«Қайрат» футбол клубы ресейлік команданы жеңді

19 ақпан, 2026 / Өтей Торғайұлы

Алматылық «Қайрат» Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясындағы соңғы кездесуін өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Төменгі Новгородтың «Пари НН» клубына қарсы екінші матч алматылықтар үшін шетелдегі жиындағы қорытынды ойын болды.

Кездесу  «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Есеп - 1:0. Осылайша алматылықтар бұған дейін ресейліктерде кеткен (3:4) есесін қайтарды.

РПЛ маусымының бірінші жартысынан кейін «Пари НН» 14 ұпаймен турнир кестесінде 14-орында тұр. Ресейлік клубтың бас бапкері Алексей Шпилевский бұған дейін «Қайраттың» бас жаттықтырушысы болған.

Айта кетейік, Түркиядағы екінші оқу-жаттығу жиыны барысында алматылық клуб төрт бақылау матчін өткізді: Ташкенттің «Пахтакорымен» (1:1), «Оренбургпен» (1:0), сондай-ақ «Пари НН»-ге қарсы екі ойын (3:4) және (1:0). Енді 28 ақпанда «Астана Аренада» «Қайрат» Қазақстан Суперкубогы үшін «Тобылға» қарсы матч өткізеді.
 

Тэгтер:

Футбол Қайрат РПЛ