WhatsApp-та көптен күткен жаңа функция іске қосылады

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

WhatsApp мессенджерінде хабарлама жіберуді алдын ала жоспарлап қою мүмкіндігі іске қосылады. Бұл жаңартуды WABetaInfo мамандары iOS жүйесіне арналған соңғы бета-нұсқадан байқаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа мүмкіндік «Жоспарланған хабарламалар» деп аталады. Пайдаланушылар хабарламаны жеке чатта да, топтық әңгімеде де алдын ала белгіленген күн мен уақытқа жоспарлай алады. Ол үшін «Жіберу» батырмасын басып ұстап тұрып, «Жоспарлау» деп таңдау керек. Кейін нақты күн мен уақытты көрсетуге болады.

Алайда Telegram-дағыдай «қолданушы желіге кірген кезде жіберу» опциясы әзірге қарастырылмаған.

Жоспарланған хабарламаларды көру үшін контакт профиліне кіріп, «Жоспарланған хабарламалар» бөліміне өту қажет. Бұл бөлім «Медиа, сілтемелер және құжаттар» мен «Таңдаулылар» бөлімдерінің астында орналасады. Мұнда хабарламаны алдын ала өңдеуге, уақытын өзгертуге немесе «Қазір жіберу» батырмасын басуға болады.

WABetaInfo мәліметінше, әзірлеушілер бұдан бөлек бірқатар жаңарту дайындап жатыр. Олардың қатарында жасырын хабарламаларды қолдау, аккаунттарға арналған қосымша құпиясөз және iPhone үшін Liquid Glass деп аталатын жаңа дизайн бар.

Айта кетейік, 2026 жылдың ақпанында WhatsApp топтық чаттар үшін хат алмасу тарихын сақтау функциясын таныстырған еді. Жаңа жоспарлау мүмкіндігі қолданушылардың күнделікті байланысын одан әрі ыңғайлы етпек.

Тэгтер:

WhatsApp функция жоспарлау