Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Қазақстанға келді

Бүгін, 05:17 / Нұрлан Әлинұр
Kazinform

Әлемдік додада көк туымызды желбіреткен отандасымыз Михаил Шайдоров пен аталмыш спорттық бәсекеде жоғары нәтиже көрсеткен Софья Самоделкина Қазақстанға келді, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.

Отандастарымызды туған-туыстары, достары және жанкүйерлері елордадағы әуежайдан қошеметпен қарсы алды.

Өз кезегінде Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Геннадий Головкин Олимпиада чемпионына ризашылығын білдіріп, ел мерейін асқақтатқан спортшыға құрмет көрсету керек екенін атап өтті. 

– Біздің елімізде де мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы бар. Осындай чемпионымызбен мақтанамыз, - деді Головкин.

Салтанатты іс-шарада Шайдоров, Самоделкина және олардың жаттықтырушыларына пәтер кілттері табысталды. 

Көк туымызды көкте желбіреткен Михаил Шайдоров қысқы Олимпиадада тақым қысып, тілеулес болған отандастарына ризашылығын жеткізді. 

– Мен барша жанкүйерге қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіремін және еліміздің атын әлемдік аренада таныту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын, - деді Олимпиада чемпионы.