Президент Astana Team балалар хоккей командасын Канадада өткен Quebec International Pee-Wee Hockey Tournament халықаралық жарысында жеңіске жетуімен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.
«Мемлекет басшысы қазақстандық клубтың cенсациялық жетістігі отандық спорттағы айтулы уақиға екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары шеберлік деңгейі мен жеңіске деген ынта-жігерін паш етіп, ақтық сында хоккейдің отаны саналатын канадалықтардан басым түскен өрендерімізге ризашылығын жеткізді.
Президент жас хоккейшілердің табанды түрде жаттығып, күш-қайраттарын шыңдап, бұдан да биік асуларды бағындыруына тілектестік білдірді», – деп жазды А. Смадияров.