Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының қызметкерлері жаңа Конституцияны қолдады

Бүгін, 11:09 / Дана Ізтілеуова

Маңғыстаудағы маңызды стратегиялық нысанның бірі «МАЭК» ЖШС (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ұжымы жаңа Конституцияны қолдады. Бүгінде кәсіпорында 3500-ден астам адам еңбек етеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«МАЭК» ЖШС – өңірдегі стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысан. Кәсіпорын облыс халқын тұрақты электр қуатымен, су және жылумен қамтамасыз етіп, тұрғындардың тіршілік тынысын үздіксіз қолдап келеді. Әрбір қызметкер өңірдің орнықты дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға өз үлесін қосуда.

Ұжым атынан кәсіпорын басшысы Кинис Урақов сөз сөйлеп, референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің және еңбек ұжымының саналы ұстанымының көрінісі екенін атап өтті.

«Біз күн сайын өңіріміздің дамуы мен тұрақтылығы үшін еңбек етеміз. Әр қызметкердің еңбегі – Маңғыстаудың өркендеуіне қосылған үлес. Референдум – еліміздің болашағын өз дауысымыз арқылы айқындауға берілген маңызды мүмкіндік. Шешімді бірге қабылдай отырып, біз сенімді, тұрақты әрі гүлденген Қазақстан үшін жауапкершілігімізді көрсетеміз. Болашақ әр дауыста, әр әрекетте, әр адамның таңдауында. Біз, МАЭК ұжымы, жаңа Конституцияны толық қолдаймыз», – деді Кинис Урақов.

Кәсіпорын ұжымы жаңа Конституция мемлекеттілікті одан әрі нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағытталғаны атап өтті.

«МАЭК» ЖШС өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі ретінде өзінің белсенді азаматтық ұстанымын білдіріп, елдің дамуы мен өркендеуіне бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін растады.