Оралда шенеуніктерді бопсалаған блогер сотталды

Бүгін, 10:40 / Алуа Арман
istockphoto.com

Орал қалалық соты 43 жастағы блогер Айболат Бөкеновке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мой город» басылымының мәліметінше, блогер алаяқтық, бопсалау және ақшаны жылыстату қылмыстары бойынша кінәлі деп танылған.

Бөкенов әлеуметтік желідегі аудиториясын бопсалау мақсатында пайдаланған. Ол сын материалдарды өшіру үшін шенеуніктерден ақша талап еткен. Жәбірленушілердің қатарында Батыс Қазақстан облысының аудан әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер және бір депутат бар.

Алған қаражаттың бір бөлігін блогер букмекерде бәске тіккен. Барлық жәбірленушілер келтірілген шығынды өтеуді талап етті. Бөкенов кінәсін мойындап, ақшаны қайтаруға уәде берген және процестік келісім жасаған.

25 ақпанда өткен сот отырысында жәбірленушілердің басым бөлігі блогерге ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Осыған дейін айыпталушы үйқамақта болған. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынды.

Сот оны орташа қауіпсіздік мекемесінде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Тэгтер:

Орал блогер Шенеунік бопсалау