Шымкентте студенттерді әлеуметтік желі арқылы алдағандар ұсталды

Бүгін, 11:28 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Шымкентте полиция жоғары оқу орындарының бірінің студенттерін алдау схемасының жолын кесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылдың қазан айынан бастап екі күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы студенттердің парақшаларын анықтап, арнайы боттардың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған. Кейін оқу орнының портал жүйесі арқылы студенттердің үлгерім көрсеткіштерін тексеріп, кейбір студенттердің сынақтар бойынша жеткіліксіз балдары барын анықтаған.

Күдіктілер студенттерге уақытша нөмірлер арқылы мессенджерде хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар сынақтан өту үшін бір балл жетіспейтінін, сол себептен академиялық қарыз немесе емтиханға жіберілмеу қаупі бар екенін айтып, "мәселені шешіп беруді" және бағаларды "түзетуді" ұсынған. Осы жалған қызмет үшін әр студенттен 70-80 мың теңге алып, хабарсыз кеткен. Қазіргі таңда күдіктілердің алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарды интернет-алаяқтардың әрекеттеріне қарсы сақ болуға шақырады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түрлі ұйымдар немесе қызметтердің атынан хабарласқан жағдайда, "шұғыл мәселе" деп қорқытып ақша аударуға көндіру әрекеттеріне сенбеңіз. Жеке деректеріңізді, растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз, бейтаныс тұлғалардың шоттарына ақша аудармаңыз. Күдік туындаған жағдайда хабарлауды дереу тоқтатып, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.