Ми эволюциясы: даму ма, құлдырау ма?

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Бір кездері адамдар мыңдаған жол жырды жатқа айтып, жұлдыздарға қарап жол табатын. Бүгін біз қатардағы телефон нөмірін есте сақтай алмаймыз және навигаторсыз адасамыз. Біздің құралдарымыз ақылды болған сайын, өзіміз қарапайым дағдылардан айырылып жатқандаймыз. Бұл тәуелділік адамның нейрондық желілерін қалай өзгертіп жатыр? Мидың кішіреюі мен когнитивті қабілеттердің трансформациясы бізді жаңа «супер-адам» деңгейіне шығара ма, әлде технологияға тәуелділікке жетелей ме?

Ми кішірейді

Антропологиялық зерттеулер соңғы 30 000 жыл ішінде адамзаттың басты органы мидың көлемі шамамен 10-15 пайыз­ға кішірейгенін нақты деректермен растап отыр. Егер жоғарғы палеолит дәуіріндегі (тас дәуірі) ата-бабалары­мыз­дың миы орташа есеппен 1 500 см3 болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 1 350 см3-ге дейін төмендеген. Бұл эволюция­лық масштабпен қарағанда өте қысқа мер­зім ішінде миымыздың теннис до­бын­дай көлемді жоғалтқанын білдіреді. 

Ғалымдар бұл феноменді бірнеше ба­ғытта түсіндіреді. Біріншісі, био­ло­гиялық оңтайландыру. Ми – дененің ең көп энергия тұтынатын мүшесі. Сон­дық­­тан эволюция барысында ми «ықшам­да­лып», тиімдірек жұмыс істеуге көшті. Бұл – алып компьютерлердің уақыт өте ке­ле кішігірім, бірақ қуатты микроп­ро­цес­сорларға айналуына ұқсас процесс. Яғ­ни, ми көлемі кішірейгенімен, оның іш­кі нейрондық байланыстарының ты­ғыз­дығы мен ақпаратты өңдеу жылдам­ды­ғы артуы мүмкін. 

Екінші бағыт –  өзін-өзі қолға үйрету. Қауіпсіз әлеуметтік орта құру арқылы адам­дар жабайы табиғаттағы агрессия мен үнемі сақ жүру қажеттілігінен арыл­ды. Жабайы қасқыр мен үй итін салыс­тыр­ғанда байқалатын ми көлемінің айыр­машылығы сияқты, адамзат та өр­ке­ниет шеңберіне кірген сайын мидың кей­бір реактивті бөліктеріне жүктеме азай­ды.
Үшінші бағыт – ұжымдық интеллект. Ежел­гі адам жалғыз өзі энциклопедист бо­луға (аң аулау, емдік шөптерді тану) мәж­бүр болса, қазір қоғамда білім мен дағ­­дылар бөліске салынған. Бұл жеке адам­­ның миына түсетін жүктемені жеңіл­детіп, биологиялық жадтың орасан зор көлемдегі ақпаратты сақтау қажет­ті­лігін төмендетті. Мұны Дартмут кол­лед­ж­інің зерттеушілері мен антропологтар то­бы жүргізген зерттеу нақтылай түседі. 

Ғалымдардың талдауына сүйенсек, ми көлемінің азаюы шамамен 3 000 жыл бұрын, яғни ежелгі өркениеттерде жазу-сызу мен ірі қалалық инфрақұрылымдар қа­лыптаса бастаған кезеңде үдей бас­та­ған. Біздің бабаларымыз ақпаратты тек био­логиялық жадында сақтаудан қалып, оны сыртқы тасымалдаушыларға – тасқа, па­пирусқа, кейіннен қағазға жаза бас­та­ды. Яғни, «сыртқы жадының» пайда болуы миды орасан зор ақпараттық жүк­те­меден босатты. Жазу-сызу пайда болған сәт­тен адамның есте сақтау қабілетіне қойылатын талаптар да өзгерді. Ендігі ке­зекте бүкіл шежірені, заңдарды немесе егін­шілік күнтізбесін жатқа білудің қа­же­ті болмай қалды, оның қай жерде жа­зыл­ғанын білу жеткілікті еді. Бүгінгі біз­дің смартфонға тәуелділігіміз  осы 3 000 жыл бұрын басталған процестің ша­рық­тау шегі ғана. 
Бұл процеске ірі қалалардың пайда болуы әсер етті. Еңбек бөлінісі ке­­­­­зінде адам бәрін білетін «әмбебап» болу­дан қалып, нақты бір саланың ма­манына айналды. Ми энергияны үнемдеу мақ­сатында өзінің кейбір когнитивті фун­кцияларын «ұжымдық ақыл-ойға» тап­сырды. 

