Жәрмеңке арқылы «Қазақтелекомға» жұмысқа тұрдым – жас маман

Бүгін, 09:57 / Алуа Арман

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Атырау облыстық филиалы «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жыл сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – аймақ тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға көмектесу, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту. Мәселен, 2024 жылы бұл жәрмеңкеге 38 ірі кәсіпорын 300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынған. 500-ден астам жас маман жұмыс іздеп келген. Ал 2025 жылы 51 компания 487 бос жұмыс орнын ұсынса, 2 мыңнан астам қала тұрғыны түйіндеме тапсырған. «Жастарға жұмыс» жобасы жас мамандар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және олардың тұрақты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай жәрмеңке арқылы жұмысқа тұрғандардың бірі – «Қазақтелеком» АҚ инженері Әділбек Шайдуллин.

«1999 жылы Атырау облысында дүниеге келдім. Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназияны тәмамдап, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне оқуға түстім. Ол жақтан «Автоматтандыру және басқару» мамандығын бітірдім. Сосын «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша Астанадағы Тұран университетінің магистратура бөлімінде білмімді жетілдірңп, техникалық ғылымдар магистрі дәрежесін алып шықтым. 2023 жылы магистратураны аяқтағаннан кейін Атырауға қайтып келдім. Бұрын университетте бірге оқыған досым «Жастар рухы» жастар қанатында жұмыс істейтін. Сол досым «Осындай жәрмеңке өтіп жатыр. Пайдасы бар, жұмыс тауып қаларсың, барып көрсеңші» деді. Сөйтіп, ол жәрмеңке туралы солай естіп, бардым», – дейді ол.

Жас маман аталған жәрмеңкеде бірден бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырып, айналасы бір айдың ішінде жұмысқа орналасқан.

«Студент кезімізде түрлі кәсіпорынның қызметкерлері келіп, бос жұмыс орындары туралы айтып жүретін. Жоғары оқу орындарының арасында да осындай кішігірім жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып тұратын. Бірақ ол кезде мән бермейсің ғой. Осы жолы шындап ден қойдым. Жәрмеңкеге келіп, біліміме сай келетін вакансияларды қарастырдым. Маған ІТ, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар, автоматтандыру бағытындағы жұмыс қажет еді. Өзім компьютерге жақын болған соң, компьютердің іші-сыртын жақсы білетін болғандықтан, жұмысты соған байланысты таңдадым. Өзімнің икеміме, мамандығыма келеді-ау деген бірнеше мекемеге түйіндеме тапсырдым. Жәрмеңке  кезінде «Қазақтелеком» мамандары «ақпаратпен, адамдармен жұмыс істейсің, мекемедегі қызметкерлерге ІТ қолдау көрсетесің, дерек жинайсың» деді. Бұл маған ұнады. Бір жақсы жері, бұл – кеңседе, таза жерде істейтін жұмыс. Сөйтіп түйіндеме тапсырып кеткеннен кейін, араға екі апта салып «Қазақтелекомнан» хабарласып, сұхбаттасуға шақырды. Басшымен сөйлесіп, тест тапсырған соң, «Құжат жина, жұмысқа кіріс» деді. Осылайша жәрмеңке арқылы айналасы бір айдың ішінде жұмысқа тұрдым», – дейді ол.

Әділбектің айтуынша, жәрмеңкенің кемшін тұсы да жоқ емес. Жас маман сөз арасында жұмыс берушілерге назын да жеткізді.

«Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру – өте оңды іс. Әсіресе, біз сияқты жас мамандарға көмегі көп. Бірақ бір кемшілік бар. Түйіндемеңді алып қалған мекемелер кейін хабарласып, бір шешімін айтса дейсің. Өйткені өзімді екі-үш мекеме жауапсыз қалдырды. Түйіндеме тапсырып, хабар күтіп жүресің. Ал олар мүлде хабарласпайды. «Аламыз, алмаймыз, түйіндемең сай келді, келмеді» деп бір хабарын, нақты қабылдаған шешімдерін айтса, үміттенбей, әрі қарай іздене бересің ғой. Бұл – жәрмеңкенің немесе жәрмеңкені ұйымдастырушылардың емес, жұмыс беруші мекемелердің кемшілігі. Кері байланыс жоқ. Ал жәрмеңкенің пайдасы орасан», – дейді ол.

«Қазақтелеком» АҚ-ға бастапқыда қатардағы инженер болып кірген оның үш жыл ішінде қызметі де өскен.

«Жұмысқа орналасқан кезде бір апта тәжірибелі маманның қасында отырып, жұмыстың қыр-сырын түсініп алып, білек сыбанып кірісіп кеттім. Жұмысқа бірінші санатты инженер болып кіргенмін. Үш жылда қызметім де өсті. Қазір – жетекші инженермін. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі жұмысқа жауаптымын, техникалық талаптарды қараймын, басшылықпен келісіп, бекітемін. Мемлекеттік органдардан сұраныс келеді, оған жауап жазамын, хат алмасу жұмыстарына араласамын. Аптасына бес күн жұмыс істеп, екі күн демаламын. Әлеуметтік пакет жақсы. МӘМС төленеді. Түрлі лагерь, сауықтыру сапарына барып тұрамыз. Ол енді кәсіподақтың ұйымдастыруына байланысты. Қатып қалған дүние жоқ. «Қазақтелекомда» өсуге, дамуға мүмкіндік көп. Зейнетке шыққан аға буынның орнын біз басамыз, қызмет баспалдағымен біртіндеп көтерілеміз. Мұнда үйренетін де, үйрететін де адамдар бар. Бес-он жылдан кейін жұмысымның жемісі көріне жатар. Қазіргі жоспарым – осы «Қазақтелекомда» өскім келеді», – дейді ол.

Тэгтер:

Атырау Жастар Рухы Жастарға жұмыс жәрмеңке Жас маман бос жұмыс орындары Әділбек Шайдуллин