Ақпаратты ұзақ мерзімге сақтау мәселесі өзекті бола түсті. Сарапшылардың болжамынша, 2040 жылға қарай әлемдегі деректерді сақтау жүйелерінің көлемі 25 млн терабайтқа дейін өседі. Алайда қазіргі кең таралған технологиялар ұзақ жылдарға шыдамай, мәліметтерді үнемі қайта көшіріп отыруды талап етеді. Осы мәселені шешу үшін Microsoft ғалымдары шыныға дерек жазу әдісін ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Project Silica деп аталатын жоба туралы ғылыми мақала Nature журналында жарияланған. Зерттеушілердің пікірінше, шыны – арзан, жоғары температураға төзімді және оңайлықпен зақымданбайтын материал. Сондықтан ол деректерді кемінде 10 мың жыл сақтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін ғалымдар ақпаратты ДНҚ-да сақтау идеясын қарастырған. Теория бойынша, бір грамм ДНҚ-да жүздеген мың терабайт мәлімет ғасырлар бойы сақталуы мүмкін. Алайда ДНҚ синтезі қымбат, ал деректі оқу баяу жүреді және арнайы сақтау шарттарын қажет етеді.
Шыныға дерек жазу тәсілінің негізін 10 жылдан астам уақыт бұрын Саутгемптон университетінің оптоэлектроника маманы Питер Казанский ұсынған. Ол қысқа лазерлік импульстар арқылы шыны пластиналарының ішінде микроскопиялық қуыстардан тұратын цифрлық өрнек жасаған. Дегенмен ол әдіс қымбат кварц әйнегін және бірнеше микроскопты талап ететін.
Microsoft зерттеушілері бұл тәсілді жетілдіріп, тұрмыстық ыдыс пен зертханалық колбаларда қолданылатын боросиликат әйнегін пайдаланған. Лазер сәулесі шыны ішінде шамамен 100 нанометр аумақта сыну көрсеткішін өзгертіп, 2 микрометр тереңдікте белгі қалдырады. Тереңдікті өзгерту арқылы деректерді жүздеген қабатқа жазуға болады.
Ғалымдар лазерді төрт сәулеге бөліп, жазу жылдамдығын секундына шамамен 66 мегабайтқа жеткізген. Болашақта параллель сәулелер санын 16-ға дейін арттыру арқылы магниттік таспа деңгейіндегі жылдамдыққа жетуге болады деп болжануда.
Деректерді оқу үшін шыны арқылы жарық өткізіліп, микроскоптың оптикалық камерасы әр қабаттың құрылымын тіркейді. Кейін суреттер арнайы алгоритм арқылы цифрлық форматқа айналдырылады.
Жүйе толық роботтандырылған: лазерлер мен микроскоп автоматтандырылып, жазу процесі жеңілдетілген әрі шығын азайтылған. Әзірлеушілер жаңа әдіспен бірнеше фильмді және музыкалық архивтерді сақтап үлгерген.
Егер технология коммерциялық деңгейге шықса, болашақта маңызды мемлекеттік, ғылыми және мәдени мұра деректері мыңдаған жылдар бойы бұзылмай сақталуы мүмкін.