Бақыт Злобин,
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының
Қорытынды-талдау секторының бас сарапшысы:
Адамға бағдарланған даму бағыты
– Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын күшейтуінде. Құжатта адам құқықтарын нақты қорғау, сот арқылы қорғану тетіктерін кеңейту және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқындау басым бағыт ретінде бекітілген. Мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік қағидаты институционалдық деңгейде нақтыланады.
Жобада ел дамуының құндылықтық негізі де айқындалған. «Әділетті Қазақстан», заң үстемдігі мен құқықтық тәртіп, жалпыұлттық бірлік, адам капиталы, білім, ғылым және инновация стратегиялық басымдық ретінде көрсетілген. Бұл даму моделінің сапалы білім мен ғылыми әлеуетке сүйенетінін білдіреді. Сонымен бірге егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіні нақты әрі қатаң бекітіледі.
Институционалдық жаңашылдықтар қатарында Құрылтайдың жоғары өкілді орган ретінде айқындалуы, Вице-Президент институтының енгізілуі және Конституциялық Сот рөлінің күшеюі бар. Бұл өзгерістер билік жүйесін тиімдірек ұйымдастыруға бағытталған.
Жоба құқықтық мемлекет қағидатын да тереңдетеді. Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде нақтыланып, «Заң және Тәртіп» ұстанымы іргелі қағидат ретінде бекітіледі. Азаматтарға өз құқықтарына тікелей әсер ететін нормативтік актілердің конституциялылығын Конституциялық Сотта даулау мүмкіндігі берілуі – құқықтық қорғауды күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар Конституция нормаларының тікелей қолданылуы, заңдардың кері күшінің болмауы және нормативтік актілерді ресми жариялау талаптары құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді.
Конституциялық нормалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін кешенді бақылау тетіктері қарастырылған. Конституциялық Соттың шешімдері міндетті сипатқа ие болады. Соттар да заң нормасының Конституцияға сәйкестігіне күмән туған жағдайда Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұған қоса, Үкіметке сенімсіздік білдіру және жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты арнайы рәсімдер секілді саяси жауапкершілік институттары сақталады.
Жоба халықаралық құқық стандарттарымен үйлесімді. Адам құқықтары, кемсітушілікке тыйым салу, сот арқылы қорғалу кепілдіктері сақталған. Әлеуметтік құқықтарға, соның ішінде еңбек ету, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайларына құқыққа ерекше мән беріледі. Сондай-ақ цифрлық дәуір талаптарына сай жеке деректер мен байланыс құпиясын қорғау мәселесі де ескерілген.
Қорытындыласақ, жаңа Конституция жобасы мемлекеттік тұрақтылықты сақтай отырып, заң үстемдігі мен адам құқықтарының басымдығына негізделген даму моде-лін қалыптастыруға бағытталған деп сеніммен айтуға болады.