Қостанай облысында колледжде өрт болып, бір адам қаза тапты

Бүгін, 10:39 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай облысының аумағында екі күн ішінде екі өрт тіркелді. Соның бірі адам өліміне әкелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

21 ақпанда Федоров ауданына қарасты Жаркөл ауылындағы колледж ғимаратынан түтін шыққаны туралы хабар түсті. Өрт екі қабатты зертханалық корпустың бірінші қабатындағы қосалқы бөлмеде болған.

Барлау жұмыстары барысында құтқарушылар 1968 жылы туған ер адамды ес-түссіз күйде тапты. Ол эвакуацияланып, дәрігерлерге тапсырылғанымен, зардап шегушіні аман алып қалу мүмкін болмады. Өлімнің нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды. Өрттің шығу себептері анықталуда, өрт-техникалық сараптама тағайындалды.

Бұған дейін, бір күн бұрын, Ұзынкөл ауданының Крутоярка ауылында жеке тұрғын үй толықтай жанып кетті. Оқиға орнына алғаш болып көршілес Пресногорьковка ауылынан ерікті құтқарушылар жеткен, алайда ол кезде үйді өрт толық шарпыған.

Куәгерлердің айтуынша, үйге баратын жол қардан тазартылмағандықтан, өрт сөндіру техникасының жетуі қиындаған. Олардың сөзінше, көше қыс бойы тазаланбаған, бұл арнайы техниканың жедел жетуіне кедергі келтірген.

Адам шығыны болған жоқ, алайда төрт адамнан тұратын отбасы баспанасыз қалды. Өрт сөндірілді, себептері анықталуда.

Тэгтер:

Қостанай облысы өрт