«Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» тұжырымдамасы алдағы референдум мен жаңа Конституция жобасын талқылау аясында ерекше мәнге ие болуда.
Мемлекет басшысы атап өткендей, күрделі геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық үдерістерге қарамастан, Қазақстан жоғары халықаралық беделі бар қуатты мемлекет ретінде қалыптаса алды. Жаһандық турбуленттілік жағдайында бүгінде Әділетті Қазақстанды құру логикасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ел дамуының мақсаттары мен міндеттерін қайта өзектендіру айрықша маңызды.
Ел өз болашағын шынайы түрде кең ауқымда қоғамдық және институционалдық тұрғыдан қайта пайымдаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституция жобасын талқылау – бұл Негізгі заңның жекелеген нормаларын формалды түрде түзету емес, биліктің жаңа архитектурасы, мемлекеттік шешімдердің сапасы, мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілік балансы, сондай-ақ Қазақстанның алдағы ондаған жылдағы даму моделіне қатысты терең әрі мазмұнды диалог.
Жаңа Конституция жобасы қазіргі заманғы мемлекеттің құндылық бағдарларын айқындайды. Оның негізінде – Егемендік пен аумақтық тұтастық, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, билік тармақтарының тепе-теңдігі, институттардың есептілігі және биліктің халық алдындағы жауапкершілік қағидаты жатыр. Ел тарихында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық әрі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр. Бұл – мемлекетті өзіндік мақсат ретінде емес, азаматқа қызмет ететін құрал ретінде қарастыратын адамға бағдарланған даму моделіне көшу деген сөз.
Жаңа Конституция жобасының құндылық шеңбері айрықша маңызға ие. Кіріспе бөлімде соңғы жылдары жалпыұлттық қағидаттарға айналған бағдарлар бекітілген: әділетті мемлекеттік басқарудың негізі ретіндегі «Заң мен тәртіп», жауапты азаматтың адамгершілік идеалы ретінде «Адал азамат» тұжырымдамасы, сондай-ақ «Таза Қазақстан» қағидаты аясындағы экологиялық жауапкершілік пен табиғатқа ұқыпты көзқарас. Бұл ережелер елдің болашақ дамуының тек құқықтық қана емес, сонымен қатар моральдық-адамгершілік негізін қалыптастырып, билік деңгейінде де, қоғам деңгейінде де жауапкершілік мәдениетін орнықтыруға бағыт береді.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі әрі Егемендіктің иесі – халық екені туралы конституциялық норманың бекітілуі айрықша маңызға ие. Бұл іргелі қағида мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы есептілігін күшейтіп, ашықтыққа, диалогқа және жауапкершілікке негізделген басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.
Жоба аясындағы маңызды институционалдық жаңалықтардың бірі Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары консультативтік орган ретінде құрылуы деуге болады. Бұл институт өңірлердің, этностардың және әлеуметтік топтардың өкілдігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың үздік тәжірибелерін біріктіретін жалпыұлттық стратегиялық диалог алаңына айналуға тиіс. Халық Кеңесін құру – ел дамуы мен ұзақмерзімді мемлекеттік басымдықтарды айқындау мәселелері бойынша тұрақты, институционалдық негізде рәсімделген диалогқа деген қоғамдық сұраныстың көрінісі.
Конституциялық өзгерістердің ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өткен жөн. Ұлтаралық қатынастар – мемлекет пен қоғам тарапынан үнемі назарды талап ететін сезімтал әрі стратегиялық маңызды сала. Қазақстан халқы Ассамблеясы қызмет еткен жылдары бүкіл ел бойынша тармақталған құрылымдар желісін қалыптастырып, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Ассамблея өкілдерінің Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енгізілуі этномәдени бірлестіктердің қоғамдық-саяси маңызды шешімдерді әзірлеу үдерісіндегі үнін институционалдық тұрғыда күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа Конституция жобасын қолдау шынайы түрде жалпыұлттық сипатқа ие екенін атап өту маңызды. Астанада «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция құрылды. Оның құрамына жетекші саяси партиялардың өкілдері, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері енді. Облыс орталықтарында және өңірлерде аймақтық коалициялардың құрылуы қоғамның ел болашағын талқылауға жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді.
Қазақстандағы шешендер мен ингуштердің «Вайнах» қауымдастығының өкілдері бұл жұмысқа белсенді қатысып, жаңа Конституция жобасын жан-жақты қолдап, Ұлы дала этностарымен тең дәрежеде қоғамдық консолидация мен ел дамуына конструктивті үлес қосып келеді. «Әралуандылықтағы бірлік» қағидатын басшылыққа ала отырып, біз қарапайым, бірақ іргелі идеяға сүйенеміз: «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз».
Қазақстан вайнахтары Қауымдастығы алғашқы күннен бастап әріптестерімен бірлесіп өңірлерде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қауымдастық өкілдері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аймақтық коалицияларының қызметіне қатысуда. Қоғамдық көшбасшылар мен қауымдастық белсенділері халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, негізгі мәселелерді талқылап, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, алдағы референдумға ашық диалог пен саналы қатысуды қамтамасыз етуде. Мұндай жұмыс форматы ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін жеткізіп қана қоймай, қоғаммен тұрақты кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына толық сәйкес келеді.
Жаңа Конституция жобасы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен дәйекті саяси реформалардың заңды қорытындысы. Бұл өзгерістер қоғамның әділеттілікке, ашықтыққа және мемлекеттік басқарудың тиімділігіне деген сұранысын айқын көрсетеді. Құжатта саяси жүйенің жаңартылған архитектурасы бекітіліп, билік тармақтарының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысы бұрын жариялаған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы институционалдық тұрғыда бекітіледі. Бұл модель саяси жүйенің тепе-теңдігін, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, атқарушы биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады және елдің ұзақмерзімді даму міндеттеріне толық жауап береді.
Жаңа Конституция Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалыптастырады. Құжатта әлеуметтік кепілдіктерді нығайту, кәсіпкерлікті қолдау, ғылымды, мәдениетті және инновацияларды дамыту басымдықтары айқындалған. Жедел цифрландыру мен технологиялық трансформация жағдайында азаматтардың цифрлық құқықтары мен дербес деректерін қорғауға ерекше назар аударылған. Экологиялық күн тәртібі, елдің табиғи әлеуетін сақтау жауапкершілігі және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері де конституциялық деңгейде бекітіледі.
Жаңа Конституция жобасы заң үстемдігіне, адам қадір-қасиетін құрметтеуге, қоғамдық келісімге және биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне негізделген мемлекеттік дамудың заманауи философиясын қалыптастырады. Әңгіме Негізгі заңның жаңа мәтіні туралы ғана емес, ұзақмерзімді даму, азаматтардың әл-ауқаты және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған Әділетті Қазақстанның орнықты моделін қалыптастыру туралы болып отыр.
Біз – бір халық, бір елміз. Қоғам осы тарихи таңдауға қаншалықты жауапкершілікпен және саналы түрде қараса, Қазақстанның әділетті, прогрессивті әрі орнықты мемлекет ретіндегі болашағы соған байланысты.
Юсуп КЕЛИГОВ,
ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің теңтөрағасы