Бір апта бұрын 21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстан құрамасының қоржынына қысқы Олимпиада ойындарының тарихындағы екінші алтын жүлдесін салды. Оған дейін шаңғышы Владимир Смирнов Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі жалғыз қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы болатын. Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс медаль еншілеген-тін. Осылайша, араға 32 жыл салып, Қазақстан әнұраны Қысқы Олимпиада төрінде шырқалып, көк Туымыз әлем алдында биікке көтерілді. Осынау тарихи сәтті үйінде тікелей эфирде отырып бақылаған 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасының чемпионы Владимир Смирнов ізінше қазақстандықтарға құттықтауын жеткізді. Қазір Швецияда тұрып жатқан даңқты шаңғышыға хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісін тікелей эфирден бақыладыңыз ба? Әлде жаңалықтардан естідіңіз бе?
– Әлбетте, тікелей эфирден бақыладым. Жалпы, мен Олимпиада сайын қазақстандық атлеттер қатысатын барлық жарысты мүлт жібермеуге тырысамын. Сол секілді мәнерлеп сырғанаудан ерлер мен әйелдер арасындағы сынды да қараймын. Михаилдың кілең мықтыларға толы жарыста көрсететінін білдім. Оның жарысқа араласқанын әйелім екеуіміз теледидардан бірге қарадық. Басында алтын жүлдеге ілінетінін кесіп айту қиын болды, себебі бұл спортта бәсеке көркі қызып тұр. Дегенмен Мишаның рейтингтегі орны кемі бір медаль болатынына сендірді. Десе де, алтын жүлде болады деп ойламадым. Өздеріңіз көргендей, еркін бағдарлама кезінде чемпиондыққа үміткердің бірі құлағанда қола жүлдегер атанатынын сездім. Екінші үміткер де құлағанда күміс қалтада деп ойладым. Сосын тіпті үшіншісі сәтсіз өнер көрсеткенде алтын жүлде екенін бірден түсіндім.
– 32 жыл бойы ешкім мұртын бұза алмаған рекордыңызды Михаил жаңартып, тарихи нәтиже тіркеген кезде не сезіндіңіз?
– Әрине, қатты қуандым! Отандасым үшін бойымды мақтаныш кернеді. Себебі Михаил да, мен де – Қазақстан тумасымыз. Біз сонда тудық, өстік, өндік. Біз бөтен елден көшіп келгеніміз жоқ. Біз тәрбие, жұмыс, спортпен айналысу арқылы Қазақстаннан бар жақсысын алдық. Әлбетте, туған еліңде қысқы спорт түрлерінен тағы бір Олимпиада чемпионы шығып жатса, мақтаныш емей немене?! Онымен қоса, Олимпиадада өз жерімізде туып-өскен спортшының медаль ала алатын әлеуеті бар екені кімді де болса талпындырады. Сол үшін мен Михаилдың бұл айтулы жетістігіне қатты қуандым!
– Желіде Михаил чемпион атанған күні жіберген құттықтауыңызды көріп қалдым.
– Иә, ортақ чатқа құттықтау жіберген едім. Әрі «Вечерняя Алматы» басылымынан хабарласқандарға құттықтау айттым. Мен үшін қазақстандық атлеттің Олимпиаданың ең биік тұғырына шыққанын көру – мақтаныш әрі абырой.
– Өкініштісі сол, Италияда өтіп жатқан Олимпиадада шаңғышыларымыздың нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Бұл жайында не айтар едіңіз?