Соңғы 3 000 жылдағы өмір сүру сапа­сы­ның артуы мен ақпараттық техноло­гия­лардың дамуы миға өз көлемін сақтау ар­қылы энергия шығындаудың қажеті жоқ екенін «түсіндірді». 

Ұмытшақ ұрпақ

Иә, бір кездері адамның жады  бі­лім­нің жалғыз қоймасы еді. Қазір бұл функцияны «бұлтты» технологиялар мен іздеу жүйелері алмастырды. 2011 жы­лы Science журналы Колумбия уни­вер­си­тетінің профессоры Бетси Спэрроудың ғы­лыми жұмысын жариялады. Психолог із­деу жүйелерінің адамның есте сақтау қа­­білетіне әсерін зерттеп, оны «Google эф­­фектісі» деп атады. Адам ақпаратты есін­де сақтағысы келмейді. Өйткені оны кез келген уақытта интернеттен таба ала­­тынын біледі. Яғни, біздің миымыз ақ­­параттың өзін емес, оның қай жерде ор­­наласқанын ғана есте сақтауға бейім­деліп алған. Бұл – мидың энергия үнемдеу стратегиясы. Егер ақпаратқа бір түймені басу арқылы қол жеткізсек, нейрондық желілер оны ұзақмерзімді жадыға сақтау­ды қажетсіз деп есептейді. Алайда мұндай процесс адамды деградацияға алып келеді деген қорқынышты ой әлеумет­танушы, философ, антропологтар ара­сын­да қызу талқыға түсіп отыр. 

The Financial Times басылымының жазуынша, дамыған елдердегі ере­сек­тердің 25 пайызы, АҚШ-тағы ересек­тер­дің 35 пайызы қарапайым математикалық тапсырмаларды шеше алмайды. Ал бір затқа зейінін тұрақтандыра алмайтын 18 жас­тағылардың саны 2015 жылдан бас­тап күрт өскен. 2022 жылы жүргізілген сауал­­­­­намаға қатысқандардың 50 пайызы сол жылы бір кітап қана оқығанын, ал жасөспірімдердің 45 пайызы мүлдем оқы­майтынын айтқан. Мұндай қорытын­ды­ны PISA халықаралық тест мәлі­мет­те­рі­не талдау жасаған зерттеушілер жасап отыр. Олардың есебі бойынша назар ау­дару мен аналитикалық ойлау мәселесі жа­сөспірімдерге ғана қатысты емес, ере­сектерде де байқалған. 

Технологияның кесірінен адамның когнитивті қабілеттерінің кейбір тұстары шынымен де «зардап шегуде». Ульм университетінің профессоры, ней­ро­биолог Манфред Шпитцердің Digital Dementia (Сандық деменция) атты еңбегі за­манауи нейроғылымдағы ең көп тал­қы­ланатын еңбектердің біріне айналды. Ав­тор бұл терминді медициналық диаг­ноз ретінде емес, цифрлық техноло­гия­лар­­дың әсерінен болатын когнитивті құл­­дырауды сипаттайтын әлеуметтік құ­былыс ретінде енгізді. Шпитцер тео­рия­сы бойынша, ми бұлшықет сияқты әрі өте икемді. Ол неғұрлым көп «жүктелсе», со­ғұрлым жақсы дамиды. Керісінше, егер біз ақыл-ой жұмысын сыртқы құрыл­ғы­ларға (смартфон, навигатор, Google) тап­сырсақ, ми «жаттығусыз» қалады. Бұл­­­шықет жұмыс істемесе семіп қала­ты­ны сияқты, пайдаланылмаған нейрондық бай­ланыстар да жойыла бастайды. Шпит­цер мұны «мидың ерте қартаюы» деп ата­ды.

