Eotvos Lorand University ғалымдары мысық пен адам арасындағы қарым-қатынас ерекшелігін зерттеп, қызық қорытындыға келді. Нәтижелер Applied Animal Behaviour Science журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында 15 «мысық-терапевт» және 13 кәдімгі үй мысығы арнайы бөлмеге орналастырылған. Онда жануарлардың қасында иесі және бейтаныс адам болған. Ғалымдар олардың мінез-құлқын бақылаған.
Эксперимент нәтижесі бойынша мысық-терапевттер иесіне де, бейтаныс адамға да бірдей достық қарым-қатынас көрсеткен. Тіпті иесі бөлмеден шыққанда да мінезі айтарлықтай өзгермеген. Ал қарапайым үй мысықтары иесіне де, бөгде адамға да ерекше реакция білдірмеген.
Зерттеушілер «ешбір топта иесіне тән айқын эмоционалдық байланыс белгілері анықталмады» деген қорытынды жасаған. Тіпті иелері «өте ерке, өте бауырмал» деп сипаттаған мысықтар да тәжірибе кезінде айқын айырмашылық көрсетпеген.
Ғалымдар мысықтардың табиғаты иттерден өзгеше екенін атап өтеді. Иттер иесіне әлеуметтік тәуелділік арқылы байланыс орнатса, мысықтар тәуелсіз мінезге бейім. Бұл олардың иесін мүлде «жақсы көрмейді» дегенді білдірмейді, тек эмоцияны басқаша білдіреді деген сөз.