Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды

Бүгін, 14:55 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысында кеше Т. Рысқұлов ауданында болған қатты желден кейін жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Қатты жел салдарынан Меркі ауданындағы нысандарға да зақым келген, деп хабарлайды облыстық әкімдік.

Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында екпіні 30 м/с-қа жететін қатты жел соғып, бірқатар нысанның шатыры бүлініп, бірнеше елдімекенде жарық сөніп, газ өшіп қалғанын жазған едік.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, облыс басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Т. Рысқұлов ауданына барып, қатты желден зақым келген нысандардың жай-күйін тексерген.

"Кейінгі мәліметтерге сәйкес 7 елдімекендегі 29 нысанның шатыры ұшқан. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан бар. Сондай-ақ 19 елдімекенде электр жарығы өшіп, 7 елдімекенде газ беру уақытша тоқтатылған.

Электр жарығы мен газды қалпына келтіру жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып жатыр.

Т. Рысқұлов ауданында бірқатар нысан бойынша нысаналы төтенше жағдай жарияланды", - делінген хабарламада.

Жарнама

Сондай-ақ қатты жел салдарынан Меркі ауданына қарасты 5 ауылдық округтегі 27 тұрғын үйдің шатырына ішінара зақым келген. Сонымен қатар 5 білім беру нысанының шатыры мен сыртқы қасбеті бүлінген. 8 ауылдық елдімекенде электр жарығы сөнсе, 3 елдімекенде газ желілеріне зақым келген.

"Жалпы, екі ауданда да зардап шеккен тұрғындар жоқ. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қазіргі таңда дауыл салдарынан келген шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеуде", - делінген хабарламада.

Нұржан Календеров Т. Рысқұлов және Меркі аудандары әкімдеріне нақты міндеттер жүктеген:

электр энергиясы мен көгілдір отынның толық әрі тұрақты берілуін қамтамасыз ету;

қажет болған жағдайда қосымша күштер мен құралдарды тартуға ұсыныс беру;

құлаған ағаштар мен бүлінген шатырларды жедел тазалау;

зақым келген білім беру нысандарында балалардың қауіпсіздігін сақтау;

қалпына келтіру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау.