Еркін Жуасбек: Ғасырлық тарихымызды бейнелейтін қойылым әзірлеп жатырмыз

Бүгін, 15:00 / Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Биыл ұлт руханиятының қара шаңырағы Әуезов театры өзінің ғасырлық мерекесін атап өтеді. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан театр ғимараты жоспар бойынша биыл күзде пайдалануға берілуге тиіс. Ғасырлық белес туралы театр директорымен әңгімелескен едік.

– Биыл «Қазақ өнерінің қара шаңы­ра­­ғы» атанған Әуезов театрына 100 жыл толды. Қызылорда қаласында тұ­сауы ке­сілген іргелі өнер ордасының та­ри­хы­на көз жүгіртсек, күрделі де қиын бе­лестерден өткенін байқаймыз. Театр ал­ғаш құрылған жылдары театр­ға кө­рермен тарту, театр труп­па­сын жа­сақ­тау, қойылымдарды іріктеу ба­рысында түр­лі қызық жайттар бол­ға­нын естіп жа­тамыз. Сол шақтағы аңызға бергісіз оқи­ғаларды өз аузыңыздан естісек де­ген ойымыз бар. 

– XX ғасырдың 20-жылдарында театр қа­зақ қоғамы үшін шынымен де бұрын-соң­ды болмаған құбылыс еді. Ғасырлар бойы ауыз әдебиетіне, жыр мен айтысқа, салт-дәс­түр­лік көріністерге үйренген халық үшін сах­надағы драмалық әрекет тосын көрінді. Тірі адамның көпшілік алдында жылап-кү­ліп, бір сәтте «өліп», қайта тірілуі, бір адам­ның басқа біреу болып сөйлеуі кей көрер­мен­ге түсініксіз, тіпті күмәнді құбылыс бо­лып қабылданды. Алғашқы қойылымдардан кейін ел арасында: «Мыналар неге өтірік жы­лайды?», «Өлді дегені рас па, әлде ойын ба?» деген сауалдардың тууы – соның айғағы. Бұл кезең қазақ көрерменінің театр тілін ен­ді ғана танып, үйреніп жатқан шағы бо­ла­тын. Театр шындығы мен өмір шын­дығы­ның аражігі әлі ажырамаған еді. Сол себепті кей қойылымдардан кейін сахнадағы жа­ғым­сыз кейіпкерді ойнаған актерге ренжіп, тіп­ті оны жазғырған жағдайлар да болғаны айтылады. Кей аңыздарда бас кейіпкерге кө­мектеспек болып, көрермен сахнаға ұм­ты­лып, айқай-шу шыққан сәттер де кездеседі. Мұның бәрі қазақ көрерменінің театрды жасандылық емес, шын өмірдің жалғасы ретінде қабылдағанын көрсетеді. Яғни, сах­наның әсері тым күшті болған. Алғашқы жыл­­дары көрермен жинау да оңайға соқ­па­ған. Театр өнерінің мәнін түсіндіру, халықты жа­ңа өнерге үйрету қажет болды. Осындай кезде ұжым түрлі шығармашылық айлаларға бар­ған. Ел аузында сақталған әңгімелердің бірін­де кешкі қойылым алдында Әміре Қа­шаубаевтың театр маңында ән салып тұр­ғаны айтылады. Оның қоңыр да қуатты үні көшеге тарап, жұртты өзіне еріксіз тартқан. Ән тыңдауға келген халық біртіндеп театр за­лына да кіріп, спектакль көруге дағдылана бас­таған. Тағы бір кең тараған аңыз – гас-троль­дік сапарлардың бірінде болған оқиға. Уа­қытша сахна құрылымы әлсіз болып, қойылым үстінде декорация құлай жаздай­ды. Сол сәтте залда отырған Қажымұқан Мұңайтпасов еш ойланбастан сахнаға ұм­ты­лып, арқасымен тіреп, декорацияны ойын бойы құлатпай ұстап тұрған деседі. Осылай­ша, спектакль де, артистер де аман қалған. Бұл оқиға нақты дерек емес, алайда сол дәуір­дегі театрдың қандай жағдайда, қандай жанашырлықпен өмір сүргенін бейнелейтін сим­волдық аңыз ретінде айтылады. Мұндай әңгімелер алғашқы қазақ театрының тари­хында жетерлік. Олардың барлығы бір ғана шындықты аңғартады: театр халыққа жат өнер болған жоқ, қайта қазақтың жүрегіне бірден әсер еткен, сезімге тікелей ықпал ет­кен тірі құбылыс болды. Көрермен театрды бір­тіндеп танып қана қоймай, оны өз өмі­рінің, өз тағдырының бір бөлшегі ретінде қа­былдай бастады. Сол себепті қазақ театры қыс­қа уақыттың ішінде елдің рухани кеңіс­тігін­де берік орын алды. Актер жетпеді – 
бір адам бірнеше рөл ойнады. Актриса болмады – әйел адамды жігіттер өздері сомдады (Елубай Өмірзақовтың Еңліктің шешесі Қа­лампырды ойнаған күндері де болды). Жарық жетпеді – сөзге арқа сүйеді. Декорация болмады – қиялға ерік берілді. Ал көрермен келмесе, Әміре ән айтты. Оның даусы халықты театрға емес, өз рухына ша­қыр­ғандай еді. Қазақтың алғашқы кәсіби театры осылайша тәй-тәй басты.

