Келесі Олимпиадаға дейін біздің спортты ұмытып кетпеңіздер – Абзал Әжіғалиев

Бүгін, 09:32 / Інжу Әлихан
instagram / abzal_azhgaliyev

Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында 500 метрлік қашықтықта сынға түсті. Өкінішке қарай, спортшымыз ширек финалда жарыс жолын аяқтаған болатын, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол жарыстан кейін жанкүйерлер тарапынан ерекше қолдау сезінгенін айтып, көпшілікке өтініш жасады.

«Мен үшін бұл  –  төртінші Олимпиадам. Биыл қолдауды ерекше сезіндім: әлеуметтік желілерде жазылған жылы пікірлерді көрдім, түн ұйқысын қиып, таңға дейін отырып жарыстарымды тамашалап, жанкүйер болғандарыңызды білемін. Спортшы үшін бұл баға жетпес сезім. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын!

Олимпиада жолында маған қолдау көрсеткен, сенім білдірген барлық жандарға да алғысым шексіз. Әр қолдаудың, әр жылы сөздің, әрбір артылған сенімнің орны бөлек. Барлығыңызды жақсы көремін, қадірлеймін.

Мен көп жылдар бойы еліміздегі шорт-тректің дамуына өз үлесімді қосуға тырыстым. Алдағы уақытта да осы спортты Қазақстанда кеңінен насихаттай беремін. Бұл менің миссиям әрі жүрек қалауым. Болашақта еліміз осы спорт түрінен ең мықты мемлекеттердің қатарында болғанын қалаймын. Осыған жету үшін барымды саламын.

Соңында сіздерге деген кішкентай ғана өтінішім бар: келесі Олимпиадаға дейін біздің спорт жайлы ұмытып кетпеңіздер. Алдымызда тағы төрт жыл, көптеген халықаралық жарыстар бар. Бәріне де қатысып, ел намысын абыроймен қорғауға тырысамыз. Командамызды қолдап жүріңіздер. Олимпиадада көргендеріңіздей, бұл өте қызықты әрі тартысты спорт түрі!