Кентау тұрғыны зергерлік шеберханадан 9 млн теңгенің бұйымын ұрлап кеткен

Бүгін, 17:37 / Алуа Арман
polisia.kz

Кентауда 9 миллион теңге шығын келтірген ұрлық дерегі бойынша күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, белгісіз тұлғалар зергерлік шеберхана-дүкеннің есігін бұзып кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 9 миллион теңгені құрады.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын және өзге де айғақтарды зерделеп, ұрлық жасады деген күдіктінің ізіне түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер бұрын сотталған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады.

Жүргізілген тінту кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігі және басқа да заттай айғақтар тәркіленді.

Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бағытында қажетті тергеу әрекеттерін жалғастыруда.

Полицейлер азаматтарды сақтық шараларын ұстануға, құнды заттарды сенімді жерде сақтауға және ұрлық пен өзге де құқыққа қарсы әрекеттер орын алған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

Тэгтер:

ұрлық алтын Кентау зергерлік бұйым шеберхана