– Театрды алғаш құруға ат салысқан­дар мен ең алғашқы режиссер, драма­тург, басшылық құрам және актерлар ту­ралы да айтып өтсеңіз. Театр қалай құрылд­ы? Кімдердің еселі еңбегі сіңді? 

– Қазақтың тұңғыш кәсіби театрының құ­рылу тарихы – бір ғана мекеменің емес, тұ­тас бір ұлттың рухани еңсесін тіктеу жо­лын­дағы үлкен арманның жүзеге асқан сәті деуге толық негіз бар. Бұл тарихи үдерістің бас­тауында тұрған тұлғалардың бірі әрі ал­ғаш­қы қазақ кәсіби театрының тұңғыш ди­рек­торы – Дінше Әділов (Дінше Мұхамед­жан­ұлы). 
Дінше Әділов – қазақ театрының алғаш­қы әкімшілік қазығын қаққан, сахнаның ар­тында тұрып, оның алға жылжуына жол аш­қан тарихи тұлға. Ол 1925-1926 жылдары Қы­зылорда қаласында құрылған қазақ дра­ма труппасының ұйымдастыру ісін тікелей бас­қарды. Бұл кезеңде театрдың тұрақты ғи­мараты болмады, кәсіби жүйе әлі қалып­тас­­паған еді, ал актерлік құрам енді ғана жа­­­­сақталып жатқан болатын. Осындай күр­делі жағдайда театрды басқару айрықша та­бандылық пен көрегендікті талап етті. Дін­ше Әділовтің негізгі еңбегі – труппаны жа­сақтау, актерлердің тұрмыстық мәселесін ше­шу, гастрольдік сапарларды ұйымдастыру, ре­пертуарлық бағытты айқындау, сондай-ақ теат­рдың мемлекеттік құрылым ретінде мойындалуына ықпал ету болды. Сол кезеңде директор қызметі тек әкімшілік міндетпен шек­телмей, ағартушылық әрі идеологиялық жауапкершілікті де қатар алып жүруді талап етті. Ұлт зиялыларының ортасында тәр­бие­лен­ген Дінше Әділов Алаш идеяларына жа­қын болып, ұлттық мәдениетті жаңғырту ісі­не белсене араласты. Ол театрды ойын-сауық мекемесі емес, халықтың санасын оятатын, ұлттың өзін-өзі тануына қызмет ететін рухани мінбер ретінде түсінді. Алайда 1930 жылдардағы кеңестік қуғын-сүргін оның тағдырын да айналып өтпеді. Тарихта Дін­ше Әділов есімі репрессия құрбандары­ның бірі ретінде аталады. Осы тарихи әділет­сіз­дік салдарынан оның есімі ұзақ жыл бойы рес­ми мәдени майданнан тасада қалып қой­ды. Бүгінде Дінше Әділовтің еңбегін жаңа­ша бағалау – қазақ театрының қалып­тасу тарихындағы шешуші тұлғалардың рөлін қайта тану деген сөз. 
Театрды алғаш құру ісіне сол дәуірдегі өзге де ірі ойшыл, мемлекет және қо­ғам қайраткерлері тікелей атсалысты. Жү­сіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды алыптар театрдың идеялық-шығармашылық негізін қалап, драматургия мен репертуар мә­се­лесіне ерекше көңіл бөлді. Қаныш Сәт­баев, Орынбек Беков сияқты қайраткерлер де бұл істің маңызын терең түсініп, қолдау көр­сетті. Ал 1925 жылдың күзінде театрды ұйым­дастыру жұмыстары сол кездегі Қазақ­стан Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуа­қа­совтың тікелей бақылауында болды. Мем­­­­лекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, бұл істің ресми әрі жүйелі түрде қолға алы­нуы – сол заман үшін аса батыл қадам еді. Театр құру үшін ел ішіне хабар таратылып, ха­лық арасында аты шыққан, жер-жердегі дарынды өнерпаздар – әнші, күйші, актер­лерге шақырту жолданды. Барлығы 23 адам­нан тұратын алғашқы құрам жасақталды. Қазақтың сол кездегі астанасы Қызылордаға ең алғашқылардың бірі болып Қостанайдан Серке Қожамқұловтың келуі – бұл істің бастауында тұрған символдық сәттердің бірі. Театр шаңырағын көтеріп, уығын тіктеуге алғашқы бас режиссер Серке Қожамқұловтың сіңірген еңбегі айрықша. Онымен бірге Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қа­пан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков сын­ды сахна саңлақтары театрдың алғашқы актерлік мектебін қалыптастырды. Өнердің әр саласынан келген тұлғалар да театрдың бол­мысын байытты. Төкпе ақын Иса Бай­зақов­тың отты жыры, атақты әнші Әміре Қа­шаубаевтың үні, балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың тұлғасы – сол кезеңдегі театрды нағыз халықтық, ұлттық сипатқа ие еткен ерекше құбылыстар болды. Соны­мен қатар театр өміріне Зуһра Атабаева, Мә­лике Шамова, Айша Абдуллина сынды ал­ғашқы актрисалардың белсене араласуы – қазақ сах­насындағы әйел бейнесінің қалып­тасуына жол ашты. Бұл да өз кезеңі үшін үлкен мәдени серпіліс еді. Осылайша, уақыт та­лабы орындалып, Алаш азаматтарының көп­тен күткен арманы жүзеге асты. 

