Жетісу облысында 11 жылға сотталған экс-полиция сотқа жүгінді, деп хабарлайды turkystan.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Жетісу облысында қыз зорлады деген айыппен сотталған экс-полицей облыстық полиция департаментін сотқа берді. Ол құқық қорғау саласында 35 жыл еңбек еткенін, алайда өзіне берілген қызметтік пәтер туралы өтінішін облыстық полиция департаменті қарастырмай жатқанын айтқан.
Сотталғанның шағымын Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады.
"2016 жылы оған және оның отбасы мүшелеріне Талдықорған қаласында пәтер берілген. 2023 жылдың тамызында пәтер полиция департаментінің балансына берілгеннен кейін тараптар арасында қызметтік тұрғын үйді жалдау шарты жасалған. 2023 жылдың 25 тамызында талапкер тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапорт берген. Алайда полиция департаментінің тұрғын үй комиссиясы рапортты қарастырмай, тиісті шешім қабылдамаған", - дейді Жетісу облыстық сотында.
Ал Жетісу облыстық полиция департаменті пәтер туралы есептің уақытылы қаралмағанын растады, бірақ соттан талапарызды қараудан бас тартуды сұрады. Мүдделі тұлғалар-тұрғын үй қатынастары бөлімі және әкімдік дауды шешуді соттың қарауына қалдырды.
"Сот шешімімен экс-полицейдің әкімшілік талабы қанағаттандырылды. Жетісу облыстық полиция департаментінің тұрғын үйді жекешелендіру туралы талапкердің рапортын қарамауы заңсыз деп танылды. Жауапкерге тұрғын үй комиссиясының отырысында көрсетілген рапортты қарау және заңда белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылдау міндеті жүктелді", - дейді облыстық сотта.
Сот шешімі заңды күшіне енді.