«Сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф»: Президент Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады

Бүгін, 15:17 / Інжу Әлихан
Ақорда

Ақорда резиденциясында ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты.

– Отандасымыз Михаил Шайдоров тамаша өнер көрсетті. Мәнерлеп сырғанаудан алтын медальға ие болып, көк Туымызды Олимп шыңына көтерді. Сондықтан Михаилға алғысымды білдіріп, құтты болсын дегім келеді. Ақордада жиналып отырған адамдарға, ең алдымен, Михаилдың әкесі мен жеңімпаздың бапкеріне ризашылығымды айтамын. Баршаңызды тағы да шын жүректен құттықтаймын! Сіздер қажырлы және табанды еңбектің арқасында Михаилды мықты спортшы, нағыз дарын иесі ретінде бүкіл әлемге паш еттіңіздер. Халқымыз Михаилды мақтан тұтады, ал жас буын одан үлгі алады. Олимпиада жеңімпазы болу – биік мақсат жолында кез келген қиындықты жеңу, яғни, ұзақ әрі күрделі жолға дайын болу деген сөз. Темірдей тәртіппен күн сайын тынымсыз жұмыс істеген адам ғана зор табысқа жетері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровтың жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналатынына назар аударды.

– Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз, тарихи жетістік, нағыз триумф. Кортина д’Ампеццо мұз айдынында отандасымыздың жұлдызы жарқырады. Бұл – Олимпиада чемпионының өзін-өзі шыңдап, өз күшіне сенгенінің, мәнерлеп сырғанау сияқты аса қиын спорт түріне деген ерекше махаббатының жемісі, – деді Президент.