Ослодағы Экономикалық зерттеулер ор­талығының (Ragnar Frisch Centre) ға­лым­дары 730 мыңнан астам тест нәти­же­лерін талдап, 1970 жылдан кейін туған ұрпақтың IQ (интеллект коэффициенті) көр­сеткіші әр онжылдықта орташа есеп­пен 7 ұпайға төмендеп жатқанын анық­та­ды. Ғалымдар бұл құбылысты бірнеше се­беппен байланыстырады. Біріншісі, тех­нологиялық «таяныш». Біз күрделі ло­гикалық және математикалық есеп­тер­ді гаджеттерге сеніп тапсырдық. Ми «жұ­мыс істемеген» бөліктерін дамытуды тоқ­татады. Екіншісі, ақпараттық таяздық. Интернеттегі ақпараттың көптігі оның са­пасын төмендетті. Терең талдаудың ор­нына үстіртін «сканерлеу» әдетке ай­нал­ды. Үшіншісі, экологиялық және әлеу­мет­тік факторлар. Қоршаған ортаның лас­тануы мен өмір сүру салтының өзгеруі де нейрондық процестерге әсер етуі мүм­кін.

ХХ ғасырдың екінші жартысында пси­­хология мен әлеуметтану саласында сен­­сациялық жаңалық ашылды. Жаңа­зе­лан­диялық зерттеуші Джеймс Флинн әлемнің ондаған еліндегі IQ деректерін тал­дап, таңғаларлық заңдылықты бай­қайды. Әрбір онжылдық сайын адам­дар­дың IQ көрсеткіші орташа есеппен 3 ұпай­ға өсіп отырған. Бұл құбылыс ғы­лым­да «Флинн эффектісі» деген атпен қал­ды. Алайда 2000 жылдардың басынан бас­тап бұл үрдіс күрт өзгерді. Норвегия, Да­ния, Финляндия және Ұлыбритания сияқты жоғары дамыған елдерде жүр­гізілген зерттеулер IQ деңгейінің өсуі тоқ­тап қана қоймай, төмендей бастаға­нын көрсетті. Мұны ғалымдар «Флиннің кері эффектісі» деп атады. 

Джеймс Флиннің өзі өмірінің соңына дейін IQ тесттерінің төмендеуі адам­дар­дың «топастанғанын» емес, интеллект тү­рі­нің өзгергенін білдіреді деп есептеді. Ой­лап қарасақ, қазіргі адамдарға 1950 жыл­ғы логикалық есептерді шешу қызық емес немесе қажет болмауы мүмкін. Есе­сі­не, қазіргі жастар визуалды ақпаратты өң­деу, бағдарламалау тілдерін меңгеру жә­не цифрлық әлемде бағдар табу бойын­ша алдыңғы ұрпақтан көш ілгері. Яғни, біз то­пастанып жатқан жоқпыз, бейімделіп жа­тырмыз. Бұрынғы адамдар өз зама­ны­на сай ақылды болды, біз өз заманымызға сай­мыз. Егер қазіргі адамды XVIII ғасырға апа­рып тастаса, ол ештеңе істей алмай «ақы­мақ» болып көрінуі мүмкін. Ал XVIII ға­с­ыр­дың адамы смартфонды қолдана ал­май, біздің әлемде «топас» болып көрі­нер еді.
Алайда Флинн эффектісінің кері б­а­ғытқа кетуі адамзатқа үлкен ескерту. Бұл біздің биологиялық әлеуетіміздің тех­но­ло­гиялық мүмкіндіктерімізге ілесе алмай жат­қанының белгісі. Смартфон бізге әлем­ді сыйлағанымен, сол әлемді терең тү­сіну үшін қажетті аналитикалық а­п­парат­ты (миды) әлсіретіп алу қаупі бар. Сон­дықтан адамзатты тоқырауға ұшы­ра­ды деуге әлі ерте. Флинн эффектісі (IQ дең­­гейінің өсуі) де біздің миымыздың жаңа жағдайға бейімделіп жатқанын көр­сетеді. Қазіргі адамның миы абст­рак­тілі ойлауға, визуалды ақпаратты секунд­тар ішінде өңдеуге өте икемді.
Адамзаттың миы кішірейгенімен оның ақылды бола бастағанын ғалымдар ті­келей тамақтанудың жақсаруымен де бай­ланыстырады. Мидың дұрыс дамуы үшін қажетті дәрумендер мен ақуыздар жет­кілікті болуы керек. Бұған мектептегі бі­лім берудің ұзақтығы мен сапасының артуы да ықпал етіп отыр. Сондай-ақ тех­нологиялық прогресс адамдардан фи­зи­калық еңбектен гөрі, символдармен, жік­теулермен және логикалық схема­лармен жұмыс істеуді талап етеді. 

