Климаттың жылынуы салдарынан Еуропада тропикалық чикунгунья қызбасының таралу қаупі артып келеді. Мұндай қорытындыға UK Centre for Ecology & Hydrology ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесінде келген. Ғылыми жұмыс Journal of the Royal Society Interface журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілердің мәліметінше, бұрын негізінен тропикалық аймақтарда ғана кездескен вирус енді Еуропаның басым бөлігіне таралуы мүмкін. Қауіп аймағына Испания, Грекия және Англия секілді елдер де кіреді. Бұған басты себеп климаттың жылынуы және инвазивті масалардың, әсіресе азиялық жолбарыс масасының көбеюі болып отыр.
Чикунгунья вирусы алғаш рет Танзанияда анықталған. Ауру буындардың қатты ауыруымен сипатталады және балалар мен егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті. Мамандардың айтуынша, инфекциядан айыққандардың шамамен 40 пайызы бес жылға дейін созылмалы артриттен зардап шегуі мүмкін.
Ғалымдар 49 бұрынғы зерттеуді талдай отырып, вирустың маса ағзасындағы инкубациялық кезеңі температураға тікелей байланысты екенін анықтаған. Егер бұл кезең масаның өмір сүру ұзақтығынан асып кетсе, вирус таралмайды. Алайда зерттеу нәтижесі көрсеткендей, вирустың таралуына қажетті ең төменгі температура 13-14°C шамасында, бұл бұрын болжанған 16-18°C көрсеткішінен төмен. Ал Еуропадағы жылыну қарқыны жаһандық орташа деңгейден екі есе жоғары.
Мамандардың айтуынша, вирус жұқтырған туристер оны жергілікті масаларға таратуы мүмкін, ал жылы климат жәндіктердің белсенділігін сақтап, індеттің одан әрі таралуына жағдай жасайды.
Сарапшылар аурудың алдын алудың ең тиімді жолы маса шақпауын болдырмау екенін ескертеді. Ол үшін үй маңындағы тұрып қалған суды жою, репелленттер қолдану және ұзын жеңді киім кию ұсынылады. Климат өзгерісі жаңа санитарлық қауіптер туындатуы мүмкін, сондықтан мамандар алдын алу шараларын күшейтуге шақырады.