– Әлбетте, мен де жаман деген баға берер едім. Бұрынғы Олимпиадаларда нәтижелер әлдеқайда жақсы болған еді. Қазір елде шаңғы спорты түрлері тұралап тұр. Басты себеп аз уақыт бөлінуі деп ойлаймын. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытудың дұрыс бағыты жоқ. Мұндағы басты нәрсе – қыста әр спорт ерекше жағдайды талап етеді. Шаңғы жарыстары, биатлон, тау шаңғысы секілді қысқы спорт түрлерінің әрбіріне жеке стадион, жеке трасса қажет. Тиісінше, білікті бапкерлер мен техперсонал да ауадай қажет. Ал бұл бізде жетіспейді. Жазғы спорт түрлерін жанына серік еткендерге кез келген уақытта дайындалуға оңайырақ, себебі бір стадионда балуандар да, боксшылар да жаттыға алады. Жеңіл атлет те, ауыр атлет те сонда шыныға алады. Олардың бәрі бір стадионның радиусында шеберлігін шыңдай алады. Оларға анау айтқандай үлкен жағдай қажет емес. Ал қысқы спортта жағдай тіпті бөлек. Мұнда спорт инфрақұрылымы дамымаса, жаттығу қиын. Барлығы балаларға да бейімделген болуы керек. Бапкерлер бір орында тұралап қалмай, үнемі біліктілігін арттыруға тиіс. Бізде осы нәрсе жетіңкіремейді.
– 2030 жылы Францияның Альпі тауларында өтетін келесі Қысқы Олимпиадада нәтижені жақсарту үшін біздің спорт басшылығына, спортшыларға не істемек керек?
– Спорт басқармасына жетекшілік ететін мамандардың алдымен ойлау қабілеті өзгеруге тиіс. Неге бізде белгілі бір спорт түрлеріне басымдық беріледі де, ал кейбір спорттарға мән берілмейді? Жеке-дара қарамай, бәріне бірдей көңіл де, ақша да бөлінуге тиіс. Бізге мәселенің түп тереңіне үңілу қажет. Басты проблема неде екеніне талдау жасау қажет. Бапкерлердің деңгейі қандай? Біліктілігі бар ма? Спортшылардың құрал-жабдықтары жаңарған ба? Бүгінде олардың жабдықтары қымбат тұрады. Мен спортпен айналысқан кезде бізге екі шаңғы жеткілікті-тін. Екеуімен де жаттығып, сайысқа араласа беретінбіз. Қазір заман басқа. Бүгін әр шаңғышыға кем дегенде 5 шаңғы қажет. Классикалық жарыс, скиатлон, масс-старт секілді шаңғыдан жарысатын түрлі сайысқа көп әрі сапалы шаңғы қажет-ақ. Бүгінде олардың бағасы қымбат екені – басты проблема. Десе де, бәрібір Қазақстанда қысқы спорт түрлеріне аз көңіл бөлінеді, жасыратыны жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей, жазғы мен қысқы спорт түрлерін бір деңгейге қоюға болмайды. Оларға жұмсалатын шығынды да салыстыруға келмейді. Әр спортты жеке қарау керек. Тағы бір айта кетерлігі, аймақтарды белгілі бір спортты дамытуды міндетті етіп қойса, жақсы болар еді. Мысалы, «Мына аймақ тау шаңғысын дамытуға жауапты», «Ал мына бір аймақ конькишілерді баптауға жауапты болсын» деп аумағы кең елімізді спорттық аймақтарға бөлсе деймін. Әр аймақ белгілі бір спортты дамытуға жауапты болса тиімді болар еді. СҚО, Ақмола, Павлодар, Өскемен секілді облыстарда шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, коньки спортын дамытуды басты назарда ұстау керек. Түркістан облысынан шаңғышыны баптап шығаруға тырысудың қажеті жоқ. Ол облыс өзінше мықты. Онда жазғы спорт түрлерінен бөлек, керемет каналдарында жаттығуға мүмкіндік беретін су спорты қарқын алып келеді.
– Бұл күндері отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде Шайдоровпен қатар, сіздің аты-жөніңіз де аталып жүр. Қазақстандық телеарналардың бірінде сіз туралы деректі фильмнің екі күн қатарынан қойылғанын көріп қалдым. Сіз туралы жазып, айтып жатқандарды оқып-ести алдыңыз ба?
– Жаңалықтардан оқымадым. Десе де, Facebook-тегі жазбалардан көріп қалдым. Сонымен қатар блогерлердің парақшаларына мен туралы салған бір-екі дүниелерін көзім шалып қалды.
