Экс-күйеуінің сұхбаты үшін сотқа жүгінген Дариға Бадықова жеңіліп қалды (ВИДЕО)

Бүгін, 07:46 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында актриса Дариға Бадықовамен болған сот ісіндегі жеңісі туралы жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Заңгердің айтуынша, ол бұл процесте журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатысып, оның құқығын толық қорғап шыққан.

«Кезекті жеңісіммен бөліскім келеді. Біз сотта Дариға Бадықованы жеңдік. Бұл істе мен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың өкілі ретінде қатыстым және оны толық қорғап шықтым.
Дариға ханымның соттағы талабы қандай болды? 2025 жылғы 4 қазандағы YouTube-тағы сұхбатты шындыққа сәйкес келмейді деп тану, видеоны өшіру, айтылған сөздер үшін жария түрде кешірім сұрату, 1 000 000 теңге моральдық зиян өндіру, 2 500 000 теңге заңгерлік шығынды және 802 128 теңге сараптама ақысын өндіріп беру. Яғни материалды жою, журналист пен экс күйеуін жауапкер ету, кешірім сұрату және 4 миллион теңгеден астам қаржыны өндірту туралы талап қойылды.
Сот бұл талаптардың барлығын толық қанағаттандырусыз қалдырды», – деп жазды заңгер.

Инга Иманбай бұл істің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, журналистика мен құқық саласындағы білімі бұл процесте шешуші рөл атқарған.

«Менің бірінші жоғары білімім – журналистика, екінші мамандығым – заңгер. Сондықтан мен үшін заңгер ретінде сөз бостандығын қорғау кәсіби міндет қана емес, ішкі ұстаным. Бұл жерде мен ешкімнің жеке өміріне араласқан жоқпын. Мен қорғаған нәрсе – журналистің кәсіби еркіндігі, пікір алуандығы және авторды өз шығармашылық өнімін өшіруге мәжбүрлеуге жол бермеу принципі», – деді ол.

Сондай-ақ заңгер сотта нақты құқықтық аргументтер мен халықаралық стандарттарға сүйенгенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – бір адамды жеңу емес. Бұл – сөз бостандығын қорғау. Бұл – журналистиканы сот арқылы тұншықтыруға жол бермеу. Бұл – құқықтық мемлекет принципін қорғау», – деп түйіндеді Инга Иманбай.