– Театрдың негізін қалағандардың де­ні 1937-1938 жылдары қуғынға ұшы­ра­ғанын білеміз. Сахнада трагедиялық драмаларда ойнап жүріп, өз тағдырлары да кейіпкерлерінің тағдыры секілді тра­гедияға айналғанын сарғайған есте­лік­терден оқыдық. Мерейтой аясында театр­дың тұңғыш құрамын, олардың ғұмырнамасын арқау еткен тағылымды еске алу іс-шарасын өткізу ойларыңызда бар ма?  

– Иә, бұл мәселе біздің назарымызда. Театр­дың іргесін қалаған алғашқы буын өкіл­дерінің тағдыры – қазақ театры тари­хын­дағы ең қасіретті, әрі ең тағылымды бет­тердің бірі. 1937-38 жылдардағы саяси қу­ғын-сүргін қа­зақ мәдениетіне, соның ішінде театр өнеріне орны толмас зардап әкелді. Сахнада траге­дия­лық драмалардың ауыр жүгін көтерген көп­теген тұлғаның өз өмірі де сол кейіп­кер­лерінің тағдырымен астасып, трагедияға ұлас­қаны – тарихи шындық.
Осы орайда, мерейтой аясында театрдың ал­ғашқы құрамына арналған арнайы тағы­лымды еске алу іс-шарасын, нақтырақ айт­қан­да, театр музейі базасында мазмұнды көр­ме ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл көр­ме – құр естелік емес, тарихи әділеттілікті қал­пына келтіруге бағытталған рухани қа­дам болмақ. 
Көрме экспозициясында алғашқы қа­зақ кәсіби театрының қалыптасуы­на өлшеусіз үлес қосқан, кейін репрессия құр­ба­ны болған немесе тағдыры күрделі арнаға түс­кен тұлғалардың өмір жолы кеңінен қа­м­тылады. Атап айтқанда, режиссерлік жә­не драматургиялық ойлауымен қазақ сах­насының тілін байытқан Шахан Мусин, ұлт­тық драматургия мен психологиялық про­заның ірі өкілі, М.Әуезов театрының құ­рылу бастауында тұрған тұлғалардың бірі Жү­сіпбек Аймауытов, сондай-ақ алғашқы қазақ кәсіби театрының тұңғыш директоры, ұйымдастырушы тұлға Дінше Әділов сынды т.б. қайраткерлердің ғұмырнамасы деректі ма­териалдар арқылы ұсынылады. Айталық, Ша­хан Мусин 1932 жылғы аштыққа жаны төз­бей «Наркомға хат» деп аталатын 16 шу­мақтан тұратын өлең жазды. Осы туындысы үшін ол 1936 жылдан 1954 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылып, жалпы 18 жы­лын түрме мен айдауда өткізеді. Осы қаһар­ман жанның 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов театрында актерлік қыз­мет атқарғанын біреу білсе, біреу білмес. Көр­ме