– Михаил бір сөзінде сізбен кездескісі келетінін айтып қалды.
– Мүмкіндік болса, әрине менің де онымен кездесіп, жеке құттықтағым келеді. Себебі мен қатты уайымдадым. Оның өзінен кейінгі өнер көрсеткендердің нәтижесін күтіп отырған кезінде уайымдап отырғанына қарап мен де уайымға берілдім. Оның бет-әлпетінен қатты толқып отырғаны көрініп тұрды. Михаил жүріп өткен жолды мен де жүріп өттім. Сондықтан оның нәтижелер өзгеріп жатқанда не сезіп отырғанын елестеттім.
– Бүгінге дейін 32 жыл бойы қысқы спорт түрлерінен тұңғыш әрі әзірше жалғыз Олимпиада чемпионы деп тек сізді айтып келдік. Тарих беті жаңарып, енді басқаша айтатын боламыз.
– Қысқы спорттан тұңғыш әрі 32 жыл бойы Олимпиада чемпионы болуы – мен үшін үлкен мақтаныш. Әрине, арада 32 жыл уақыт өткен соң, бәрібір сезім бұрынғыдай емес. Михаил секілді атойлау, бөркімді аспанға лақтыру сол кезде болды. Ал қазір тіптен басқаша сезім.
– Десе де, «Олимпиада чемпионы» деген атақ мәңгіге ғой.
– Дәл солай. Ол атақ мәңгіге өзімде қалады. Дегенмен, спорт мансабымды аяқтаған соң, алдымда басқа мақсаттар тұрды. Қазір сол кезде тіркеген нәтижеме қарасам, әлбетте, оның биік әрі көптен күткен жетістік екенін түсінемін. Дегенмен ондай жетістіктен соң, өзімді жоғалтып алмауды, өмірімнің екінші бөлігін дұрыс өрбітуді ойладым. Еңбек жолымды жалғастырдым, бала тәрбиеледім, бүгінде немере бағып отырмын. Олимпиада чемпионы атанған кездегі эйфория қазір жоқ.
– Жаңа бір сөзіңізде «Михаил жеңген кезде өзімді еске алдым» деп қалдыңыз...
– Әрине, ол жеңімпаз деп жарияланған кезде спорт мансабымдағы ең ыстық сәт есіме оралды. 1994 жылы Лиллехаммерде Олимпиада чемпионы атанған кезімде өз бойыма сыймай тұрған қуаныш пен мақтаныш өз алдына. Сол кезде менің жеңісімнің бүкіл Қазақстан халқына әсер еткенін көріп, жүрегім ерекше тулады. Сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев мен чемпион атанған күні кешке құттықтау жеделхатын жолдады. Бүкіл Қазақстан мен үшін шынайы қуанды. Сондықтан өзімнің сол кезде сезгенімді Михаилдың өткен аптада сезінгенімен салыстырдым. «Бәлкім, ол да кешке мен секілді Президенттен құттықтау жеделхатын алатын шығар» деп ойладым. Расында да, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, күллі қазақстандықтар айрықша құттықтады. Оның жеңісіне менікіне қуанғандай барлығы қуанды. Ол да елге келген соң сыйлық алады. Құрмет көрсетіледі. Десе де, бұл жеңістің материалдық тұсын эмоциялық жағымен салыстыруға келмейді. Бүгін Михаилда эмоция көп. Ол ең үлкен арманы – Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізді. Ол да мен секілді бала күнінде Олимпиада чемпионы болуды армандағаны хақ. Бірақ ол уақытта бұл орындалмастай көрінетін. Араға бәленбай жыл салып, ол арманы іске асты. Арманына адал, бүкіл қиындыққа төтеп беретін адам дегеніне жетпей қоймайды. Михаил сол адамдардың қатарынан бола білді. Кез келген адам Олимпиада чемпионы бола алмайды. Тек өзіне не керегін білетін, көп жаттыққан таңдаулылар ғана бұл атаққа қол жеткізеді.
