Қытайдың «Шэньчжоу-21» миссиясы экипажы «Тяньгун» орбиталық станциясында қызанақтан мол өнімін алды. Бұл туралы Xinhua агенттігі хабарлады. Эксперимент ғарыш жағдайында азық-түлік өсіру технологияларын сынаудың маңызды кезеңі ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызанақ өсіруге арналған аэропондық жүйені Қытайдың ғарышкерлерді даярлау орталығының зерттеу тобы әзірлеген. Қондырғыда арнайы жасалған жарықдиодты шамдардың спектрі қолданылады – ол энергия тиімділігін арттырады. Су өсімдік тамырларына ұсақ тұман түрінде бүркіледі, бұл ылғалды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік береді.
Ғарыштық «жылыжай» станцияға 2025 жылдың шілдесінде «Тяньчжоу-9» жүк кемесімен жеткізілген. Жобаның мақсаты – микрогравитация жағдайында өсімдіктерді тиімді өсірудің негізгі технологияларын сынақтан өткізу. Мұндай зерттеулер болашақтағы ұзақ мерзімді миссиялар үшін аса маңызды, өйткені биорегенеративті тіршілік жүйелері экипажды азық-түлікпен және оттегімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Ғарышкерлер күн сайын қызанақтың өсуін бақылап, деректерді тіркейді. Олардың айтуынша, өсімдіктерге күтім жасау тығыз жұмыс кестесінде психологиялық серпін береді. Экипаж мүшесі Чжан Лу ғарыштағы жасыл желекті көру ерекше әсер сыйлайтынын және алдағы ғылыми тапсырмаларға сенім ұялататынын айтқан.
Алдағы уақытта «Тяньгун» станциясының «ғарыш бағында» бидай, сәбіз және дәрілік өсімдіктерді аэропондық әдіспен өсіру жоспарланып отыр. Осылайша, орбиталық ортада өсіруге болатын дақыл түрлері көбеймек.