Жаңаөзенде өндірістік құбырларды ұрлаған күдіктілер ұсталды

Бүгін, 15:28 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Жаңаөзен қаласында қара металл ұрлау дерегі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, №1 Мұнай және газ өндіру басқармасының аумағынан бұрын қолданылған диаметрі 720 мм өндірістік құбырлар шығарылып, қара металл қабылдау орнына өткізілген.

«2026 жылғы 19 ақпанда Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен, су, әуе және теміржол көлігінде жасалатын қылмыстардың алдын-алу және анықтау мақсатында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері мен жедел әрекет ету арнайы жасақ қызметкерлері қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, квазимемлекеттік секторға тиесілі диаметрі 720 мм өндірістік құбырларды ұрлап, оларды қара металл қабылдау орындарына өткізген.

Қара металл қабылдау орнын тексеру кезінде жалпы саны 24 дана, диаметрі 720 мм құбыр табылып, заңды иесіне жауапкершілікпен сақтау үшін тапсырылды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - делінген хабарламада.