– Қазір қайда тұрып жатырсыз? Қандай іспен айналысасыз?
– Мен 1991 жылдан бері Швецияда тұрамын. Қазақстанға отбасыммен келіп, көп уақыт бойы келісімшартпен жұмыс істедім. Шаңғы мен биатлон федерациясын басқардым. Мен басшылық еткен тұста 2010 жылы Елена Хрусталева Олимпиада күмісін еншіледі. Сондықтан мен тек спортшы ретінде ғана емас, сонымен қатар басшы ретінде де жақсы нәтиже тіркедім. Мен мұны мақтан тұтамын. Онымен қоса, елге Скавия деген мықты компанияны «алып» келіп, өзім бас директоры болдым. Бүгінде олар елде өндіріс орнын ашты. Сондықтан спортты қойған соң да, елге көп жетістік әкелдім. Алайда, бұл туралы аз жазылды. Ал спорт жаңалықтары Қазақстанда үнемі басты назарда. Бірақ мен елде өнімді әрі тиімді жұмыс істегеніме, көп жетістікке жеткеніме әрі шетелден де көп көңіл бөлуге атсалысқаныма мақтанамын.
– Су жаңа Олимпиада чемпионы Михаилға қандай тілек айтар едіңіз?
– Михаилға эмоцияны тыйып ұстауды тілер едім. Себебі эмоция көп, қуаныш көп. Ол ертең елге келген соң, үлде мен бүлдеге оранады. Пәтер, көлік, марапат беріледі. Көп жерге шақырады. Сондай кезде әрдайым Олимпиада чемпионы әрі адам қалпында қалса деймін. Олимпиада чемпионы атағы үлкен жүк пен жауапкершілік артады. Сонымен қатар тәртіптілік, әдептілік, парасаттылықты қатар алып жүруі керек. Белгілі бір әдеп нормаларынан шықпауға тиіс. Олимпиада чемпионы деген дардай атақты иеленген адам күллі елге үлгі, жағымды, әрдайым тек жақсы қырынан танылуға тиіс. Оны бүкіл Қазақстанға, спорт басшылары өскелең ұрпақтың алдында үнемі мысал ретінде айтып жүреді. Сосын, әлбетте Михаил мен оның отбасына денсаулық, бақыт әрі саулық тілеймін! Спорттан тыс өмірінде тек жақсылық болсын! Спорттан соң да өзін жоғалтып алмасын!
– Шайдоровтың триумфынан кейін, жалпы Олимпиада ойындарында рекордтан рекорд тіркеп жатқан шетелдік атлеттердің өнеріне тәнті болған көпшілік желіде «Баламды мына қысқы спорт түріне беремін», «Ұл-қызымды мына секцияға апарамын» деп жарыса жазып жатыр. Осы ретте баласының болашағын спортпен байланыстырғысы келетін ата-аналарға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Ата-аналарға мүмкіндігі аз, көптігіне қарамастан балаларыңызды спортқа баулыңыздар дер едім. Қазақстанда не көп, тегін секция көп. Кел де, жаттық, сосын жарыс. Балаларыңызды қай спортқа болса да, секцияларға апарыңыздар. Кішкентай күнінен тек бір спортты таңып, мәжбүрлемеңіздер. Себебі бала өскен соң өзінің оң жамбасына келетін спортты таңдап алады. Бастысы – бала спортпен айналыссын, белсенді болсын, шынығып, шымыр жүрсін. Сол кезде пайдасын көресіздер. Дені сау бала өсе келе ішімдікке де, есірткіге де жоламайды. Ал шындап кірісіп, спорт десе ішер асын жерге қоятын деңгейге жетсе, мені мен Михаил секілді чемпион болып шығады.
– Әңгімеңізге рахмет! Осылайша, тарихи жетістіктерді сүйіншілеп жеткізер себеп көп болсын!
Сұхбаттасқан –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Суреттер Olympic.kz сайтынан алынды.