Атырау облыстық перинаталдық орталығында 2026 жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді. Қуанышты оқиға Мақат ауданының 29 жастағы тұрғынының отбасында тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл жолы отбасы үш бірдей қызды құшақтарына алды. Сәбилерге ата-анасы Қымбат, Сымбат және Қарақат деп есім берген.
Бұған дейін аталған отбасында бір ұл және екі қыз тәрбиеленіп келген. Үшемнің дүниеге келуімен шаңырақтағы бала саны алтауға жетті
Үшем сәбилер 1 921 грамм, 2 275 грамм және 2 204 грамм салмақпен, бойлары 44–45 сантиметр болып дүниеге келді. Қазіргі уақытта сәбилердің де, анасының да жағдайы жақсы.
Айта кету керек, Атырау облысында үшемдердің дүниеге келуі сирек кездеседі. Соңғы рет мұндай жағдай 2024 жылы тіркелген.
Жалпы, 2025 жылы Атырау облысында 13 906 сәби дүниеге келді.