«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында тұрғындар мәселесі ескерілді

Бүгін, 15:20 / Алуа Арман
AMANAT партиясының баспасөз қызметі

24 ақпанда «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау алаңында Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен азаматтарды қабылдау өтті. Кездесуге елдің түрлі өңірінен сегіз адам жазылған. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау, газдандыру, баспана, ауылды елдімекендерге жеңілдетілген несие беру, республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселелері баса айтылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өз қызының өміріне араша түсуді өтініп, көмек сұрай келген Ардақ Төлегенованың оқиғасы жүректі қозғады. Оның қызы Меруерт қанның қатерлі ісігіне шалдыққан. Алғаш рет бұл диагноз Қазақстанда қойылған, бірақ ол кезде донор табылмаған. Кейін отбасы Түркияға барып, ондағы емханада қыздың өз жасушаларын трансплантациялаған. Өткен жылдың қараша айында рецидив қайталанған. Қазір ол қайтадан Түркияда ем алып жатыр. Алда донордан жілік майын алып, ауыстыру керек. Ота құны – 70 млн теңгеге жуық. Бұл қаражатты қыздың отбасының қалтасы көтермейді.

«Менің қызым алғаш рет 2023 жылы ауырды. Мұнда донор таппағандықтан біз түрік емханасына жүгіндік. Онда өз жасушаларынан алып жілік майын ауыстырды. 2025 жылы рецидив басталды. Бұл дегеніміз – онда жасушалардың жұлдызшалары пайда болды деген сөз. Қазір қызым түрік емханасында химия алып жатыр. Қазір соңғы сатысындамыз. Наурыз айында жілік майын ауыстыру жоспарланған. Қазір мен жан-жақтан демеушілер іздеп жатырмын. Емханада донорларға 70 млн теңге төлеу керек. Қызым екі жыл қатерлі ісікке шалдыққан балалармен жұмыс істеп, оларға үміт сыйлап, шабыттандырды», – дейді қыздың анасы.

Ардақ Төлегенованың айтуынша, Қазақстанда донор мәселесі өте өзекті болып тұр. 20 миллионнан астам халықтан ұлттық тіркеуіште бар болғаны 16 мыңға жуық жілік майының доноры тіркелген.

Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев партияның қоғамдық қабылдаулары азаматтар мен мемлекет арасында көпір болып қала беретінін айтты.

«AMANAT партиясының азаматтарды қабылдауы – бұл халыққа көмектесудің жүйелі бір түрі. Себебі тұрғындар мемлекеттік мекемелерге жүгінеді, бірақ шешім әрдайым оң бола бермейді. Азаматтар инстанциялардың бәрін өтіп болғанда оларға «AMANAT-қа барыңдар, көмектеседі» дейді. Бұл бізді қуантады. Себебі азаматтардың көмек алуға сенімі бар», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, ем мен қайырымдылық көмек туралы ғана емес, жер, баспана, кәсіпкерлік пен бизнесті цифрландыру мәселелдері де талқыланды. Қабылдауға айтылған барлық өтініш әрі қарай қарау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

Көмек – мемлекет пен қорлар арқылы жүзеге асырылады

Қолдау механизмдері туралы сұраққа жауап берген депутат бірегей көмек бағдарламасы жоқ екенін атап өтті. Жұмыс қолданыстағы заңнама аясында, яғни мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жүгіну арқылы жүргізіледі. Қажет болған жағдайда қайырымдылық қорлары мен демеушілер арқылы шешіледі.

«Адам капиталы – басты назарда. Егер ем немесе материалдық көмек қажет болса қолдау көрсетеміз, қорларға жүгінеміз, шешім жолдарын түсіндіреміз», – деді Ергешбаев.

Қабылдауға келген азаматтар жеке мәселелерін де, ортақ мәселелерді де көтерді. Астаналық кәсіпкерлер бизнесті басқару үшін цфирлық шешімдерді енгізуді ұсынды.

«Біз мобильді қосымша ұсынамыз. Онда тауарға тапсырыс беріп, шот-фактураны бақылауға, бірыңғай база құруға болады. Бұл мониторинг жұмысын жеңілдетіп, жұмысты ашық ете түседі», – деді келушілердің бірі.

Келушілердің тағы бірі – аралас жекпе-жек бапкері ғимарат алуға көмектесуді сұрады. Оның айтуынша, Астанада бірнеше жылдан бері қыздар үшін тегін жаттығулар өткізіліп келеді. Сонымен қатар үйдегі зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесетін бірлестік жұмыс істеп түр. Қатысушы қыз-келіншектер саны 350 адамнан асады, бірақ қазіргі ғимарат тар болып тұрған көрінеді.

Депутат сондай-ақ ауылды елді-мекендердегі баспана құрылысына жеңілдікпен несие беру мәселесі де көтерілгенін тілге тиек етті. Шымкенттегі балабақшалардың жұмысына шағым түсірілген. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау және бюджет қаражатын бөлу мәселелері де талқыланған.

Кездесу барысында айтылған барлық өтініш-шағымдар әрі қарай қарау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

AMANAT партиясындағы  қоғамдық қабылдау  бекітілген кесте бойынша өтеді. Мәжіліс депутаттары ел тұрғындарының өтініштерін жүйелі түрде қарауға міндетті.

Тэгтер:

Аманат партиясы қоғамдық қабылдау