Аида Балаева: Тарихи мұра мен ұлттық құндылықтарды қорғау – ортақ міндет

Бүгін, 12:22 / Дана Ізтілеуова

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Жаңа Конституция жобасында алғаш рет мәдениет пен білім елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде айқындалғанын айрықша атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа Конституция жобасында алғаш рет мәдениет пен білім елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының құрамдас бөлігі ретінде айқындалды. Бұл мемлекеттік модельдің тек билік институттарына ғана емес, сонымен қатар адами құндылықтарға негізделетінін білдіреді. Құжаттың преамбуласында-ақ Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы бекітіліп, мәдениетке, білімге, ғылым мен инновацияларға арқа сүйеу қағидаты айқын көрініс тапқан.

3-бапта тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау Қазақстан Республикасының егемендігін қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнықтыру және ел бірлігін нығайту секілді іргелі қағидаттармен бір деңгейде белгіленген. Бұл – аса маңызды қадам.

Сонымен қатар, құжатта адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновациялар алғаш рет мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыттары ретінде айқындалып отыр», – дейді министр.

Сонымен қатар ол 40-баптың да маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Онда тарихи және мәдени мұраны сақтау әрбір азаматтың міндеті ретінде бекітілген. Бұл – стратегиялық тұрғыдан маңызды шешім. Тарихи мұраны сақтау, мәдени және тарихи ескерткіштерге құрметпен қарау – тек мемлекеттің ғана емес, әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Әрбір қазақстандық осы өзгерістердің мәнін терең түсінуіге тиіс. Өйткені мәдениетті мемлекеттің стратегиялық ресурсы ретінде айқындау және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті нығайту қашанда маңызды», – дейді министр.