Алматыда LRT желісінің құрылысы қашан басталатыны белгілі болды

Бүгін, 11:06 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Алматы қаласында LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжатқа сәйкес, LRT депосы ЖЭО-2 учаскесінен шығысқа қарай Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады.

Деподан басталатын жылдам рельсті көлік желісі Б.Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, одан әрі Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады.

Осы жерден маршрут солтүстікке қарай бұрылып, Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 теміржол вокзалына дейін барады.

Соңғы аялдама «Райымбек батыр» көлік-ауысып отыру торабы аумағында орналасады. Бірінші желінің ұзындығы 17,893 км болады.

— Жобаланып отырған LRT желісі «Дарабоз», «13», «Ғажайып», «Нұркент» шағын аудандарын, сондай-ақ «Алатау сити» мен «Алмалы» тұрғын үй кешендерін қаланың орталық бөлігімен байланыстырады және екі жолды болады. Желі негізінен Б.Момышұлы, Төле би көшелері мен Абылай хан даңғылының бойындағы оқшауланған жол төсемі арқылы өтеді. Желі құрамында 34 трамвай платформасы қарастырылған, оның ішінде 12-сі аралдық типті және 22-сі жол шетіндегі типті, — делінген құжатта.

Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, LRT желісі құрылысының жалпы ұзақтығы — 24 ай болса, оның ішінде құрылыстарды бұзу мен инженерлік желілерді көшіруді есепке алғандағы дайындық кезеңі — 7 айға жетеді. Құрылыс жобасын іске асыру мерзімі 2027-2029 жылдарға жоспарланған. 2027 жылдың ІІ тоқсаны құрылыс басталып, 2029 жылдың ІІ тоқсанында құрылысы аяқталуы ықтимал.

«Метропроект» ЖШС әзірлеген құжатта тарихи орталық пен өнеркәсіптік аудандар арасында сенімді көлік байланысын қамтамасыз ету үшін болашақта LRT желісінің 2-ші кезегі салынатыны жазылған. Ол «Барлық» көлік-ауысып отыру торабынан Момышұлы көшесіне дейін салынады және «Алматы-2» теміржол вокзалын «Шығыс қақпасы» полиорталығымен байланыстырады.

Еске салайық, Алматыда LRT салу бастамасы 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба нұсқасында ұзындығы 22,7 шақырымды құрайтын екі бағытта 37 станция салу жоспарланған.