Астанада ÓzgeEpic креатив хабының бастамасымен суретші әрі сәулетші Әсел Есжанова «Boran–Боран» атты тұңғыш жеке көрмесін ұсынды. Бұл жоба – жай ғана экспозиция емес, мәдени жады, жеке өмірбаян және ғарыштық-метафизикалық ишараларды тоғыстырған көпқабатты көркемдік зерттеу. Көрме автордың сәулеттен заманауи өнерге қарай жасаған жеті жылдық ішкі эволюциясын жүйелі түрде көрсетеді.
Көрменің авторы, суретші Әсел Есжанова – Urban Forum Kazakhstan қорының тең негізін қалаушысы әрі RIBA-ның 100 Women: Architects in Practice тізіміне енген. Көрмені ұйымдастыруға OzgeEpic қоры мен креатив хабының директоры Тоғжан Құрманжанқызы мен «Тіл-Қазына» ҰҒПО» Басқарма төрайымы Мақпал Жұмабай ұйытқы болды. Олардың пікірінше, жоба – жанның үні мен заманауи өнердің тоғысқан нүктесі.
Көрме суретшінің жан дүниесіне, ішкі тебіренісіне жол ашатын инсталляциялар мен перформанстарға толы. Жобаның концептуалдық өзегі суретшінің Арал теңізі өңіріне сапарынан бастау алады. Құрғаған теңіз табаны, жел ұшырған тұз бен шегінген су шебі авторды сәулеттік сызбалар жеткізе алмайтын терең сұрақтармен бетпе-бет қалдырған. «Бұл көрме – менің жадымның бейнесі. Әр еңбек жоғалған сабақтастықты қайта табуға ұмтылыс», – дейді суретшінің өзі.
Көрме атауы бірнеше мағынаны топтастырған. Біріншіден, «боран» – даланың долы мінезін, қарлы дауылды білдірсе, екіншіден, бұл – суретшінің балалық шағындағы еркелету есімі екен. Үшіншіден, «Боран» атауы «Буран» ғарыш кемесін меңзейді. Ол Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған кеңестік технологиялық амбицияның символы болатын.
Осылайша табиғат құбылысы, жеке естелік және тарихи жоба бір атаудың ішінде түйісіп, жады мен кеңістік арасында үнсіз диалог құрады. Экспозицияның орталық артефактісі – «Келу» инсталляциясы. Арал жағалауынан әкелінген ескі қайық бесік формасына келтіріліп, кеңістікте тік құрылым түзген. Бұл жұмыс көрерменге тек бақылаушы болуды емес, қатысушы болуды ұсынады. Келушілер бесіктің ішіне жатып, туындымен тәндік байланыс орната алады. Бесік – бастау мен қамқорлықтың, қайық – аман қалу мен үміттің символы. Осы екі образдың бірігуі тіршіліктің нәзіктігі мен адам болмысының шекаралық күйін дәл көрсетеді.
Көрме кураторы Әсел Ахметжанова жобаның басты ерекшелігі – көрермен мен туынды арасындағы қашықтықтың жойылуы екенін атап өтеді.
Инсталляцияның дыбыстық кеңістігін композитор Бексұлтан Бахытжан әзірлеген. Саунд-артта Аралдың табиғи дыбыстары мен суретшінің анасы орындаған бесік жыры қабаттасып, акустикалық жады кеңістігін қалыптастырады.
Көрмеде киіз бен ағаш негізгі материал ретінде алынған. Күйдірілген қарағай мен Аралдан алынған ескі қайық уақыттың ізі мен тарихи жараның материалдық белгісі ретінде көрініс табады.
Автор туралы толығырақ айтсақ, Әсел Есжанованың кәсіби қызметі сәулет, урбанизм және олардың қоғамға әсерін зерттеуге бағытталған. Сәулетшіні, әсіресе, түрлі аудиторияларды дизайн туралы сұхбатқа тарту және сәулетке күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде саналы қатынас қалыптастыру қызықтырады. Тың игерілген өлкелерде балалық шағы өткен Әселде кеңестік әлеуметтік саясатқа ерте қызығушылық оятты, бұл тақырып бүгінге дейін оның сәулет пен қоғамдық процестерге деген көзқарасына әсер етеді. Өзінің көрме және кураторлық жобаларында ол сталиндік қуғын-сүргіннен бастап скейт-мәдениетке және еңбек көшіне дейін кең тақырыптар ауқымын зерттейді.
Әсел Есжанова киіз арқылы ұрпақтар арасындағы байланысты материалдық формаға енгізеді. Әр тігіс пен талшық – әйел үні мен естеліктің ізі. Бұл тұрғыда суретші әйел бейнесін «жан дүние сәулетшісі» ретінде ұсынады.
Көрмедегі киіз инсталляциялар – суретшінің өз тамырына оралу актісі ретінде көрініс табады. Бұл жердегі әр тігіс, әр бедер әйел үміті мен естеліктерін бейнелейді.
Экспозицияда ұсынылған күнделік жазбаларды көрермен оқып, ұстап көріп, тыңдап, сезіне алады. Көрермен оны оқи отырып, суретшінің ішкі рефлексиясының, далада ұйытқи соққан боранның, далалық жердегі отаудың жылы төрінен естілген әже әлдиінің және қиялы көкке самғаған қазақ әйелінің толғауына ой жүгіртіп, өз жанына азық, көңіліне медет таба алады.
Бұл көрме жеке тәжірибе арқылы ұжымдық жадты қозғайды, экологиялық апат арқылы рухани жаңғыру мәселесін көтереді. Экспозициядан шыққан көрермен тек өнер туындысын тамашалап қана қоймай, өз жадысының қатпарларымен бетпе-бет келеді. Боран сыртта соғып тұр ма, әлде адамның ішінде ме – оны әркім өзі анықтайды.
Наурызбек Сарша