барысында архив құжаттары, сирек фо­тосуреттер, қолжазбалар, естелік үзін­ділер, театрдың алғашқы афишалары мен музей қорында сақталған бірегей жәдігерлер қойылады. Негізгі мақсат – алғашқы театр қайраткерлерінің тек шығармашылық жо­лын ғана емес, азаматтық болмысын, тағ­ды­рын, ұлт мәдениеті үшін істеген еселі еңбегін бүгінгі көрерменге тереңінен таныту. Бұл еске алу іс-шарасы арқылы біз театрдың жүз жыл­дық тарихындағы ең ауыр кезеңдерді ес­ке алып қана қоймай, сол буынның рухы­на тағзым етуді, олардың аманатына адал екенімізді көрсетуді өзімізге парыз санап отыр­мыз. Театр тарихын білу – өткенге үңілу ға­на емес, бүгінгі ұрпақтың рухани жауап­кер­шілігін арттыру деп білеміз.

– Айтып отырғаныңыздай, Әуезов театры тарихының өзі драмаға толы ғой. Сол шақты бейнелейтін қойылым керек сияқты...

– Иә, дұрыс айтасыз. Әуезов театрының ға­сырлық тарихы – өз алдына тұтас драма. Онда ұлттың тағдыры, рухани ізденісі, өнер үшін күрес, сенім мен күмән, үміт пен табан­ды­лық қатар өріледі. Сондықтан бұл тарих сах­налық тілде сөйлеуге әбден лайық деп есептейміз. 
Осы орайда биыл күзде, 100-маусымды қоры­тындалып, театр 101-маусымға қадам басар тұста, қадірлі көрермен назарына «Әуе­зов және театр» атты жаңа спектакль ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл қойы­лым­да Мұхтар Әуезовтің өмір жолы негізгі лейт-мо­тив ретінде алына отырып, қазақтың тұң­ғыш кәсіби театрының қалыптасу кезеңі көр­кемдік тұрғыда бейнеленеді.
Спектакльде Әуезов тұлғасы тек ұлы жазу­шы, драматург ретінде ғана емес, ұлттық театрдың идеялық негізін қалаған, оның тағдырына тікелей ықпал еткен тари­хи қай­раткер ретінде ашылады. Қойылым ар­қылы сол дәуірдің рухы, алғашқы актер­лер­дің жан­кешті еңбегі, театр өнерінің қо­ғам­дағы ор­ны, сондай-ақ шығармашылық жол­дағы іш­кі тартыстар мен рухани таң­дау­лар сахна ті­лімен көрерменге ұсынылады.
Бұл спектакль – бір адамның ғұмыр­на­масы емес, Мұхтар Әуезов атында­ғы Қазақ ұлттық драма театры тарихымен біте қайнасқан тұтас бір дәуірдің көркем ше­­жіресі болмақ. Біз бұл қойылымды мерей­той­­лық маусымның заңды жалғасы, әрі театрдың келесі ғасырлық жолына бағыт-бағ­дар беретін рухани дүние ретінде қабыл­даймыз.

