Бітімгерлер әрқашан  сақадай сай

Бітімгерлер әрқашан  сақадай сай

Бітімгерлер әрқашан  сақадай сай
ашық дереккөзі
Әлемдік татулық пен тұрақтылықты қолдау мақсатында құрылған Бітімгерлік батальоны бірқатар мемлекеттерде бейбітшілік орнатуға атсалысты. Таяуда бір топ мәжіліс депутаттары Алматыға арнайы ат басын бұрып, «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқыту орталығында болды. Бітімгер сарбаздардың оқу-жаттығуларына, әскери дайындықтарына баға берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, генерал Бақытжан Ертаев пен генерал Абай Тасболатов жауынгерлердің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Қазақстан әскерінің элитасы саналғанымен, жұрт бітімгерлік бөлімшелер туралы көп білмейді. Олар ең қауіпті аймақтарда БҰҰ миссияларына қатысады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бітімгерлер сапына енуге ниеттілер қатары қалың көрінеді. Сондықтан да іріктеудің қатаң тәртібі бекітілген. Осы орайда денсаулық жағдайы, спорттық даярлығы, кәсіби дағдылары, тілдерді меңгеруі, психологиялық тұрақтылығы және басқа да жеке қасиеттері ескеріледі. Бітімгер сарбаздардың барлығы шет тілдерін меңгерген. Саптағы сарбаздар арасында нәзік жандылар да бар. Халықаралық заңнамаларға сәйкес, батальонның 10 пайызы қыздардан тұруы тиіс. Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мәжілісмендер «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» оқыту орталығының тыныс-тіршілігімен танысқан соң, «Бітімгершілік контингентті дайындау» және «Қазақстан Республикасының бітімгершілік іс-шаралары туралы» Заңның іске асырылу барысы» тақырыбы бойынша отырыс өткізді. Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілген көшпелі отырыста еліміздің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіндегі басымдықтары мен бітімгершілік мақсатта атқарылып жатқан жұмыстары төңірегінде әңгіме өрбіді. Әскери медицина, минадан тазарту және радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс орталықтарының командирлері Руслан Исеев, Рафик Ажғалиев, Бақыт Абдуллаев арнайы баяндама жасап, қарапайым халыққа гуманитарлық көмек көрсету, соғыс алаңдарын минадан тазарту сияқты соғыс жағдайындағы тактикалық іс-қимылдар, сондай-ақ, әскери қызметкерлерге шет тілдерін қарқынды әрі жедел оқыту әдіс-тәсілдерімен таныстырды. Аталмыш жиында десанттық-шабуылдаушы әскерлердің құрамына кіретін «Қазбат-1», «Қазбат-2», «Қазбат-3» аталатын үш батальоннан тұратын «Қазбриг» Қазақстан бітімгершілік бригадасының жеке құрамы таныстырылды. Депутаттар 61993 әскери бөлімшесіндегі заманауи қару-жарақ, техникалық база, әскерлердің тактикалық дайындығы және әскери бөлімнің жалпы жағдайымен танысты. Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың айтуынша, бейбіт мақсатта көмек көрсетуге дағдыланған бітімгерлік батальоны жыл сайын халықаралық жаттығуларға қатысады. Былтыр Германияда, Ұлыбританияда өткен жаттығуларда шеберлік көрсетті. Осы уақытқа дейін соғыс қимылдары жүріп жатқан бірнеше елде офицерлеріміз бақылаушы ретінде болып, жоғары деңгейдегі маман екендіктерін дәлелдеп қайтқан. Ал дәстүрлі «Дала қыраны» атты халықаралық жаттығуға дайындық жүріп жатқан «Іле» оқу-жаттығу орталығында нақты әскери дайындықтар көрсетілді. Бітімгерлік батальон кез келген жерге барып, әскери базаны орналастыра алады. Базаға тұтқиылдан шабуыл жасалған жағдайда атқарылатын алғашқы қарсы тұру және қорғану қимылдары, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген әскери медициналық пункттердің жұмыс барысы, наразылық шерулерін бейбіт жолмен басу, минадан тазарту секілді күрделі жаттығулардың қандай тәртіппен орындалатыны депутаттар назарына ұсынылды. Оқу-жаттығу жұмыстарына оң баға берген Мәулен Әшімбаев: «Соңғы жылдары Қазақстан әлемге бітімгершілік миссияларымен танымал болып жүргенін білесіздер. Атап айтсақ, Иран, Украина, Сирия мемлекеттеріндегі жағдайдың тұрақталуына барынша ықпал етіп келе жатыр. Осыдан біраз уақыт бұрын Түркия мен Ресей арасындағы шиеленіскен қарым-қатынасты реттеуге де Елбасының тікелей араласқаны белгілі. Қазақстан бітімгершілік миссиясын атқаруда тек дипломатиялық жолмен ғана емес, керек кезінде әскери құрылымдарды да жіберуге дайын. «Қазбат» бітімгерлік батальоны осы мақсатта құрылғаны белгілі. Бүгінгі мақсатымыз да осы «Қазбаттың» дайындығын пысықтау. Көзіміз көргендей, біздің бітімгерлік контингентіміз БҰҰ аясында гуманитарлық акцияларды жүзеге асыруға, бейбіт халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын», – деді.   Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