға сай жабдықталған осы студент үйлеріне орналастырылған. Жатақ­хана-лардың басым бөлігі университеттің кампусына жақын, сондықтан оқу-тәрбие жұмыстарына қатысу өте ыңғайлы. 

– Алдағы 5-10 жылда ШҚТУ-ды қан­дай биіктен көргіңіз келеді? 65 жылға жуық тарихы бар бірегей білім ордасын уақыт ағымына сай дамыту бағытында қандай жоба-жоспарларыңыз бар? 

– Алдағы 5-10 жылда мен ШҚТУ-ды халық­аралық деңгейде танылған зерттеу университеті ретінде көруді жоспарлаймын, онда білім беру, ғылым және әлеуметтік миссия тығыз интеграцияланған. Универ­ситеттің 65 жылдық тарихын құрметтей отырып, біз оны заманауи стандарттарға сай, әлемдік тәжірибелерге негізделген білім беру және ғылыми орталыққа айналдыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырамыз.
Біздің стратегиямыз білім беру саласында студенттерді жобалық және зерттеушілік тәсілдер арқылы даярлау, индустриямен тығыз байланыс орнату, халықаралық бағ­дар­ламалар мен қос дипломды жобаларды енгізу, цифрлық трансформация және жасанды интеллект, Big Data және интел­лектуалды жүйелерді кеңінен қолдануға бағытталған. Ғылым саласында біз зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа зерттеу орталықтарын, технопарктер мен инно­вациялық платформаларды дамытамыз, сондай-ақ индустриялық бағыттағы қолданбалы зерттеулер мен халықаралық ғылыми интеграцияға басымдық береміз.
Сонымен қатар университеттің әлеуметтік миссиясы – тұрақты даму, ESG қағидаларын енгізу, студенттердің аза­маттық және экологиялық жауапкершілігін арттыру, волонтёрлік, мәдени және әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамға нақты үлес қосу. Барлық осы бастамалар ШҚТУ-ды тек білім беру орны емес, өңірлік технологиялық және инновациялық хабқа айналдырып, жаһан­дық цифрлық экономикада жұмыс істей алатын инженерлерді даярлауға мүмкіндік береді.

– Ректор ретінде Сіздің басқару ұстанымыңыз қандай? Университетті басқаруда қандай құндылықтар мен принциптерге сүйенесіз?

– Мен бар назарымды білім, ғылым және индустрия интеграциясы арқылы жоғары технологиялық болашақты қалыптастыруға бағыттаймын. Сондай-ақ мен үшін маңызды қағидаттардың бірі – академиялық артық­шылықты және ғылыми-технологиялық дамуды жетілдіру. Біздің міндетіміз – жаңа буын инженерлерін даярлау, ғылыми зерттеулерді дамыту, халықаралық ынты­мақтастықты нығайту және университеттің индустриямен және экономикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ету.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Наурызбек САРША

Тэгтер:

Сәуле Рахметуллина Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті