Ақтөбе облысында тағы бес ауыл ішімдіктен бас тартты

Бүгін, 16:18 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Ақтөбе облысында қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған "Ішімдіксіз ауыл" акциясы өз нәтижесін беріп келеді. Өткен жылы өңірде алкоголь өнімдерін сатудан ерікті түрде бас тартқан 35 елдімекен тіркелсе, биыл бұл бастамаға тағы бес ауыл қосылды. Осылайша облыстағы ішімдіксіз елді мекендердің жалпы саны 40-қа жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл шешім "Қауіпсіз аула" және "Алкогольсіз аула" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында қабылданды. Төрт ауданның құрамындағы ауыл тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан өз еріктерімен бас тартып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда.

Жүргізілген талдау нәтижелері соңғы бес жыл ішінде мұндай ауылдарда қылмыс деңгейінің тұрақты түрде төмендегенін көрсетіп отыр. Бұл бастаманың тиімділігін нақты дәлелдейтін мысалдардың бірі – Шалқар ауданындағы Шетырғыз ауылы. Аталған елді мекен тұрғындары 2020 жылы алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан. Соның нәтижесінде соңғы алты жыл ішінде ауыл аумағында бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет аудандар да бар. Атап айтқанда Алға, Хромтау және Қарғалы аудандарында алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан ауылдар саны әзірге аз. Осыған байланысты түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту көзделуде.

Тәжірибе көрсеткендей, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту – құқық бұзушылықтардың алдын алудың, қоғамдық тәртіпті нығайтудың және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі.

Алдағы уақытта "Ішімдіксіз ауыл" акциясына қосылатын елді мекендер санын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады. Бұл бастама қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.