«Ерекше бір қасиеті бар»: Франциялық хореограф Михаил Шайдоров туралы тосын пікір білдірді (ВИДЕО)

Бүгін, 20:48 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Франциялық хореограф әрі бапкер Бенуа Ришо қазақстандық Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың әлеуеті әлі толық ашылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маманның айтуынша, Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісі толықтай лайық болғанымен, оның мүмкіндігі қазіргі көрсеткен деңгейінен әлдеқайда жоғары.

«Менің ойымша, Шайдоров жеңіске ең үздік өнер көрсеткені үшін жетті. Ол — керемет дарын иесі, өте талантты мәнерлеп сырғанаушы. Техникасы жоғары, секірулері таза әрі әдемі, қозғалыс сызықтары мен пластикасы тамаша», — деді Ришо.

Сонымен қатар бапкер қазақстандық спортшының әлі де өз стилін қалыптастыру кезеңінде екенін атап өтті.

«Кәсіби тұрғыдан қарасақ, ол әлі де даму үстінде. Меніңше, ол мұз айдынында өзін және жеке стилін толық тапқан жоқ. Демек, оның әлі де айтарлықтай өсуге мүмкіндігі бар», — дейді маман.

Ришо сондай-ақ Олимпиада алтыны Шайдоров үшін шектеу емес екенін жеткізді.

«Олимпиадада алтын медаль жеңіп алғанына қарамастан, оның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Алдағы жылдары оның қалай дамитынын бақылау өте қызық болады — онда ерекше бір қасиет бар», — деп қосты ол.

Айта кетейік, Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиадасында Михаил Шайдоров алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихында ерлер арасындағы жекелей мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Бұл — еліміздің қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтыны, бұған дейінгі жалғыз алтын Лиллехаммер–1994 Олимпиадасында тіркелген болатын.