Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің «Зеленый Север» жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынға Парламент өкілдері, қоғамдық институттар мен жастар ұйымдарының мүшелері, сарапшылар, мәдениет саласының өкілдері, сондай-ақ кәсіпорын басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Отырыста Аида Балаева жаңа Конституцияның еңбек ұжымдары үшін тікелей практикалық маңызы бар негізгі ережелеріне тоқталды. Премьер-министрдің орынбасары құжатта тұрақты әрі экологияға жауапкершілікпен қарауға бағытталған әлеуметтік кепілдіктер мен жауапкершілік мәселесі айқын бекітілгенін атап өтті.
«Еңбек ұжымы үшін Конституцияның мәні нақты әрі түсінікті. Жобада әр азаматтың еңбек етуге, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайын талап етуге және еңбекақы алуға құқығы бекітілген. Бұл – өте маңызды кепілдіктер. Себебі еңбек адамына деген құрмет жай ғана ұран емес, қоғам өмірінің ажырамас қағидасына айналуы керек. Аграрлық және жылыжай өндірісі үшін айрықша мәнге ие тағы бір мәселе бар. Конституцияда табиғатқа жанашырлықпен қарау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және келешек алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтар көрініс табады. Демек, даму жауапкершілікпен қатар жүруі қажет. Адамға, заң мен тәртіпке құрметпен қарап, болашаққа қамқорлық жасау – басты ұстаным болуы тиіс», – деді Аида Балаева.
Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауды жалғастыра отырып, «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» Директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Байтук әлеуметтік сала бойынша ой қозғады. Оның айтуынша, Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін сақтау, сондай-ақ отбасы, ана мен бала және мұқтаж азаматтарды қолдау қағидаттарын бекіту – жаңартылған Конституцияның басты бағдарларының бірі болып қала береді.
«Конституция жобасында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі сипаты нақты айқындалған, әлеуметтік бағыт толық сақталған. Бұл – отбасыларды, балаларды, көпбалалы аналарды және көмекке зәру жандарды қолдауға қатысты мемлекеттің міндеттемелері өзгеріссіз қалады деген сөз. Қаржы көлемі жөнінде пікірталас болуы мүмкін, алайда әлеуметтік саясат – мемлекеттіліктің өзегі әрі адамгершілік қағидат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік мәселелерде халықты әрдайым қолдау қажет екенін үнемі айтып келеді», – деді Ғалым Байтук.
Кездесу соңында қатысушылар Конституция жобасындағы негізгі ережелердің тәжірибелік мәніне тоқталып, әр азаматтың жаңа Конституциямен жеке танысуының маңызын сөз етті.