– «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашыл­­ған театр осы ғасырлық уақыт бары­сында қанша қойылым сахналады? Театр музейінде олардың афишалары сақталған ба? Сол қойылымдардың маз­мұндық, жанрлық, тақырыптық ерек­шелігі туралы зерттеулер бар ма? 

– Ұлттық театрдың тарихы – бір ға­сыр­лық үлкен жол. Осы уақыттың ішінде сах­нада 500-ге жуық қойылым көрерменге ұсы­нылды. Бұл – бір ұжымның ғана емес, тұ­тас қазақ кәсіби театрының қалай қалып­та­сып, қалай өсіп-жетілгенін көрсететін үл­кен шығармашылық белес.
Осы тұста айта кету керек, театр музейі – қара шаңырақтың ең қымбат құтханасы. Өз жұмысын 500-ге жуық жәдігермен бастап, бүгінде олардың саны 200 мыңнан асып отыр. Қорда 30-жылдардан бастап осы күнге дейінгі қойылымдардың фотосуреттері, афи­шалары, бағдарламалары, өмірден озған театр әртістерінің өмірбаяны, жеке мате­риал­дары, қолжазбалары, алған сыйлықтары, сонымен қатар 30-жылдардан бастап көпте­ген спектакльде киілген алғашқы сахналық костюмдер сақтаулы.  Кейде сол афишаларды қо­лыңа алып қарасаң, әр кезеңнің тынысын, сол заманның көрермен талғамын, режис­сер­лік ойдың қалай өзгергенін анық сезесің. Бұл – қағазға түскен тарих қана емес, тірі өнер­дің ізі.
Бір ғана «Еңлік – Кебек» спектакліне қатысты деректер өз алдына бөлек та­рих. Ғасыр бойы сахнадан түспей келе жат­қан пьесаны ойнап жатқан бүгінгі артис­тер 8-буын. Музей қоры 13 қаңтар театрдың туған күніне орай «Ұлттық театрдың бастауы – «Еңлік – Кебек» қойылымы» атты көрмені ұсынды. Көрмеде әр кезеңде сахналанған  «Ең­лік – Кебек»  спектаклінен архивтік ма­териал­дар қойылды.  Сондықтан афишалар ғана емес, көптеген тарихи жәдігер сақталған музейіміз бар деп мақтанышпен айта ала­мыз. 
Зерттеу жұмыстарына келер болсақ, 100 жыл­дық қарсаңында, 13 қаңтарда «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық жә­не көркемдік трансформация» атты ха­лық­аралық ғылыми-теориялық конферен­ция өтті. Конференцияға шетелдік және отан­дық танымал ғалымдар, қоғам және өнер қайраткерлері шақырылды. Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы елдерінің өнертану докторлары мен профессорлары қатысты. Театрдың тарихы мен даму бағыты, болашағы жайлы зерттеулер қамтылған 15 баяндама оқылды. Одан бөлек, өзге де зерт­теу жұмыстары қосылған ғылыми жинақ дайындалып жатыр.  Мұның бәрі қазақ театр өнерінің қалай дамығанын, қандай жол­дар­дан өткенін, бүгінгі таңда қай бағытта дамып жат­қанын зерттеу үшін жасалып отырған жұ­мыс.

– Театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жоспар бойынша биыл күз­де берілуі керек. Жөндеу барысында ғи­мараттың бұрынғы архитектурасына өз­геріс енгізілмейтінін айтып жүрсіз. Театр сахнасының техникалық ме­ха­низ­мін заманауи құрылғылармен жаб­дықтау ісі қолға алынған ба?

– Театр ғимаратының күрделі жөндеуден өтіп жатқаны ел назарындағы тақырып бо­лып отыр. Жоспарға сәйкес, нысан биыл күз­де пайдалануға берілуге тиіс. Жөндеу жұ­мыстары барысында ғимараттың тарихи жә­не сәулеттік келбетін сақтауға ерекше мән бе­рілуде, яғни бұрынғы архитектуралық ерек­шеліктеріне өзгеріс енгізілмейді.
Жөндеу барысы Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінен бастап театр басшылығы мен тиісті қызметкерлердің тұрақты ба­қы­лауында. Жобаның әр кезеңі бекітілген та­лап­тар мен стандарттарға сай жүзеге асыры­лып жатыр.
Сонымен қатар театрдың сахналық кеңіс­тігін заман талабына сай жаңғырту да на­зардан тыс қалған жоқ. Сахнаның техни­калық механизмдерін жаңарту, жарық, ды­быс, көтеріп-түсіру жүйелерін заманауи нұс­­­­қаулықтар мен технологиялар негізінде жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Бұл өзгерістер шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, қойылымдардың көркемдік және тех­никалық сапасын арттыруға бағытталған.
Біз де театрдың белгіленген уақытта қол­данысқа берілуін күтіп, жаңа шығармашылық ізденістерге кірісетін күнді асыға күтеміз.

