Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шықты. Салдарынан жеті адам көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, хабар түскеннен кейін бес минут ішінде өңірдің құтқару күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен.
Жедел деректерге сүйенсек, барлығы 26 адам зардап шекті, оның ішінде 7 адам қаза тапты (марқұмдардың арасында 16 жастағы қыз бар). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасында жатыр. 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы желісі бойынша қосымша медициналық бригадалар жедел түрде жасақталған.
Барлық қажетті ресурстар жұмылдырылды: мамандар, дәрі-дәрмек, санитарлық авиация оқиға орнына жіберілді. Облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері анықталып жатыр. Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеді, — делінген әкімдік ақпаратында.