Ультраөңделген тағамдарды жиі тұтыну деменция мен басқа да неврологиялық аурулардың даму қаупін күшейтуі мүмкін. Мұндай қорытындыға Sechenov University зерттеушілері 70 мың адамның қатысуымен жүргізілген ғылыми жұмыстарды талдау барысында келген. Шолу халықаралық ғылыми басылымда жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, чипсы, газдалған сусындар, фастфуд, жедел дайындалатын кеспе, шұжық, тәтті йогурттар мен мұздатылған жартылай фабрикаттарды шамадан тыс тұтыну деменция қаупімен байланысты. Сонымен қатар мұндай тамақтану әдеті депрессия мен мигрень ықтималдығын да арттырады.
Мамандар мұны бірнеше биологиялық механизммен түсіндіреді. Ультраөңделген өнімдер, трансмайлар (кондитерлік өнімдер мен маргарин), сондай-ақ қосылған қант митохондриялардың жұмысын бұзады. Бұл жасушалардың, соның ішінде нейрондардың тез тозуына әкелетін тотығу стрессін күшейтеді. Нәтижесінде ми жасушаларының қартаюы жеделдейді.
Сарапшылардың айтуынша, ми тінінің шамамен 60 пайызы майдан тұрады. Сондықтан сапалы липидтердің жетіспеуі синапстардың икемділігін төмендетіп, есте сақтау қабілетіне кері әсер етеді. Сонымен қатар В тобы дәрумендерінің де маңызы зор.
Дәрігерлер дұрыс тамақтану тек жеке элементтерді қосу емес, тұтас өмір салты екенін ескертеді. Яғни, ұзақ уақыт бойы зиянды тағамды тұтынып, кейін оны бірнеше тағамдық қоспамен «жабу» мүмкін емес. Тұрақты әрі теңгерімді рацион ғана неврологиялық денсаулықты сақтауға ықпал етеді.