Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшысы мен дәрігер ұшақта шетел азаматын аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
23 ақпанда Астанадан Ақтауға бағыт алған әуе рейсінде 45 жастағы шетелдік жолаушының қан қысымы күрт көтеріліп, оған бортта болған полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов пен дәрігер Тұрсын Чуйшбаева жедел көмек көрсеткен. Оқиға ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен бір сағат өткен соң болған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өзін жайсыз сезінген Тәжікстан Республикасының азаматы дәлізде құлап бара жатқанын байқап, дереу әрекет еткен. Ол жолаушыны ұстап қалып, бортсеріктерді шақырыпты.
– Сол рейспен еңбек демалысымнан Ақтауға ұшып келе жатқан едім. Ер адамның үстіме қарай құлап келе жатқанын байқап, ұстап қалдым. Бортсеріктерді шақырып, жолаушылар арасынан дәрігер іздей бастадық. Бағымызға орай, дәрігер табыла кетті. Өзіммен бірге үнемі аспирин алып жүретін едім, азаматқа сол дәріні ұсындым. Ұшақ жерге қонғанша азаматтың жағдайын бақылап отырдық. Жалпы мұндай жағдайда кез келген адам көмектесер еді. Мен мұны азаматтық борышым деп есептеймін, – деді Сағындық Аяғанов.
Жолаушыға "Ана мен бала" орталығының дәрігері Тұрсын Чуйшбаева медициналық көмек көрсеткен.
– Ұшақта ер адамның қан қысымы 220/110-ға дейін көтерілгенін анықтадық. Дәрі беріп, оттегі қосып, жағдайын тұрақтандырдық. Ақтауға қонғанға дейін қан қысымын 135/85-ке дейін түсірдік. Жолаушы басының самай тұсы "қайнаған су құйғандай" ауырғанын айтты. Жолаушылар арасынан каптоприл мен аспирин табылды. Белгілі болғандай, ол бір ай бұрын өз елінде осындай жағдаймен ауруханаға түскен, алайда дәрігер кеңесін толық орындамаған. Жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін созылмалы ауруы бар азаматтар сапарға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені абзал, – дейді дәрігер.
Ұшақ Ақтауға қонған соң жедел жәрдем қызметі науқасты ауруханаға жеткізген. Қазір оның жағдайы тұрақты. Тәжікстан азаматы өзіне дер кезінде көмек көрсеткен жандарға алғыс білдірді.
– Ұшақ ұшқаннан кейін жағдайым нашарлай бастады. Бір сағаттан соң бетімді жуу үшін дәретханаға беттедім. Алайда дәретханаға жетпей, жүрегім әлсіреп, сол жақ денем жансызданғандай болды. Көзім қарауытып, тыныс алу қиындады. Сол сәтте алдыңғы қатарға қарай құлаппын. Маған көмектескен адамның Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы екенін кейін білдім. Оның маған су беріп, сабырға шақырып жатқаны есімде. Есімді жиған соң мен ол кісіден кешірім сұрадым. Ол "ештеңе етпейді, бәріміз адамбыз ғой, көмектесу парызымыз" – деді. Ұшақ бортында көмек көрсеткен баршаға шексіз ризамын, – дейді жолаушы.
45 жастағы азамат алдағы уақытта өзіне көмек көрсеткен мамандарға жеке алғыс білдіріп, ілтипат білдіргісі келетінін жеткізді.