«Гүл жібереміз»: Ақтөбелік бойжеткен алаяқтарға 7,5 млн теңгесін аударып жіберген

Бүгін, 11:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Мерекелік күндердің қарсаңында интернет-алаяқтар түрлі алдау схемаларын қолданып, белсенді әрекет етіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақтөбелік 26 жастағы бойжеткенге WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау түскен. Бейтаныс адам өзін гүл жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырған.

Тапсырысты растау сылтауымен алаяқ оның телефонына келген кодты айтып беруін сұраған. Еш күмәнданбаған жәбірленуші келген сандар комбинациясын айтып қойған.

Біраз уақыттан кейін бойжеткенге қайтадан қоңырау шалынған. Бұл жолы белгісіз адам өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, бұған дейін айтылған код алаяқтардың қолына түскенін және оның атына несие рәсімделіп жатқанын хабарлаған.

«Қаражатты сақтап қалу» үшін алаяқ жәбірленушіні шұғыл түрде ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Алаяқтарға сеніп, олардың нұсқауын орындаған қыз 7,5 миллион теңгені аударып жіберген.

Аталған факті бойынша күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Тэгтер:

Алаяқ Ақтөбе бойжеткен