Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Жалпыұлттық коалиция аясында Астана қаласында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылауға және түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алғашқы кездесу этномәдени бірлестіктер мен Достық үйі қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Еркін форматтағы ашық диалог барысында қатысушылардың сауалдарына жауап беріліп, азаматтық сектор өкілдерінің конституциялық қағидаттарды іске асыруға қатысу тетіктері талқыланды. Кездесу пікір алмасуға, ұсыныстар айтуға және қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған мазмұнды алаңға айналды.
Сенатор Бибігүл Жексенбай өз сөзінде Конституцияның қоғам өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
«Конституция – бұл шектеулі шеңбердегі заңгерлер ғана емес, сан саланың мамандарының, қоғам қайраткерлерінің, белсенді азаматтардың қатысуымен әзірленген еліміздің даму стратегиясын айқындайтын халықтық, тарихи құжат. Ол – мемлекет пен оның азаматтары арасындағы негізгі қоғамдық келісім. Яғни мемлекеттік міндеттемелер де, әр азаматтың құқықтары мен міндеттері де нақты айқындалған. Жаңа редакцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жеке өмірге қол сұқпау, дербес деректердің қауіпсіздігі айтарлықтай күшейтілді», – деді Б.Жексенбай.
Сонымен қатар талқылау барысында сенатор институционалдық өзгерістерге де назар аударылды.
«Жаңа Конституцияда Парламенттің тек атауы ғана емес, рөлі де күшейтіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік жүйесі қалыптастырылады», – деп атап өтті.
Кездесу соңында сенатор Конституция тек құқықтар жиынтығы ғана емес, ортақ жауапкершіліктің де көрінісі екенін баса атап өтілді.
«Конституция – бұл тек мемлекетке қойылатын талап емес, бұл әрқайсымызға қойылатын талап. Сондықтан 15 наурызда өтетін бүкілхалықтық референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасау – әр азаматтың азаматтық парызы», – деп түйіндеді Сенат депутаты.