Қостанайда паразиттері бар кәмпит сатылған

Бүгін, 14:37 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қостанай қаласының тұрғыны кәмпитті қаладағы супермаркеттердің бірінен сатып алған. Келесі күні қаптаманы ашқан кезде ішінен зиянкес жәндіктерді анықтаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Уәкілетті органға жүгінгеннен кейін өнімнің паразиттермен зақымданғаны ресми түрде расталды.

«Талап қоюшы өзіне келтірілген моральдық зиянды өтеу үшін 2 000 000 теңге өндіруді сұрады. Ол сапасыз тауар сатып алғаны үшін балалардың алдында өзін кінәлі сезінгенін, жиіркеніш пен күйзеліс сезімін бастан өткергенін көрсетті. Сот отырысында жауапкердің өкілі тауардың тиісті емес сапада сатылғанын мойындады, алайда талап етілген өтемақы мөлшерімен келіспей, денсаулыққа зиян келгені дәлелденбегенін айтты. Жауапкер 200 000 теңгені ерікті түрде төлеуге дайын екенін білдірді», – деп хабарлады Қостанай қалалық сотында.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 21-бабына сәйкес, моральдық зиянды өтеу материалдық шығын өтелген-өтелмегеніне қарамастан сот арқылы өндіріп алынуы мүмкін. Іс материалдарын зерттей келе, сот ЖШС-нің сапасыз тауар сатқанын анықтады. Бұл факт жауапкер тарапынан да дауланған жоқ.

Сот сондай-ақ:

– денсаулыққа зиян келмегенін;

– кешірім сұралғанын;

– келтірілген шығынның ерікті түрде өтелгенін ескерді.

Нәтижесінде өтемақы мөлшері 2 миллион теңгеден 250 мың теңгеге дейін қысқартылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.