Алматы гарнизонында Sarbaz+ инновациялық жобасы таныстырылды

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan IPW

Қазақстан Республикасы Қорғаныс ведомствосының басшысы, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Парламент депутаттары Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында 78 460 әскери бөлімінің базасында іске қосылған Sarbaz+ инновациялық жобасының жұмысымен танысты. Жоба мерзімді әскери қызметті жаңғыртуға, армияның беделін арттыруға және сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған.

Сапар барысында қонақтарға әскери бөлімде енгізілген заманауи техноло­гиялар мен оқу мүмкіндіктері көрсетілді. Атап айтқанда, бейнеаналитика жүйесі, Rtel радиобайланыс мамандарын даярлау сыныптары, ұшқышсыз басқарылатын Ashik Aspan құрылғылары операторларын оқыту орталығы және Eltex технология­лық жүйелері бойынша жабдықталған каби­нетт­ер таныстырылды. Бұл бағыттар қазір­гі заманғы әскери қызметтің цифр­лық трансформациясына сай келетін маман­дар­ды қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар мерзімді қызметтегі сарбаздар әртүрлі білім беру бағдарла­ма­лары мен кәсіби курстарға қатысу мүмкін­ді­гіне ие. Astana Hub технопаркімен бір­лескен TechOrda бағдарламасы аясында сарбаздар ақпараттық қауіпсіздік талда-у­ын, деректерді қорғауды және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға арналған жасанды интеллект технологияларын мең­гереді. Бұдан бөлек, QLANG онлайн-плат­формасы арқылы ағылшын тілі курстары ұйымдастырылған.
Жоба инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Қонақтарға Workout спорт алаңы, стритбол аймақтары, заманауи тренажер залы, қоян-қолтық ұрыс клубы және электронды тир көрсетілді. Сондай-ақ цифрлық сервистер – Ай-сұлу теле­грам-боты мен ARMIA.KZ ақпараттық платфор­масының мүмкіндіктері таныс­тырылды. Бұл сервистер әскери қызмет­шілердің күнделікті өмірін жеңілдетуге және кері байла­нысты жеделдетуге ба­-
ғыт­талған.

– Sarbaz+ технологияны, инфрақұры­лымды дамытып, адам күшін саналы жұм­­сауға бағытталған. Біз қызметтің заман талабына сай болуын және әскери қызмет­шілердің кәсіби өсуіне мүмкіндік жасауды көздейміз, – деді Дәурен Қосанов.

Жобаны Парламент Сенатының де-путаты Ғалиасқар Сарыбаев жоғары баға-ла­ды. Оның айтуынша, Sarbaz+ армияны модернизациялауға жүйелі көзқарастың нақты көрінісі әрі адами капиталды дамы­­тудың стратегиялық міндеттеріне жауап береді.

– Бүгін мерзімді қызмет тек тәртіп пен патриотизм мектебі ғана емес, заманауи құзыреттерді игеретін алаңға айналғанын көріп отырмыз. Sarbaz+ жобасы бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырып, жас­тардың Қарулы Күштерге сенімін арт­тырады, – деді сенатор.

Sarbaz+ жобасы жастар мен қоғам үшін тартымды, заманауи армия бейнесін қал­ыптастыруды мақсат етеді. Оның аясында мерзімді қызметтегі сарбаздарды оқыту мен тәрбиелеудің жаңа әдістері енгізілуде. Жобаға қатысқан әскери қызметшілер запасқа шыққаннан кейін еңбек нары­ғында сұранысқа ие дағды­лар­ды меңгеріп, жұмысқа орналасу мүмкін­дігін арттыра алады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, бұл бастама Қарулы Күштердің барлық әскери бөлімдерінде кеңінен енгізіліп, армияның жаңа сапалы даму кезеңіне жол ашады.
Бұдан кейін Қорғаныс министрінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс жө-ніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабековтың басшылығымен «Жаңа форматтағы әскер. Әскери-патриоттық тәр­бие» тақырыбында дөңгелек үстел оты­рысы ұйымдастырылды. Іс-шара Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт кол­леджі базасында өтті.
Жиынға Парламент депутаттары, мем­лекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері мен медиасарапшылар қатысты. Кездесу барысында әскери-пат­риот­тық тәрбиені жетілдіру, әскери қызметтің беделін арттыру және Қарулы Күштердің оң имиджін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде әскерде жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

– Біз цифрландыруды жүйелі түрде дамы­тып, әскер мектебінен өткен аза­маттарға білім беру және әлеуметтік мүм­кіндіктерін кеңейтеміз. Стратегиялық мақсатымыз – жоғары технологиялық армия құру, адами әлеуетті нығайту, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету және олардың жауынгерлік рухын арттыру, – деді ол.

Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев әскери-патриоттық тәрбие мәселесіне қатысты өз ұстанымын біл­дірді. Оның айтуынша, патриоттық тәрбиені тек армиямен байланыстыру дұрыс емес.

– Біз мектеп жасынан бастап ант беру сәтіне дейінгі аралықта қалыптасатын тәрбиені жүйелі түрде қарастыруымыз керек. Патриотизм – үздіксіз қалыптаса­тын құндылық, – деп атап өтті сенатор.

Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина патриоттық тәрбие ең алдымен қоғамнан және отбасынан басталуға тиіс екенін жеткізді.

– Әскери-патриоттық тәрбие идеясын қолдаймыз. Алайда сенім адам қауіпсіз­дігінен, отбасын құрметтеуден, әділ ірік­теуден және қызметтің мәнін түсінуден басталады. Қоғам бұл бағытта сөзбен емес, іспен әрекет еткенде ғана патрио­тизм жастар саналы түрде қабылдайтын жауап­кершілікке айналады, – деді қоғам өкілі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әскери-патриоттық тәрбие беру, әскери қызметтің беделін арттыру және Қарулы Күштердің имиджін нығайту жұмыстары жүйелі не­гізде құрылып, барлық жас санаттары мен әлеуметтік топтарды қамтуы тиіс деген ортақ пікірге келді.

Наурызбек Сарша

Тэгтер:

Sarbaz+