Клиптік ойлау қаншалықты қауіпті? 

Миды ақпаратты терең талдаудан айыратын тағы бір себеп – смарт­­­­фон. Біз ұзақ мәтін оқи алмайтын, бір іске 10 минуттан артық зейін қоя алмайтын «клип­тік ойлау» деңгейіне түстік. Клиптік ой­лау дегеніміз – әлемді біртұтас жүйе ре­тінде емес, бір-бірімен байланыспаған қыс­қа хабарламалар, бейнелер және жаңа­лықтар тізбегі ретінде қабылдау. 
Клиптік ойлаудың қалыптасуына әлеу­меттік желілердің алгоритмдері ті­ке­лей әсер етеді. Смартфондағы «лентаны» жыл­жыту мидың дофаминдік жүйесін үнемі қоздырып отырады. Әрбір жаңа, қыс­қа әрі қызықты ақпарат миға кіші­гі­рім рахаттану сигналын береді. Нә­ти­же­сін­де, зейін тұрақсызданады. Қазіргі адам­­ның бір нәрсеге зейін қою уақыты ор­таша есеппен 8 секундқа дейін қыс­қар­ған. Ми күрделі мақалаларды оқудан не­месе ұзақ лекцияларды тыңдаудан қа­ша­ды, себебі олар «тез дофамин» бер­мей­ді. 

Клиптік ойлаудың ең қауіпті тұсы – адам­ның аналитикалық қабілетінің тө­мен­деуі. Себеп-салдарлық байланысты құ­ра алмаған адам ақпаратты сыни тұр­ғы­дан өңдей алмайды. Адам  ақпараттың мә­ніне үңілмейді, тек оның визуалды қа­­­­бығына қарайды. Бұл фейк жаңа­лық­тар­дың тез таралуына және адамдардың жар­нама мен үгіт-насихатқа оңай сенуіне «жол ашады». Тағы бір қауіптілігі клиптік ой­лау логикаға емес, эмоцияға сүйенеді. Ло­гика әлсірегенде, адамдар манипуля-цияға тез түседі. Өйткені қызылды-жасылды су­рет немесе арандатушы тақырып терең дә­лелденген аргументтен гөрі көбірек се­нім тудырады. Мұндай ойлау тәсілі адам­ның тілі мен сөйлеу мәдениетіне де ке­рі әсер етеді. Ойды қысқа символдармен (эмодзи, стикерлер) немесе жаргон сөз­дер­мен жеткізу адамның ішкі әлемін си­паттау қабілетін шектейді. Ұзақ сөй­лем­дер құраудың қиындауы осы логи­ка­лық ойлаудың іргетасының шайқалып жатқанының белгісі.

Дегенмен кейбір зерттеушілер клип­тік ойлауды тек жаман құбылыс деп есеп­темейді. Олардың пікірінше, бұл – ақ­парат тасқынына қарсы мидың қор­ға­ныс механизмі. Қазіргі жастар бір уақытта музыка тыңдап, хат жазып, ақпарат іздей алады. Олардың миы ақпаратты секундтар ішінде сүзгіден өткізіп, маңыздысын тауып алуға бейімделген. Сондай-ақ клиптік ойлауы дамыған адамдар өзгермелі ортада тез шешім қабылдауға қабілетті.

2017 жылы Техас университетінің ға­лымдары қызықты эксперимент жа­сады. Студенттерді үш топқа бөліп, ког­ни­тивті тест тапсыртты. Бірінші топ смартфонды үстел үстіне (бетін төмен қаратып), екінші топ сөмкесіне, үшінші топ басқа бөлмеге қалдырады. Нәтиже­сін­де, смартфоны басқа бөлмеде болған­дар ең жоғары нәтиже көрсеткен. Тіпті, телефоны өшірулі болса да, ол жақын жерде жатса, мидың бір бөлігі телефонға алаңдамау үшін де энергия жұмсайтыны белгілі болды. Мұны Brain drain (мидың сар­қылуы) деп атады.