– Театрдағы жас буынның әлеуметтік жағ­дайы қалай?

– Театрдағы жас буынға әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Жас әртістер мен ма­ман­дар­дың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың шы­ғармашылықпен алаңсыз айналысуына мүм­кіндік жасау – маңызды бағыттардың бірі.
Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға ар­налған бірқатар әлеуметтік бағдарламалар бар. Театр жастары да жалпы мәдениет сала­сы қызметкерлері ретінде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларына, жеңілдетілген ипотекалық жобаларға, жалдамалы тұрғын үй тетіктеріне қатысу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар театр ұжымы шеңберінде де жас мамандарды қолдау мәселесі на­зар­дан тыс қалмайды. Жастардың кәсіби да­муы­на жағ­дай жасалып, тәжірибелі әріп­тестердің тәлім­герлігі, шығар­ма­шы­лық жобаларға тарту арқылы олар­дың өнер жолында ор­ны­ғуына қолдау көрсетіледі.

– Соңғы жылдары театр ғимараты жөндеуге берілген соң, Алматыдағы әр театр сахнасында өнер көрсетіп жүр­­сіз­дер. Бұл қолайсыздық театр жұмысына кедергі екені белгілі. Театр репертуарын жаңа қойы­лым­дармен толықтыру ісі қалай жүріп жатыр? 

– Иә, соңғы жылдары театр ғимараты күр­­делі жөндеуге жабылғаннан бері біз Ал­маты қаласындағы әртүрлі театрлардың сах­­­наларында өнер көрсетіп келеміз. Әрине, өз сахнаң болмау, өзге театрлардан сахнаны жал­ға алып, тіпті уақытты сағаттап, ми­нут­­тап өлшеп пайдалану – шығарма­шы­лық ұжым үшін айтарлықтай қо­лай­сыздық туғы­за­тыны жасырын емес. Мұндай жағдайда то­лыққанды репетиция жүргізу, сахналық із­деністерге еркін бару оңай бол­майды. Со­ған қарамастан, театр­дың шығармашылық өмірі тоқ­таған жоқ. Репетицияға мүмкіндік шек­теулі болса да, театр драматургтері мен ре­жиссерлері бірлесіп, өзіндік шы­­­­­ғар­ма­шы­лық жұмыстарды қолға алып отыр. Қойы­лымдардың драматур­гия­лық негізін әзірлеу, режиссерлік концеп­ция жасау, сахналық ше­шімдерді қағаз жү­зін­де пысықтау, жалға алып отырған офи­сіміздің би залында ре­пе­тициялар өткізу секілді жұмыстар үздіксіз жүр­гізілуде. Яғни, сахна уақытша қолже­тім­сіз болғанымен, ой мен идея тоқтаған жоқ.  
Репертуарды жаңа қойылымдармен толықтыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Әсіресе, театрдың 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған «Әуезов және театр» қойылымы – соның айқын дә­лелі. Аталған спектакль іргелі жоба ретінде дайындалуда. Бұл қойылымның маңызды ерек­шелігі – оның мемлекет тарапынан то­лық қаржыландырылуы, яғни мерейтойлық маусымға берілген жоғары мәдени маңыз­дың белгісі. Біз үшін бүгінгі қиындық – уа­қытша сынақ. Ал шығармашылық бағыт, ре­­пертуар саясаты, көркемдік ізденіс өз ар­на­сымен дамып келеді. Театр өз сахнасына орал­ған сәтте, осы кезеңде іште пісіп-жетіл­ген идеялар мен дайындықтардың барлығы нақты сахналық өмірге жол тартады деп сенеміз.

 – Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Тэгтер:

Еркін Жуасбек