Павлодарда «Халықтық, Әділетті және Прогрессивті Қазақстан Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалиция өкілдерінің АО «Алюминий Казахстана» ұжымымен кездесуі өтті. Әңгіме хаттамалық сипаттан аулақ, мазмұнды, кей тұста өткір, бірақ шынайы әрі ашық форматта өрбіді, деп хабарлайды turkystan.kz Жалпыұлттық коалиция сайтына сілтеме жасап.
Қобланбек Қожин, Гүлмира Мусинова мен Евгений Миронов жаңа Конституцияның негізгі ережелерін жан-жақты әрі түсінікті тарқатып берді. Негізгі басымдық – еңбек адамының мемлекеттегі ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы. Жаңартылған Негізгі заңда еңбекқорлық қоғамның базалық қағидаттарының бірі ретінде бекітіліп, еңбек ету, әділ еңбекақы алу және кемсітушіліктен қорғану құқығы тікелей конституциялық кепілдікке ие болады.
Жұмысшылар ресми сұрақтармен шектелген жоқ. Оларды нақты мәселелер толғандырды: өндірістегі қауіпсіздікке көзқарас өзгере ме, қызметкердің өз құқығын қорғаудың шынайы, декларативті емес тетігі бола ма деген сияқты сауалдарын ортаға тастады.
Спикерлер жеке және ұжымдық еңбек дауларына құқық Конституция деңгейінде бекітілетінін, ал өз құқығын қорғау заңды әрекет ретінде танылатынын атап өтті. Бұл қызметкердің жалақыны, жұмыс кестесін, еңбек жағдайы мен қауіпсіздікті қорғауға – қысымнан немесе жұмыстан босатылу қаупінен қорықпай, тіпті Конституциялық сотқа дейін жүгінуге берік құқықтық негіз алатынын айтты.
«Жаңа Конституция еңбек адамын мемлекеттік саясаттың өзегіне қояды. Жұмысшы – құқықтары ең жоғары деңгейде қорғалған толыққанды субъект. Мемлекет лайықты еңбекке, қауіпсіздікке және әлеуметтік қорғауға декларативті емес, нақты құқықтық кепілдік беруге міндеттенеді», – деп атап өтті Евгений Миронов.
Талқылаудың жеке бөлігі еңбек қауіпсіздігіне арналды. Мемлекет те, жұмыс беруші де гигиена мен еңбек қорғау талаптарына сай жағдай жасауға тікелей жауапты екені баса айтылды. Енді өмір мен денсаулыққа төнген қауіп «өндірістік қажеттілікпен» ақталмауы тиіс.
Экологиялық тақырып та назардан тыс қалмады. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері Конституцияның жаңа редакциясындағы экологиялық құрамдастың күшейтілуін оң бағалап, заманауи өндіріс қоршаған орта мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліксіз мүмкін еместігін атап өтті.
Цифрлық құқықтар мәселесі де қозғалды. Кездесу қатысушылары жобада алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау, цифрлық өзара іс-қимыл қауіпсіздігін қамтамасыз ету және онлайн-кеңістіктегі құқықтық кепілдіктерді бекіту қарастырылғанын айтты. Еңбекші жастардың пікірінше, бұл күнделікті өмірдің жедел цифрлануы жағдайында аса өзекті.
Кездесу ашық диалог пен өзара құрмет жағдайында өтті. Зауыт жұмысшылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды, ал коалиция өкілдері елдің өнеркәсіптік қуатын ұстап тұрған жандардан шынайы кері байланыс естіді. Әңгіме есеп үшін емес, нақты іс үшін болды.