Жақсыны  – үйренбекке

Қазір әлем өте тез өзгеріп жатыр. Бұрын басқа дағдылар бағаланатын. Бү­гінде жаңа нәрселерді тез үйрену, жос­пар­ды өзгерту және жаңа жағдайға бейімделу мүм­кіндігі өте маңызды. Ал бұл үшін күш­ті эмоциялық интеллект (стрес­пен күресу үшін), әлеуметтік интеллект (бір­лесіп жұмыс істеу және басқалардан үй­рену) және шығармашылық интеллект (жаңа шешімдер табу үшін) қажет.
Сондықтан барлық «ақыл-ой бұл­шы­қет­теріңізді» жаттық­тыруды ұмытпаңыз. Кітап оқыңыз, адамдармен араласыңыз, жаңа нәрселерді көріңіз, эмпатияны дамытыңыз, сонда миыңыз толық қуатпен жұмыс істейді. Бұл та­қы­рыпта біржақты пікір әзірге болмай тұр. Ғылым «біз топастанып жатырмыз» деп кесіп айтпайды. Ондаған жылға созылған зерт­теулер нәтижесі де әртүрлі. Кейбір зерт­­теулер біздің қабілетіміздің тө­мен­­де­генін айтса, кейбірі мидың бейім­деліп жат­қанын алға тар­тады. Ми факті­лер­ді сақтау фун­к-циясын смартфонға жүк­­теп, өзі жылдам шешім қа­­былдау мен ақпаратты сүз­гі­ден өткізуге бейім­делуде.

Шын мәнінде, интел­лек­тіні бағалау өте күр­де­лі міндет. Бір ғана тест алып: «Міне, бүкіл адам­зат­тың интеллект деңгейі осын­дай!» деп айта салуға бол­майды. Ол үшін білім беру, ақ­паратқа қолжетім­ділік, әлеу­меттік-эконо­микалық жағдайлар сияқты көптеген факторды ескеретін кешенді тәсіл қажет. Бұл топырақтың са­па­сын оның тек бір қабатына қарап ба­ғалауға тырысқанмен бірдей.
Адам интеллектісі өте икемді жүйе. Үнемі жаңа жағдайларға бейімделеміз, жаңа технологиялар ойлап табамыз, оқи­мыз және дамимыз. Болашақта біз ин­теллектіні қазіргіге қарағанда мүлдем басқаша пайдалануымыз әбден мүмкін. Ең бастысы, интеллект дегеніміз жай ғана тесттегі ұпайлар жиынтығы емес, ол үй­ренуге, мәселелерді шешуге және өмір­ге бейімделуге деген қабілет екенін ұмытпауымыз керек. 

Жаңа бір нәрсені қалай үйренетініңіз­ді есіңізге түсіріңізші. Сіз сағаттап жат­тай­­сыз, бірақ ақпарат баста ешқашан бол­мағандай тез ұшып кетуі мүмкін. Ал кей­де бір рет оқыған нәрсеңіз жадыңызда ұзаққа сақталып қалады. Өйткені тек не оқитыныңыз емес, қалай оқитыныңыз да маңызды. Біздің миымыз  деректерді жай ғана «жүктей» салатын «қатқыл» диск емес. Ол – бір-бірімен үнемі байла­ныста болатын, жаңа байланыстар түзе­тін нейрондардың күрделі желісі. Осы байланыстар неғұрлым көп болса, соғұр­лым жақсы есте сақтайсыз.

Танымал нейробиолог, доктор Джон Смит: «Оқу процесі – жаңа ней­рондық жолдарды жасау. Сіз процеске неғұр­лым белсенді қатыссаңыз, бұл жол соғұрлым мықты болады», – дейді. 
Сонымен қатар, эмоциялардың орны бөлек. Егер оқу кезінде жағымды әсер ал­­саңыз, ми ақпаратты жақсырақ сақтай­ды. «Эмоциялар жадының күшейткіші ре­тінде қызмет етеді. Күшті эмоциямен бай­ланысты естеліктер әлдеқайда тұрақ­ты болады», – дейді когнитивті психоло­гия саласының маманы, доктор Эмили Браун. 

Адам баласына берілген ерекше сый – оның миы. Сондықтан жаңа бір нәрсе үй­ренгенде, оны қызықты әрі эмоцияға ерік беріп жасап көріңіз. Түрлі сезім мү­шелерін іске қосып, тақырыпты дос­тарыңызбен талқылап, алған біліміңізді іс жүзінде қолданудың жолын тапсаңыз, ұтқаныңыз. Сондай-ақ үзіліс жасауды ұмытпаңыз, миға да демалыс керек!

Тэгтер:

ми когнитив қабілет Brain drain ней­рон